Жаңалықтар

Денис Тен мемориалы биыл Астанада өтеді

Денис Тен мемориалы биыл Астанада өтеді
Фото: Спортты дамыту дирекциясы 18.10.2023 17:17 708

2-4 қараша аралығында Астана қаласындағы «Барыс Арена» кешенінде мәнерлеп сырғанаудан IV Денис Тен мемориалы өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл да ISU-дың Челленджер санатына кірген жарысқа 20-дан астам елдің спортшылары қатысады. Бұл қатарда Денистің достары да бар. Турнир кезінде жекелей сын (ерлер, әйелдер) мен мұзда билеуден үздіктер анықталып, ISU рейтингінің ұпайлары үлестіріледі. Сонымен қатар, жүлдегерлер қаржылай сыйақыға ие болады.

Мемориал жайлы

Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық турнир алғаш рет 2019 жылы Алматыда өткен. Сосын 2021 жылы Астанада, ал былтыр қайта Алматы қаласында ұйымдастырылған. Бір жыл бұрын Ұлттық құрама спортшыларынан жекелей сында Диас Жиренбаев қысқа және еркін бағдарламаны қосқанда тек грузин Ника Егадзеге есе жіберіп, 2-орын алған. Ал әйелдер арасында оңтүстік кореялық Минче Ким ешкімге дес бермесе, Анна Левковец жалпы есепте 2-орнын сақтап қалып, күміс медальге қол жеткізген.

Біздің анықтама:

ISU Challenger Series турнирлері 2014 жылдан бастап қыркүйектен желтоқсанға дейін өтеді. Жыл сайын ISU, яғни Халықаралық конькишілер одағы Челленджер сериясындағы  жарыстардың тізімін қайта бекітіп отырады.

Осы орайда Денис Тен ISU Challenger сериясындағы турнирлерде 3 мәрте жеңіске жеткенін айта кетейік. Отандасымыз 2009, 2014 және 2015 жылы Хорватиядағы «Zlatna pirueta Zagreba» (Golden Spin of Zagreb) турниріне барып, керемет өнер көрсетіп, 1-орын алған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға