Астанада өткен Қазақстан әйелдерінің X мерейтойлық UMAI форумы аясында «Анамның қолымен жасалған» көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде кәсіпкер әйелдер мен қолөнершілер өздері жасаған бұйымдарын көпшілік назарына ұсынып, тәжірибе алмасты. Олардың арасында бала күтімімен үйде отырған кезде кәсіп бастап, сүйікті ісін табыс көзіне айналдырған аналар да бар. El.kz тілшісі көрмеге қатысқан кәсіпкер әйелдермен әңгімелесіп, олардың бизнеске қалай келгенін және отбасы мен кәсіпті қатар алып жүрудің қыр-сырын білді.
Декретте жүріп кәсіп бастаған бес баланың анасы
Сыр өңірінің тумасы Гүлмира Нұрдәулетқызы – бес баланың анасы. Мамандығы бойынша ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Білім беру саласында 12 жылдық тәжірибесі бар ол бүгінде бала күтіміне байланысты демалыста жүр. Алайда декреттік демалыс Гүлмира үшін жаңа кәсіпті меңгеруге мүмкіндік берген.
Ол екі жылдан астам уақыттан бері авторлық керамикамен айналысып, ұлттық нақыштағы әшекейлер жасап келеді. Бала кезінен қазақы әшекейлерге қызыққан Гүлмира кейін осы бағытта арнайы білім алып, өз дизайнымен бұйымдар жасауды қолға алған.
Жастайымнан қазақы нақыштағы әшекейлерді қатты ұнататынмын. Декретте отырған кезде немен айналысуға болатынын ойлана бастадым. Содан өзіме ұнайтын іспен айналысуды жөн көріп, қазақы нақыштағы әшекейлер жасауды таңдадым, – дейді қолөнерші.
Гүлмира отбасымен үш жыл бұрын жолдасының жұмыс бабына байланысты Астанаға көшіп келген. Бүгінде ол өзі жасаған әшекейлерін түрлі көрмелерде таныстырып жүр. Айтуынша, бастапқыда хобби ретінде қолға алған ісі қазір отбасылық бюджетке айтарлықтай үлес қосып отыр.
Адам өзінің сүйікті ісімен айналысса, табысты болады деп ойлаймын. Аллаға шүкір, осы кәсібім бес баламды өсіріп, жеткізуге көп көмегін тигізіп жатыр, – дейді ол.
«Әйелдің де өз табысы болғаны дұрыс»
Бес баланың анасы үшін кәсіппен айналысу оңай емес. Балалары әлі кішкентай, арасында егіздері де бар. Осы себепті Гүлмира әзірге мұғалімдік қызметіне оралуды жоспарлап отырған жоқ.
Оның пікірінше, әйел адамның кәсіпте жетістікке жетуі үшін уақытты дұрыс жоспарлап, отбасы мен жұмыстың арасындағы тепе-теңдікті сақтай білуі маңызды.
Үйге де, кәсіпке де белгілі бір уақыт бөлу қажет. Әрине, бұл оңай емес. Бірақ тепе-теңдікті сақтай білсең, жетістікке жетуге болады, – дейді кәсіпкер.
Гүлмираның пікірінше, әйел адамның да өз табыс көзі болғаны маңызды. Әсіресе елордада көпбалалы отбасының бір адамның табысымен күн көруі оңай емес. Сондықтан ол әйелдердің мүмкіндігіне қарай кәсіппен айналысып, отбасылық бюджетке үлес қосқанын құптайды.
Бухгалтерліктен қолөнерге бет бұрған кәсіпкер
Көрменің тағы бір қатысушысы Гүлбаршын Бостанқызы бас киім тоқумен он жылға жуық уақыттан бері айналысып келеді. Мамандығы бойынша бухгалтер-аудитор, бұған дейін салық саласында қызмет атқарған. Алайда баласы бірінші сыныпқа барған кезде оған көбірек көңіл бөлу үшін жұмыстан кетуге шешім қабылдаған.
Сол кезеңде бос уақытында өзіне бас киім тоқи бастаған Гүлбаршын кейін өзгелерден де тапсырыс қабылдайды. Уақыт өте келе қолөнерге деген қызығушылығы негізгі кәсібіне айналған.
Алғашында өзіме бас киім тоқитынмын. Кейін адамдар тапсырыс бере бастады. YouTube арқылы, түрлі шеберлік сабақтарын сатып алып, тоқудың жаңа тәсілдерін үйрендім. Өзіме ұнаған үлгілерді тоқып, кейін оларға өз ерекшеліктерімді қоса бастадым, – дейді Гүлбаршын.
Бүгінде үш баланың анасы барлық бұйымын өз қолымен тоқиды. Оған өнім жасау ғана емес, оны сату, тұтынушылармен тілдесу де ұнайды.
Қолдан тоқылған бас киімдер қанша тұрады?
Гүлбаршын ұсынған бас киімдердің бағасы 8 мың теңгеден басталып, 25 мың теңгеге дейін жетеді. Мәселен, қолдан тоқылған панамалар шамамен 20 мың теңгеге, ал құлақшындар 16 мың теңгеден сатылады.
Кәсіпкердің айтуынша, бұл саланың өзіндік ерекшелігі – маусымдық сұраныс. Негізгі табыс күзден көктемге дейін түседі. Жаз мезгілінде де панама, тақия, кардиган секілді бұйымдарды тоқуға мүмкіндік бар. Дегенмен Гүлбаршын жазғы маусымды көбіне демалысқа арнайды.
Ол алғашқы тұтынушыларын әлеуметтік желі арқылы тапқан. Дайын бұйымдарының суреттерін жариялап, біртіндеп тапсырыс қабылдай бастаған. Кейін түрлі жәрмеңкелерге шақырту алып, өнімдерін көпшілікке тікелей таныстыруға мүмкіндік туған.
Өнім жасаумен қатар оны сатуды да үйрену керек
Он жылға жуық тәжірибесі бар қолөнершінің пікірінше, сапалы өнім жасау кәсіптің табысты болуы үшін жеткіліксіз. Кәсіпкер өз бұйымын тұтынушыға дұрыс таныстырып, сатудың түрлі тәсілдерін меңгеруі қажет.
Біз көп күш-жігерімізді өнім жасауға жұмсаймыз. Бірақ оны бәрі бірдей сата алмайды. Сондықтан әлеуметтік желілерді пайдалануды, өнімді таныстыруды және сатуды үйрену керек. Жәрмеңкелерге де қатысқан жөн. Ең бастысы – өз ісіңді жақсы көру, – дейді Гүлбаршын Бостанқызы.
Кәсіпкер UMAI форумы аясындағы көрмеге осымен екінші рет қатысып отыр. Оның сөзінше, мұндай іс-шаралар өнім өткізуге ғана емес, басқа қолөнершілермен, дизайнерлермен танысып, тәжірибе алмасуға да мүмкіндік береді.
Айта кетейік, «Анамның қолымен жасалған» көрмесіне 50 кәсіпкер әйел мен қолөнерші қатысып жатыр. Көрме отандық өнімдерді көпшілікке таныстыруға, кәсіпкерлердің жаңа тұтынушылар табуына, өзара тәжірибе алмасуына және іскерлік байланыс орнатуына мүмкіндік береді.