Декреттік төлем неге азайды және енді қалай есептеледі?

Декреттік төлем неге азайды және енді қалай есептеледі?
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанда 2026 жылдан бастап жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемдерді есептеу тәртібі өзгерді. Соның салдарынан декреттік төлемдердің орташа мөлшері былтырғымен салыстырғанда төмендеген.

Неліктен төлем көлемі азайды?

Алматы қаласы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» филиалы директорының орынбасары Балғын Сәтбекқызының айтуынша, енді әлеуметтік төлемді есептеу кезінде әйелдің айлық табысы ең төменгі жалақының (ЕТЖ) жеті еселенген мөлшерінен аспайтын көлемде ғана есепке алынады.

2026 жылы бұл шек 595 мың теңгені құрайды. Яғни, әйелдің нақты жалақысы бұдан жоғары болса да, төлемді есептеу кезінде 595 мың теңгеден асатын бөлігі ескерілмейді.

Биылғы жылдың алғашқы алты айында жұмыс істейтін әйелдерге жүктілік пен босануға байланысты орта есеппен 1,4 млн теңге төленген. Өткен жылдың осы кезеңінде орташа төлем 1,6 млн теңге болған. Осылайша, көрсеткіш 254,9 мың теңгеге немесе 15,5 пайызға азайған.

Маманның сөзінше, әрбір әйелге төленетін әлеуметтік төлем жеке есептеледі. Ол соңғы 12 ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген табыс мөлшеріне және жүктілік пен босануға байланысты демалыстың ұзақтығына тәуелді.

Ең жоғары төлем қанша?

2026 жылы жұмыс істейтін әйелдер үшін жүктілік пен босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері 2 млн 499 мың теңгені құрайды. Бұл сома табыстың жеті ЕТЖ көлемімен шектелуі және 126 күндік стандартты декреттік демалыс негізінде есептелген.

Мысалы, әйелдің айлық жалақысы 600 мың теңге болса және ол 126 күндік жүктілік пен босануға байланысты демалысқа шықса, төлем нақты жалақысы бойынша емес, белгіленген 595 мың теңге шегі бойынша есептеледі. Соның нәтижесінде оған ең жоғары мөлшердегі 2 млн 499 мың теңге төленеді.

Сондай-ақ декреттік демалыс аяқталмай тұрып жұмысқа қайта шыққан әйел әлеуметтік төлемнен айырылады. Бұл жағдайда алушы жұмысқа шыққаны туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына хабарлауы тиіс. Өтініш негізінде төлем тоқтатылады және кейін қайта тағайындалмайды.

Біз бұған дейін  декреттік төлемдерді заңсыз алған 113 әйел сотталуы мүмкін екенін жазғанбыз. 

Оқи отырыңыз