«Демалыс маусымы басталды»: елімізде қосымша теміржол бағыты ашыла ма?

 ҚТЖ
Фото: ҚТЖ

Жауапты органдар жазғы демалыс маусымына дайындық жүргізіп жатыр. Соның ішінде жолаушылар тасымалын ұйымдастыру, сұранысы жоғары бағыттарды қамту және қосымша рейстерді іске қосу мәселелері қаралады. «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшылығы биыл 230 мыңға жуық адам Алакөл көлі курорттық аймағына қатынайды деген жоспарлап отыр. 

Маусымдық сұраныстың артуына байланысты жазғы кезеңде ҚТЖ 15 қосымша теміржол бағытын іске қосады. Алакөл бағытына пойыздар еліміздің ірі қалаларынан, соның ішінде Астана, Алматы, Семей, Өскемен, Қызылорда және Павлодардан қатынайды.

Қосымша пойыздар мен тіркеме вагондар келесі бағыттар бойынша ұйымдастырылады:

  • №54/53 «Нұрлы жол – Достық»;
  • №253/254 «Нұрлы жол – Достық»;
  • №207/208 «Алматы – Достық»;
  • №211/212 «Алматы – Достық»;
  • №221/222 «Алматы – Достық»;
  • №457/458 «Семей – Достық»;
  • №459/460 «Өскемен – Достық»;
  • «Қызылорда – Достық» тіркеме вагондары;
  • «Алматы – Достық» тіркеме вагондары;
  • «Павлодар – Достық» тіркеме вагондары;
  • №201/202 «Алматы – Нұрлы жол»;
  • №203/204 «Нұрлы жол – Шымкент»;
  • №205/206 «Ақтөбе – Нұрлы жол»;
  • №219/220 «Қарағанды – Балқаш»;
  • №231/232 «Алматы-2 – Семей».

Жазғы маусымда жолаушылар тасымалына сұраныс жыл сайын артады. Әсіресе курорттық аймақтар мен ірі қалаларға қатынайтын бағыттарға қызығушылық жоғары. Осы кезеңде жолаушыларға қызмет көрсету үшін 2 мыңнан астам вагон, оның ішінде стандартты вагондар, "Тальго" құрамдары және электр пойыздары пайдаланылады. Вагондардың 86 пайызы кондиционер жүйесімен жабдықталған. Барлық жылжымалы құрам жазғы тасымалға алдын ала дайындалып, техникалық тексеруден және санитариялық өңдеуден өтті, – деді "Жолаушылар тасымалы" АҚ Басқарма төрағасы Дияр Нүсіпқожанов.

Жолаушылар пойыздарында вагондарды тазалау және санитариялық-гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету бекітілген стандарттарға сәйкес жүргізіледі. Барлық бағытта жолаушыларға фильм көруге және музыка тыңдауға мүмкіндік беретін мультимедиялық ойын-сауық порталы қолжетімді. Ерекше қажеттілігі бар жолаушылар үшін арнайы жабдықталған вагондар қарастырылған. Сондай-ақ, билет рәсімдеу және вокзалдарда көмек қызметіне өтінім беру бойынша онлайн-сервистер жұмыс істейді.

Балалар тегін ұшады

«Kids Go Free» жобасы 2022 жылдан бастап Қазақстанда ішкі туризмді қолдау және дамыту мақсатында балалар үшін жеңілдік енгізілген. 2-ден 17 жасқа дейінгі балалар ел ішінде  ұшақпен тегін саяхаттайды. 

Бағдарламаға  шарттары:

  • Баланың жасы 2–17 жас аралығында болуы және Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек;
  • Бала ата-анасымен немесе жақын туыстарымен (атасы, әжесі, ағасы, әпкесі) бірге сапар шегуі қажет;
  • Туристік пакетті сатып алу кезінде балалардың әуе билеттерінің құны туроператор есебінен төленеді, кейін бұл шығын мемлекет тарапынан өтеледі.

Туризм және спорт министрлігінің сауалымызға берген жауабына сүйенсек  2025 жылдың басынан бері 176 бала Қазақстанның туристік аймақтарына тегін қатынаған. Жалпы 2022-2024 жылдар аралығында 5,5 мыңнан аса бала осы бағдарламаны қолданған. 

Оқи отырыңыз