«Дайынды көшіргіміз келмеді»: 85 тарихи тұлға бейнеленген картина қалай дүниеге келді?

«Дайынды көшіргіміз келмеді»: 85 тарихи тұлға бейнеленген картина қалай дүниеге келді?
Фото: El.kz коллажы

Кейде бір картинаның өзі тұтас бір дәуірдің тарихын баяндайды. Ақтаулық суретші Инна Ермакованың шығармалары дәл сондай әсер қалдырады. Тарихи тұлғалар, ұлттық мұра мен авторлық техника тоғысқан туындылардың қалай дүниеге келетінін білу үшін суретшімен әңгімелестік.

– Соңғы уақытта Қазақстанның тарихы мен мәдениетін ерекше техникада бейнелейтін туындыларыңыз әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Мұндай үлкен қолдау мен танымалдықты күттіңіз бе?

– Бұл жетістікке бір күнде келген жоқпын. Кәсіби шығармашылық жолым 2000 жылы Маңғыстау өнер колледжін тәмамдағаннан кейін басталды. Біздің жұмыстарымыздың әлеуметтік желіде кең таралып, көпшілікке жетуі – команда болып атқарған ұзақ жылғы еңбегіміздің жемісі деп білемін. Ең қуантатыны – отандастарымыздың ыстық ықыласы. Көпшілік жылы лебізін білдіріп, қолдау көрсетіп жатыр, тіпті шығармашылығыма сүйіспеншілігін жеткізетін жандар да бар.

– Өнерге деген қызығушылығыңыз қашан басталды? Кәсіби біліміңіз шығармашылығыңызға қалай әсер етті?

– 10-11-сыныпта техникалық мектепте оқып, безендіруші-суретші мамандығын меңгердім. Соның арқасында Маңғыстау өнер колледжіне оңай түстім.

2000 жылы колледжді суретші-шебер және суретші-педагог мамандығы бойынша тәмамдадым. Кейін Санкт-Петербург гуманитарлық кәсіподақтар университетінде мәдениет саласы бойынша жоғары білім алдым. Сол жерде алған академиялық білімім бүгінгі шығармашылығымның берік іргетасына айналды.

– Өнермен айналысқаныңызға қанша жыл болды? Осы уақыт ішінде қанша шығарма жаздыңыз?

– Кәсіби шығармашылықпен 2000 жылдан бері айналысып келемін. Осы уақыт аралығында нақты қанша туынды жазғанымды айту қиын, бірақ олардың саны жүздеген деп сеніммен айта аламын.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Бүгінде жұмыстарыңызды бір көргеннен тануға болады. Авторлық қолтаңбаңыз қалай қалыптасты?

– Сурет салып жүргеніме 30 жылдан асты. Бірақ бүгінгі авторлық стилім шамамен бес-алты жылдың ішінде қалыптасты деп айтар едім. Бұл – тәжірибемен келетін дүние.

Соңғы алты жылда барельеф пен кескіндемені ұштастырып, оған табиғи тастар, күміс секілді сәндік элементтерді қосатын өзіндік техникамен жұмыс істеп келемін. Негізінен этнографиялық және тарихи композициялар саламын.

– Соңғы жылдары көптеген туындыңызды суретші Әсел Мұрзағалиевамен бірге жасап жүрсіз. Бұл шығармашылық тандем қалай қалыптасты?

– Әсел сегіз жыл бұрын студиямызға шәкірт болып келді. Кейін бірге жұмыс істей бастадық. Осы кезеңде жүз жыл бұрынғы қазақтардың қара-ақ фотосуреттеріне сүйене отырып тарихи картиналар жазу идеясын қолға алдық.

Кадрда Әсел Мұрзағалиева мен<strong> </strong>Инна Ермакова/фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Кадрда Әсел Мұрзағалиева мен Инна Ермакова/фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Кейбір адамдар жылдар бойы үйренеді, ал кейбірінің табиғи таланты бәрін тез меңгеруге мүмкіндік береді. Әсел сондай адамдардың бірі.

Жұмыс барысында ол көбіне барельеф бөлігін бастайды, ал мен кескіндемемен айналысамын. Кейде бір адамның жүзін бірге отырып аяқтаймыз. Әсіресе тарихи тұлғаның келбеті дәл шығуы маңызды болса, екеуміз де жұмысқа араласамыз. Біз әрдайым классикалық суретшілердің тәжірибесіне сүйенеміз.

– Шығармаларыңызда сәндік сылақ, табиғи тастар, күміс, киіз, көне қазақ кілемдері секілді ерекше материалдарды пайдаланасыз. Бір картинаның дүниеге келу процесі қалай өтеді? Мұндай материалдарды таңдауыңыздың сыры неде?

– Карантин кезінде арт-бетонға қызығып, студиямыздың қабырғасына цементтен киіз үй жасадық. Кейін сол тәжірибені кескіндемеге енгізіп, картиналарға мүсін элементтерін қосуды жөн көрдік. Тек цементтің орнына сәндік сылақты қолданатын болдық.

Ал кілемге келсек, бәрі көршіміз Айсұлу апайдан басталды. Көшер кезде ол бізге өз тарихы бар екі жүн кілемін сыйлады. Бұрын мұндай кілемдер отбасының ең бағалы дүниелерінің бірі саналатын. «Бұлардың қадірін өздерің білесіңдер» деп тапсырды.

Содан біз сол кілемдердің негізінде «Айсұлу» және «Адай» атты екі туынды жасадық. Оларды кестемен, тастармен, моншақтармен толықтырдық. 2024 жылы Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында осы жұмыстар сатылды. Кейін адамдар бізге ескі кілемдерін әкеле бастады. Қазір олардың бір бөлігін картиналарға жақтау ретінде қолдансақ, енді бір бөлігін тұтас инсталляция жасауға пайдаланамыз.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Асель (@murzaul)

– Туындыларыңыздың басым бөлігі Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне арналған. Неліктен дәл осы бағытты таңдадыңыз? Өзге қандай жанрларда жұмыс істейсіз?

– Негізі кез келген жанрда жұмыс істей аламын. Маринистік бағытта да сурет саламын. Ұзақ уақыт фотосуретке қарап портреттер жазып, тапсырыстар орындадым.

Алайда жас ұлғайған сайын тарихи және этнографиялық сюжеттік композицияларға көбірек қызыға бастадым. Бұл мен үшін әлдеқайда күрделі әрі жауапты бағыт.

Колледждегі ұстаздарым туған жерге деген сүйіспеншілікті бойымызға сіңірді. Сондықтан өз өлкемнің табиғатын ғана емес, сол жерде өмір сүрген адамдардың тарихын, болмысын өнер арқылы жеткізуді маңызды санаймын.

– Қазақстан тарихындағы 85-ке жуық тұлға бейнеленген ауқымды картинаңыз жұртшылықтың ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл идея қалай дүниеге келді? Кейіпкерлерді қандай қағидамен іріктедіңіздер?

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Асель (@murzaul)

– Бұл жұмыс бастапқыда тапсырыс негізінде басталды. Тапсырыс берушілер музейдегі бір картинаның көшірмесін жасауды ұсынды. Бірақ біз дайын дүниені қайталаудан гөрі өз композициямызды жасауды жөн көрдік.

Осыған дейін көлемі 3,5×2 метр болатын үлкен туындылар сериясын жасадық. Әр картинада сіріңке қорабындай ғана өлшемдегі 75-85 портрет бейнеленген. Онда Түрік қағанатынан бастап алғашқы қазақ хандары, Екінші дүниежүзілік соғыс батырлары, қазақ зиялылары және қазіргі заман қайраткерлеріне дейінгі ел тарихында із қалдырған тұлғалар қамтылған.

Картинадағы кейіпкерлерді тарихи хронология бойынша орналастырдық. Сол жақтан Алтын адамнан бастап, Түрік қағанаты, қазақ хандары, кейінгі тарихи кезеңдер арқылы қазіргі заманға дейін жеткіздік.

Барлық маңызды тұлғаны бір туындыға сыйғызу оңай болған жоқ. Тек хандардың өзі өте көп. Мұндай көлемдегі жұмысты аяқтауға шамамен екі-үш ай уақыт кетеді.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Осындай көлемді еңбектер сатылымға шығарыла ма? Картиналарыңызды көбіне кімдер сатып алады?

– Қазіргі уақытқа дейін осындай бес үлкен картина жаздық және олардың барлығы тапсырыспен орындалды. Енді арнайы көрме үшін сондай форматтағы жаңа жұмыс жазуды жоспарлап отырмыз.

Меніңше, картина – сәндік интерьер бұйымы ғана емес, болашақта музей экспонатына айналуы мүмкін мәдени құндылық. Біздің еңбектерімізді көбіне өнерді бағалайтын адамдар сатып алады.

Иә, шығармашылық – біздің негізгі кәсібіміз. Суретшінің еңбегі де кез келген мамандық иесі сияқты үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап етеді.

– Ақтаудағы «Пристань» шығармашылық студиясын ашуға не түрткі болды? Осы жылдар ішінде қанша шәкірт тәрбиеледіңіз?

– Дипломдық жобам дәл осы «Пристань» шығармашылық студиясына арналған болатын.

Қазір бұл – екі суретшінің шеберханасы. Жалпы, оқушылармен жұмыс істеп келе жатқаныма шамамен 25 жыл болды. Ал «Пристань» студиясының жұмыс істеп келе жатқанына 16 жылдан асты.

Осы уақыт ішінде бірнеше буынды сурет салуға үйреттім. Бұрын талапкерлерді өнер колледждері мен шығармашылық емтихандары бар жоғары оқу орындарына дайындайтынмын.

Ересектер үшін сурет салу – жан тыныштығын табатын орын. Мұнда адамдар бір-бірімен араласады, жастық шағында жүзеге асыра алмаған армандарын орындайды. Тіпті біздің студияда сурет салу арқылы ауру мен депрессияны жеңген адамдар да болды. Бұрынғы шәкірттерімнің арасында бүгінде көрмелерге қатысып, өз студияларын ашқан кәсіби суретшілер бар.

– Бейнелеу өнерімен қатар ERMAC бренді аясында дизайнерлік киімдер мен аксессуарлар да жасап келесіздер. Өнер мен сәнді тоғыстырған бұл бағыт қалай дүниеге келді?

– Бұл идея анамнан басталды. Ол қолөнерді жаңғыртуға арналған бағдарлама аясында киіз басуды үйреніп, кейін оны кәсіби деңгейге жеткізді.

Қазір ол біздің авторлық дизайн бойынша пальто, көйлек, кеудеше, тақия секілді бұйымдар жасайды. Осы іспен айналысқанына он жылдай болды.

Анам студияда шеберлік сабақтарын өткізеді, бізбен бірге көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысады. Киізден жасалған бұйымдарымыз картиналарымызды толықтырып, тұтас инсталляцияға айналады.

– Халықаралық және республикалық көрмелерге жиі қатысасыз. Өзіңіз үшін ерекше бағалайтын жетістігіңіз қайсы?

– Қалалық, облыстық көрмелер мен байқауларға тұрақты қатысып келемін. Бірнеше жеке көрмем өтті. Өткен жылы Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде жеке көрмеміз ұйымдастырылды.

2024 жылы халықаралық Golden Time Talent онлайн байқауында этнокомпозиция номинациясы бойынша екі картинамыз бірінші орынға ие болды. Осы жеңістен кейін бізді Лондонда өтетін көрмеге шақырды. Алайда ол Дүниежүзілік көшпенділер ойындарымен тұспа-тұс келгендіктен бара алмадық.

Бұдан бөлек, 2023 жылы Бакудегі Expo көрмесіне, сондай-ақ Үрімшіде өткен Маңғыстау күндеріне қатыстық.

– Картиналарыңыз арқылы көрерменге қандай ой жеткізгіңіз келеді?

– Ең алдымен Маңғыстаудың сұлулығын көрсеткім келеді. Қазір өңірімізге Бозжыраны, Каспий теңізін көруге көптеген турист келеді.

Ал мен өз жұмыстарымда тек табиғатты ғана емес, осы жерде өмір сүрген және өмір сүріп жатқан адамдарды, олардың тұрмысын, салт-дәстүрін де танытқым келеді.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Қазір қандай жаңа жобалармен айналысып жатырсыздар?

– Қазір көрме үшін жаңа ауқымды картина жазуды жоспарлап жатырмыз. Осыған дейінгі жұмысымызды көпшілік негізінен интернеттен ғана көрді. Бұл жолы көлемі 4×2 метр болатын жаңа шығарма әзірлеуді көздеп отырмыз. Онда шамамен 100 тарихи тұлға бейнеленбек. Егер бәрі ойдағыдай болса, күзде оны Астанада өтетін көрмеде көпшілік назарына ұсынамыз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Оқи отырыңыз