Жаңалықтар

Депутат Ермұрат Бапи қазынаны жымқырған Назарбаев туыстарын тоқтатуды талап етті

Депутат Ермұрат Бапи қазынаны жымқырған Назарбаев туыстарын тоқтатуды талап етті
Фото: t.me/mazhilis_kz 31.05.2023 18:10 1109

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған сауалында халық қазынасын ұрлағандарға қатысты тың мәліметтерін айтып, әділеттілік орнату мақсатында ел президенті жариялаған науқанды ашық жүргізуді сұрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Халық қазынасынан ұрланып-жырланған активтерді елге қайтаруға қатысты зарықтырған заң жобасы ақыр соңы Мәжіліске түсті. Әзірге көз жүгіртіп шыққанда, оның шикі тұстары аз емес. Бірақ біз – егер шынайы халықтық депутаттары болсақ, бұл заңды елде әділет орнатудың бір инструментариі деңгейіне жеткізіп қабылдауымыз керек болады. Бұл принципті және күн тәртібінде тұрған ең маңызды мәселе. Біз клептократ ұрылар 30 жыл бойы талан-таражға салған халық байлығын, тым құрығанда, оның тең жартысын елге қайтаруымыз керек. Бұл кемінде 150 миллиард доллармен өлшенетін қазына, - деп атап өтті Ермұрат Бапи.

Депутаттың айтуынша, елден жылыстаған активтерге тықыр таянған сайын, клептократтар оны түрлі схемалармен әлемнің түкпір-түкпіріне тығу әрекетін жанталаса жасап жатыр.

Сондықтан, Берік мырза, біз Халықаралық журналистер концорциумының көмегімен өзіміз анықтаған ақпаратты сізге және тиісті тергеу орындарына жеткізуден жалықпаймыз. Талап қоюдан танбаймыз! Ал сіздер тиісті заңның қабылдануын күтпей, іске шұғыл кіріскендеріңіз жөн болады! Мен бұл клептократия тақырыбын атышулы «Қазақгейттен» бастап, 25 жыл бойы «ДАТ» газетінде жазып келем. Құдай бұйыртса, бұны Парламент партасынан жағым талғанша тағы бес жыл айта берем, - деп өзінің талабын білдірді.

Депутат қоғам үшін тың ақпаратымен бөлісті. Оның зерттеуінше, Қазақстанның газын сыртқа сататын Tethys (Тетис) компаниясы әлемдік газ-трейд компанияларының регистріне тіркелген. «Тетистің» басты иелерінің бірі Қайрат Шәріпбаевтың қызы. Ал ел ішінде таралған мәліметтер бойынша, Шәріпбаев – Дариға Назарбаеваға телініп жүрген күйеу.

Міне, осы «Тетис» фирмасы Қайрат Шәріпбаев басқарған мемлекеттік монополист «ҚазТрансГаз» Ұлттық компаниясының газын сыртқа сатып келген. Қазір журналист-зерттеушілер соңғы сегіз жылда бұл фирма Қайрат Шәріпбаевтың бақылауындағы APL (АйПиЕл) Construction компаниясы арқылы Батыс банкілеріне бірнеше миллиард доллар шығарғанын анықтады. Кейбір ашық ақпаратта 20 млрд доллар деген мәліметтер айтылып жүр, - деп қосты Ермұрат Бапи.

Егер бұл қоғамдық тергеу ісіне елдің Бас прокуратурасы мен тиісті антикорупциялық агенттіктер араласатын болса, бұл миллиардтардың көлемі мен шыққан жер-тегін тезірек анықтауға болады. Бұл миллиардтар бүгінде байлықтың ғана көзі емес, бұл енді билікке қайтадан араласудың мәселесі. Бұл қыруар қаржыға шынында да «жиырма мың терроршы» жалдауға болатынын атап өтті.

Екінші мысал айтайын. Бірақ, Берік мырза, сіз бұны да білесіз. Мәселен, Швейцария өкіметі Ғалымжан Есеновтың есеп-шотында орасан зор ақша жатқанын анықтады. Есенов – Есімовтың күйеу баласы. Ал Ахметжан Есімов – Нұрсұлтан Назарбаевтың етжақыны. Есеп-шот иесі бұл ақша өзіне тиесілі екенін дәлелдей алмаған соң, швейцариялық тергеушілер Ғалымжан Есеновтың қаржылық қызметі туралы не білесіздер деп, Қазақстанның Бас прокуратурасынан көмек сұраған екен. Мына қызықты қараңыз: Бас прокуратура швейцариялықтарға не деп жауап берген дейсіз ғой. Ғалымжан Есенов «сүттен – ақ, судан – таза», оған қатысты қозғалған іс жоқ депті сізге дейінгі Бас прокурор. Анығында, ел басшысы «Елбасының» бұйрығымен, Бас прокуратураның орындауымен Есеновке қатысты іс тоқтатылған екен, - деп нақтылады.

Депутат Ермұрат Бапи Бас прокурордан "Ұрланған активтерді елге қайтару мақсатында нақақ жабылған істі қайтадан қозғауға құлқыңыз бар ма?", деп сұрады.

Екінші сауал: осы Есенов мырза «Жусан банктің» бір иегері ретінде тұтастай бір банкті тегі – Бангладеш, азаматтығы – америкалық Рон Вахид деген күдікті операциялардың шеберіне басы бүтін беру әрекетін жасауда, дейді Журналистер концорциумы. Сіз құзырлы лауазымгер ретінде осы афераға қарсы қандай қимыл жасамақ ойыңыз бар?, - деп кезекті сауалын жолдады.

Мәжілісмен «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясы құрамынан стратегиялық маңызы бар «Транстелеком» компаниясы экс-президент Назарбаевтың немересі Нұрали Әлиевке берілгенін атап өтті.

Мен өзімнің сіздің атыңызға жолданатын жазбаша сауалымда бұл жекешелендірудің қыр-сырын толық жазып жіберем. Әзірге менің сізге жолдайтын сауалым: осы «Транстелеком» Нұрали Әлиевке 2015 жылы – 587 млн теңге; 2016-да – 940 млн теңге; 2017-де – 500 млн теңге дивиденд төледі. 2022 жылы төленген дивиденд 2,4 млрд теңгеге болды. Енді осыншама зор көлемдегі қаржы – бес миллардқа жуық заңсыз ақшаны тез арада мемлекеттің есебіне өндіріп алу керек, - деп түйіндеді Ермұрат Бапи.
       

Бас прокурор Берік Асылов ұрланған активтер туралы депутаттың бұған дейінгі сауалына құпия құжатпен жауап берген. Ал депутат әзірге құпия құжат оқуға, ондағы жауаптың жай-жапсарымен танысуға құзыры жоқ екенін айтты. Ал жоғарыда аталған фактілерге қатысты жауапты жария түрде беруді сұрады.

Елдегі жемқорлық және ұрлық қылмыстар туралы осындай деректерді қоғамға ашық жариялауға сізге не кедергі келтіруі мүмкін? Егер мұндай фактілер Бас прокурордың аузымен ашық айтылғанда, президент Тоқаевтың активтерді елге қайтару саясатына халықтың сенімі артпас па еді? Елде әлеуметтік әділеттілік орнату мақсатында ел президенті жариялаған науқанды ашық жүргізуге Бас прокуратура не себепті мүдделі болмай отыр?, - деп нақтылады Мәжіліс депутаты.
 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға