Депозит әлде пәтер: ақша жинаудың қай жолы тиімді?

Депозит әлде пәтер: ақша жинаудың қай жолы тиімді?
Фото: AI көмегімен жасалды

Көпшілік үшін ақша жинау – оны жұмсамай, банкте сақтау немесе долларға айырбастап қою. Ал кейбірі болашақта қымбаттайды деген үмітпен пәтер сатып алады. Бірақ ақшаны жай ғана сақтау мен оның құнын арттырудың арасында үлкен айырмашылық бар. Себебі инфляция кезінде шоттағы ақша көбейгенімен, сол ақшаға сатып алуға болатын тауарлар мен қызметтердің көлемі азаюы мүмкін.

Қазақстандықтар арасында кең тараған үш құрал – теңгелік депозит, жылжымайтын мүлік және доллар. Әрқайсысының артықшылығы болғанымен, ешқайсысы капиталды барлық жағдайда бірдей қорғай алмайды. Бірінде жоғары пайыздық мөлшерлеме бар, екіншісінде жалға беруден табыс табуға болады, ал үшіншісі ұлттық валюта әлсіреген кезде жинақты қорғауға көмектеседі.

Қаржы сарапшысы Асхат Смағұлов осы үш активтің ерекшеліктеріне тоқталып, инвестиция таңдағанда қандай факторларды ескеру керегін түсіндірді.

Депозит: жоғары пайыз әрдайым жоғары табыс емес

Қазақстандықтардың басым бөлігі үшін депозит – ақша жинаудың ең түсінікті әрі қолжетімді тәсілдерінің бірі. Әсіресе теңгедегі жоғары пайыздық мөлшерлемелер салымшылар үшін тартымды көрінеді. Алайда депозиттің жылдық сыйақы мөлшерлемесіне қарап қана шешім қабылдау дұрыс емес. Мұнда инфляцияны да есепке алу қажет.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының деректеріне сәйкес, 2026 жылғы қыркүйекте жеке тұлғалардың теңгемен жаңадан тартылған мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі толықтыру мүмкіндігі бар алты айлық депозиттерде 18,63%, ал 12 айлық депозиттерде 15,13% болған.

Мысалы, 10 миллион теңгені жылдық 15,13% мөлшерлемемен депозитке салсаңыз, бір жылдан кейін шамамен 1,513 миллион теңге сыйақы аласыз. Сонда шотыңыздағы қаражат 11,513 миллион теңгеге жетеді.

Бірақ бұл ақшаның нақты сатып алу қабілеті де дәл осындай көлемде өсті деген сөз емес. Себебі инфляция ақшаның құнын төмендетеді. Берілген есеп бойынша нақты кірістілік шамамен 5,3%-ды құрайды.

Қаржы сарапшысы Асхат Смағұловтың пікірінше, депозиттің тағы бір маңызды ерекшелігі – бүгінгі жоғары мөлшерлеме келесі жылдары да сақталады деген кепілдіктің болмауы.

Яғни салымшы депозит мерзімі аяқталғаннан кейін ақшасын қайта орналастырғанда, бұрынғыдан төмен пайыздық мөлшерлемеге тап болуы мүмкін. Әсіресе базалық мөлшерлеме өзгерген кезде банктер де депозит талаптарын қайта қарауы ықтимал, – дейді сарапшы.

Сондықтан депозитті таңдағанда тек пайыздық табысты емес, ақшаны мерзімінен бұрын алу шарттарын, салымның мерзімін және мемлекет кепілдігінің шекті сомаларын да ескерген жөн.

Пәтер сатып алу: бағасы өссе, пайдаға кенелесіз

Қазақстанда жылжымайтын мүлік әлі де капитал сақтаудың сенімді тәсілі ретінде қабылданады. Әсіресе Астана мен Алматы сияқты ірі қалаларда пәтер сатып алып, оны жалға беру кең тараған инвестициялық стратегиялардың бірі.

Алайда жылжымайтын мүліктен түсетін табыстың екі түрлі көзі бар: біріншісі – пәтер бағасының өсуі, екіншісі – оны жалға беруден түсетін кіріс.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылғы қыркүйекте Қазақстанда жаңа тұрғын үй бағасы бір жылда 10,9%-ға, қайталама нарықтағы баспана 7,9%-ға қымбаттаған. Ал тұрғын үйді жалға алу ақысы 16,7%-ға өскен.

Бір қарағанда, бұл жылжымайтын мүлік иелері үшін жақсы көрсеткіш. Дегенмен нарықтағы тағы бір өзгеріске назар аудару қажет. Қыркүйек айында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,3%-ға азайған. Ал қаңтар-қыркүйек аралығындағы төмендеу 5,6%-ды құраған,– дейді Асхат Смағұлов.

Бұл нені білдіреді? Тұрғын үй бағасы өскенімен, сатып алушылардың белсенділігі төмендеп келеді. Демек, пәтердің қағаз жүзіндегі құнының өсуі оны дәл сол бағамен оңай сатуға болады дегенді білдірмейді.

Асхат Смағұлов жылжымайтын мүлікті бағалағанда тек оның нарықтық құнына емес, жалға беруден түсетін табысқа да назар аудару керегін айтады.

Мәселен, пәтерді қымбат бағаға сатып алғанымен, жалға беруден түсетін кіріс инвестицияға жұмсалған қаражатты ақтамауы мүмкін. Оның үстіне, жөндеу, коммуналдық қызмет, салық, бос тұру кезеңі және басқа да шығындар бар.

Сондықтан пәтерді тек болашақта қымбаттайды деген үмітпен сатып алу – тәуекелі жоғары шешім. Инвестиция ретінде қарастырылған баспананың орналасқан жері, инфрақұрылымы, көлік қатынасы және жалға алушылар тарапынан сұранысы маңызды.

Доллар: теңгенің құнсыздануынан қорғай ма?

Қазақстандықтар арасында долларды жинақ ақшаны сақтаудың сенімді құралы деп санайтындар аз емес. Теңге әлсіреген кезде доллармен жиналған қаражаттың теңгеге шаққандағы құны артады. Бірақ бұл валютаның кез келген жағдайда пайда әкелетінін білдірмейді.

Мәселен, қолма-қол доллар сатып алып, үйде сақтасаңыз, одан пайыздық табыс түспейді. Сіздің пайдаңыз немесе шығыныңыз толығымен валюта бағамының өзгеруіне байланысты болады.

Ал долларды банктік депозитке салсаңыз, аз да болса пайыздық кіріс аласыз. 2026 жылғы 1 қазаннан бастап валюталық депозиттер бойынша ең жоғары мөлшерлеме жылдық 2,5%-ға дейін көтерілген. Дегенмен бұл теңгелік депозиттердің кірістілігімен салыстыруға келмейді. Мысалы, теңге долларға қатысты нығайса, валюталық жинақтың теңгемен есептегендегі құны төмендеуі мүмкін. Ал ұлттық валюта айтарлықтай әлсіресе, доллармен сақталған қаражат тиімдірек болады, – дейді AMarkets компаниясының қаржы сарапшысы Асхат Смағұлов.

Осы себепті долларды тек табыс табу құралы ретінде қарастыру дұрыс емес. Оның негізгі артықшылықтарының бірі – валюталық тәуекелді әртараптандыру.

Мәселен, болашақта шетелде білім алуды, емделуді немесе саяхаттауды жоспарлаған адамға қаражатының бір бөлігін доллармен сақтау тиімді болуы мүмкін. Өйткені мұндай шығындар шетел валютасымен есептеледі.

Сонда ақшаны қайда салған дұрыс?

Байқасақ, үш активтің де өзіне тән артықшылығы мен шектеуі бар. Бірі жоғары пайыздық табыс әкелсе, екіншісі жалға беруден кіріс түсіреді, үшіншісі валюта бағамының өзгеруінен қорғануға мүмкіндік береді.

Қаржы сарапшысы Асхат Смағұловтың түсіндіруінше, инвестор ең алдымен ақшаны қандай мақсатта жинап жатқанын анықтап алуы керек.

  • Депозит – ақшаны салыстырмалы түрде өтімді күйде сақтап, пайыздық табыс алғысы келетіндерге қолайлы. Бірақ мөлшерлеменің өзгеруі мен инфляцияны ескеру қажет.
  • Жылжымайтын мүлік – бастапқы капиталы жеткілікті, ұзақ мерзімді инвестицияға дайын және жалға алушылар сұранысы тұрақты нысанды таңдай алатын адамдарға тиімді болуы мүмкін.
  • Доллар – ұлттық валютаның әлсіреу тәуекелінен қорғанғысы келетін және болашақта шетел валютасымен шығындары болуы мүмкін адамдар үшін маңызды құрал.

Мұндағы басты мәселе – барлық қаражатты бір активке салмау. Инвестициялауда әртараптандырудың маңызы осында. Яғни жинақты мақсаты мен мерзіміне қарай бірнеше құралға бөлу арқылы тәуекелді азайтуға болады.

Ендеше ақшаны сақтаудың әмбебап формуласы жоқ. Депозиттің жоғары пайызы, пәтердің қымбаттауы немесе доллар бағамының өсуі өздігінен қаржылық табысқа кепілдік бермейді. Ең маңыздысы – активтің номиналды бағасына емес, инфляцияны, шығындарды және тәуекелдерді есептегеннен кейінгі нақты табыстылығына назар аудару.

Өйткені ақшаның көбейгені мен оның сатып алу қабілетінің артқаны – екі бөлек нәрсе.

Оқи отырыңыз