Депутат: Алдағы сайлау – мемлекетіміз үшін шешуші әрі маңызды науқан

Мұндай тәжірибе Израильде, Арменияда, Мексика мен Оңтүстік Кореяда қолға алынған.
parlam.kz
Фото: parlam.kz 07.09.2022 18:04 1661

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында президенттік мерзім 7 жылдан аспайтынын айтқан болатын. Бұл шешімді халықтың көпшілігі қолдап, оң көзқарас танытып жатыр. Парламент Мәжілісінің депутаты Әлия Абсеметова да бұған қатысты өз пікір білдірді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында айтқан президенттіктің қайта сайлану құқығынсыз 7 жылдық мандаты – бұл жалпы президенттік өкілеттілігінің мерзімін қысқартуға бағытталған шара болып отыр. Бұл – посткеңестік кеңістіктегі үлкен жаңалық және ол биліктің монополиялануына жол бермеуге бағытталғанын ескеру қажет. Қайта сайлану құқығынсыз жеті жылдық президенттік мерзім не үшін қажет деген сауалға жауап. Менің жеке ойымша, бұл мерзім ішінде кандидат өзіне жүктелген міндетін толық атқарып, бар пейілімен жұмысына ғана назар аудара алады. Екінші жағынан президенттің елге берген уәделері мен реформаларын барынша уақытында жүзеге асыруға өзі де мүдделі болады», – деді депутат.

Айтуынша, бұл шараның артында тиімділік, ел алдындағы жауапкершілік пен елдің өзі сайлаған мемлекет басшысына деген сенімі жатыр.

«Біз зайырлы, құқықтық әрі демократиялық мемлекетпіз. Жеті жылдық президенттік мандат президенттік билікті демонополизациялауға бағытталған конституциялық реформаның жалғасы деп түсіну керек. Естеріңізде болса, бұған дейін мемлекет басшысының саяси партия төрағасы болуына, президенттің туыстары мемлекеттік құрылымдар мен компанияларда лауазымды қызметтерге тұруына тыйым салынған болатын. Сондықтан бұл жаңашылдық жоспарлы түрде елдегі болып жатқан саяси реформалардың заңды жалғасы», – дейді Әлия Абсеметова.

Жалпы мұндай тәжірибе Израильде, Арменияда, Мексика мен Оңтүстік Кореяда қолға алынған. Қазіргі таңда Францияда жеті жылдық бір ретік президенттік мерзімді енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Сондықтан депутат Жолдауда айтылған жаңалықты қолдайтынын білдірді.

«Қазіргі таңда бұл мәселе төңірегінде көптеген пікірталастар, ойталқылар болып жатыр. Бұл дұрыс нәрсе. Алдағы сайлау – бүтін мемлекетіміз үшін шешуші әрі маңызды науқан. Сол себепті халықтың саяси сауатты болуы да үлкен рөл атқарады. Сайлау науқанындағы халықтың саяси белсенділігі тиісті деңгейде болса, біз өзімізге лайықты адамды президент ретінде таңдап аламыз дегенге сенімім мол», – деді Мәжіліс депутаты Әлия Абсеметова.


Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Жаңалықтар

Логотип сайта adebiportal.kz Логотип сайта baigenews.kz Логотип сайта baq.kz Логотип сайта e-history.kz Логотип telegram канала elinfo_kz