Жаңалықтар

Депутат мүгедектігі бар адамдардың төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздігі мәселесін көтерді

Депутат мүгедектігі бар адамдардың төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздігі мәселесін көтерді
Фото: © Pixabay.com 22.02.2024 12:44 419

Сенатор Ләззат Қалтаева депутаттық сауалында мүгедектігі бар адамдардың төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемасын көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Депутат ол проблемаларды үш негізгі бөлікке бөліп айтты.

Дағдарыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде Covid пандемиясы, қаңтар оқиғасы, Алматыда жер сілкінген кезде қазақстандықтардың бұл әлеуметтік тобы ақпараттан мүлдем тыс қалды. Демек денсаулық пен өмірне қауіп төнгені анық. ТЖ қызметтері мүгедектігі бар адамдарды оларға арналған ұйымдарда соңғы рет 10 жыл бұрын оқытқан көрінеді, - деді ол.

Ләззат Қалтаева мүгедектерді құтқару және эвакуация мәселелерін де атап өтті. Зерттеу көрсетіп отырғандай, әкімдіктерде қозғалысы аз азаматтарды табу картасы жоқ, ал құтқарушылар мүгедек адамдарды эвакуациялау барысында олармен қарым-қатынас жасау дағдысын білмейді.

Үшіншісі – мүмкіндігі шектеулі азаматтар көбіне баспана және халықты уақытша орналастыру орындарына қол жеткізе алмайды. Әсіресе дағдарыс кезінде жиі белең алатын қылмыс пен зорлық-зомбылық туралы айтпағанның өзінде жағдай осындай. Мұндай жағдайда мүгедектер, әсіресе әйелдер мен балалар ең ауыр жағдайға душар болады, - деді депутат.

Осы ретте Ләззат Қалтаева аталған мәселені шешу мақсатында өзінің ұсынысын айтты.

Мүгедек адамдар ұйымдарынан сарапшыларды қатыстырып және ерекше қажеттіліктерін есепке ала отырып халықты оқыту, эвакуациялау, орналастыру және әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі жоспарлар әзірлеу керек. Мүгедектігі бар адамдардың ерекше қажеттілігіне сәйкес келетін баспаналарды жобалау және жарақтандыру, заманауи әдістер мен технологияны пайдалана отырып, әртүрлі науқасы бар адамдарға арналған ақпарат беру және оқытудың арнайы бағдарламасын әзірлеу қажет. Төтенше жағдай кезінде оларды іздеу және нақты көмек көрсету үшін қозғалысы аз азаматтардың бірыңғай дерек қорын құру қажет, - деді Ләззат Қалтаева.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға