Жаңалықтар

Денсаулық объектілерінде «Терроризмге қарсы нұсқаулық» бекітілді

Қаңтар оқиғасынан кейін медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігі туралы заңнама қайта қарастырылды
Денсаулық объектілерінде «Терроризмге қарсы нұсқаулық» бекітілді
Фото: halyq-uni.kz 05.01.2023 12:47 1500

Бір жыл бұрын болған қақтығыс кезінде әкімшіліктер мен сауда үйлері ғана емес, ауруханаларға да шабуыл жасалып, қоршауға алынған болатын. Нәтижесінде жедел-жәрдем көліктері науқастарға уақытылы жете алмау фактілері тіркелген. Барлығы 45 арнайы автокөлік зақымданып, 7 қызметкер зардап шекті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл туралы Парламент мәжілісінің депутаты Ғалымжан Елеуов мәжіліс отырысында мәлімдеп, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа медициналық мекемелер мен қызметкерлеріне арналған заңнамалар туралы сауал қойды. Өз сөзінде дәрігерлердің мәртесін де тілге тиек етті.

«Қайғылы қаңтар уақытында жедел-жәрдемнің уақытылы көмек көрсетуі қиындады. Инфаркт, инсульт, босану, ұстама сынды азаматтардың өміріне қауіп төндіретін ауру кезінде Алматы тұрғындарына көмек көрсету қиындады. Қоршауға алынған ауруханалар террористер қысымына ұшырап, науқастарға қызмет көрсету деңгейі төмендеген болатын. Лаңкестер 5 стационар, 1 алғашқы медициналық-санитарлық көмек станциясы және 14 дәріханаға шабуыл жасады. Аталмыш оқиғалардан кейін қандай алдын алу шаралары іске асып, жаңа заңмалық нормалар қабылданды», - деді Ғалымжан Елеуов.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, Ішкі істер министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесе отыра денсаулық объектілеріне арнайы «Терроризмге қарсы нұсқаулық» бекітті. Қазір республика бойынша ауруханалардың 65%-ы нұсқаулыққа сай жабдықталып, паспортталған.

«Елімізде шұғыл медициналық көмек көрсету дағдыланған стандарттар бойынша жолға қойылған. Алайда ол кездегі жағдай бойынша біз үш кемшілік бойынша жұмыстарды қолға алдық. Олар: медициналық мекемелердің құқық қорғау органдарымен байланыстың болмауы; қызметкерлер мен мекемелердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеуі; қоршауда қалған ауруханаларда науқастарды тамақ және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете алмау. Қазіргі таңда барлық нұсқалар қарастырылып аурухалар арнайы жабдықтармен жабдықтандырылды», - деп жауап берді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Төтенше жағдайда науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін адам өмірі үшін қажет қор сақтау заңы қарастырылып жатқанын атап өтті. Мекемелерде 1 айға жетерлік дәрі, 6 айлық қан мен қан компоненттерінің қоры болуы керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға