Жаңалықтар

Депутат мұнай қалдықтарынан зардап шеккен тұрғындардың жанайқайын жеткізді

Депутат мұнай қалдықтарынан зардап шеккен тұрғындардың жанайқайын жеткізді
Фото: t.me/mazhilis_kz 27.03.2024 13:42 358

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай мұнай қалдықтарынан зардап шегіп отырған халықтың жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың айтуынша, Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Жұмажанов ауылының тұрғындары ауыл іргесіндегі таяқ тастам жерге төгілген мұнай қалдықтарынан зардап шегуде. Тұрғындар елді мекеннен небәрі 500 метр жердегі мұнай қалдықтары төгілген полигонның залалын талайдан бері айтып келеді, алайда қарапайым халықтың талап-тілегімен ешкім санасар емес.

Ауыл халқының тынысын тарылтып, тамағын қырнаған мұнай қалдықтарының жағымсыз иісі тұрғындардың мұңына айналуда. Денсаулығына алаңдаған жұрттың жанайқайын СЭС мамандары да, экологтар да назарына алмай келеді, - деді ол.

Жағдайды еріген су ушықтырып жіберген. Себебі мұнай қалдықтарын жинақтайтын полигонды су басып кеткен.

Қар суымен араласқан зиянды мұнай қалдықтары Сарысу өзенінің арнасына құйылса, оның экологиялық залалы үлкен болмақ. Суда жүзген балықтың, жүгірген аңның, жұттан қалған азын-аулақ малдың қырылуына себеп болуы бек мүмкін, - деді Аманжол Әлтай.

Депутат осы орайда Үкімет басшысы Олжас Бектеновке бірқатар талап-тілегін жеткізді:

  1. Дереу су ағып жатқан аумақта мұнай қалдықтарының төгілу дәлелдері анықталсын. Арнайы комиссия құрылып, сараптама жүргізу қажет.
  2. Ауыл тұрғындарының денсаулығына зиян келтіріп отырған іргедегі мұнай қалдықтары полигоны жабылсын.
  3. Тексеріс нәтижесінде заң бұзушылық анықталған жағдайда өндірістік мұнай тасымалдау мекемесіне қатаң шаралар қолданылсын.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға