Жаңалықтар

Депутат «Болашақ» бағдарламасының жабылуына қарсы екенін айтты

Депутат «Болашақ» бағдарламасының жабылуына қарсы екенін айтты
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 12.06.2024 16:48 387

Мәжіліс депутаты Болат Керімбек ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға «Болашақ» бағдарламасы туралы ұсынысын айтты, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Депутат соңғы уақытта «Болашақ» бағдарламасына көңілі толмай жүргендердің көбейгенін тілге тиек етті.

Менің ойымша, бір-екі адамның жағымсыз әрекетінен, мыңдаған адамның жолын ашқан бірегей мемлекеттік бағдарламаны жабу деген дұрыс емес. Осы күнге дейін Болашақ бағдарламасы бойынша 12 мыңнан астам маман даярланған. Олар рейтингі жоғары оқу орындарының ғылыми дәрежесін алды, әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінде ғылыми және өндірістік тағылымдамалардан өтті, өтіп те жатыр, - деді ол.

Сөзінше, бағдарламаның арқасында қаржылай мүмкіншілігі шектеулі ауыл жастарына, мемлекеттік қызметшілерге, ғылыми және педагогикалық қызметкерлерге әлемнің ең мықты университеттерінде білім алуға зор мүмкіндік берілді.

Осыдан отыз жыл бұрын бастау алған жоба «мемлекетті білікті кадрлармен қамту тұрғысынан аса қажет» - десем, қателеспеймін. Бүгінде Болашақ түлектері Президент аппаратынан бастап, барлық маңызды мекемелер мен ұлттық компанияларда қызмет етіп жүр. Жалпы алғанда республиканың сапалы менеджментін құрап отыр. Одан бөлек, бағдарлама бойынша оқып келген, тағылымдамадан өткен түлектер әр түрлі салада еңбек етіп жатыр. Мәселен, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев мидың тамырларына жоғары технологиялық ота жасайтын санаулы дәрігердің бірі. Ол осы уақытқа дейін 6000-нан астам ота жасады, - деді Керімбек.

Сонымен қатар Медет Маханбет жаңа әдіспен құлақ қалқанын қалпына келтіріп жүргенін айтты.

Депутат жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Үкіметтен келесі шараларды қолға алуды ұсынды:

  1. Болашақ бағдарламасы көптеген Заң аясындағы актілермен реттелгендіктен, ол өз кезегінде құқықтық қиындықтар туындатуда. Сондықтан, Болашақ бағдарламасының құқықтық мәртебесін заң аясында Үкімет бекітуі тиіс.
  2. Шетелде қорғалған диссертациялардың электронды банкін жасақтау қажет. Бұл ғылыми жұмыстардың ашықтығын қамтамасыз етеді.
  3. Тиісті мемлекеттік орган стипендианттарға ел экономикасына қажетті тақырып бойынша ғылыми жұмысын жазуға тапсырыс беруі қажет.
  4. Оқуға құжат тапсыруды, кепілдікке қойылатын мүліктерді тіркеуді, тіркеуден шығаруды цифрландыру қажет. Бұл өз кезегінде ашықтықты қамтамасыз етеді.

Қорыта келе, болашақ ұрпақ пен білімді жастар үшін аса маңызды бағдарламаны жан-жақты жетілдіру мен оның маңыздылығын арттыру мақсатында ақпараттық-насихаттау жұмыстарын кеңінен жүргізу керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға