Бұрын біреумен сөйлесу үшін үй телефонына қоңырау шалатын едік. Ұялы телефон мен мессенджерлер пайда болғалы қарым-қатынасымыз да өзгерді. Қазір көпшілік қоңырау шалудан гөрі хабарлама жазғанды жөн көреді. Тіпті сөйлем соңындағы нүктенің өзі кейде реніштің белгісіндей сезіледі. Ал ұзақ дауыстық хабарламаларды көп адам тыңдағысы келмейді. Мұның себебі неде?
Неге қоңыраудан қашатын болдық?
Бейтаныс нөмірден қоңырау түссе, «кім екен?», «не болды?» деп алаңдайтындар аз емес. Себебі телефон тұтқасын көтергенде әңгіменің не туралы болатынын білмейсіз әрі жауапты сол сәтте беруіңіз керек.
Ал мессенджерде асықпай ойланып, жауабыңызды жазуға мүмкіндік бар. Сондықтан көпшілік үшін хат алмасу ыңғайлырақ.
Телефондағы әңгімені аяқтау да кейде оңай емес. Әңгімелесіп отырған адамның сөзін бөліп, тұтқаны қоя салуға ыңғайсыздануыңыз мүмкін. Ал мессенджерде хабарламаға бірден жауап беру міндетті емес. Қолыңыз босағанда жауап бере аласыз.
«Жақсы» мен «Жақсы.» неге екі түрлі қабылданады?
Мессенджерлер жазу мәнерімізге де әсер етті. Мысалы, «Жақсы» деген жауап қалыпты естілсе, соңына нүкте қойылған «Жақсы.» сөзі кейде салқындықты немесе ренішті білдіргендей әсер қалдырады.
Күнделікті хат алмасуда адамдар сөздің мағынасына ғана емес, оның қалай жазылғанына да мән береді. Тіпті смайликтердің өзін әркім әртүрлі түсінуі мүмкін. Бірі оны жылы қарым-қатынастың белгісі деп қабылдаса, енді бірі керісінше салқын немесе мысқыл аралас жауап деп түсінеді.
Бетпе-бет сөйлескенде адамның көңіл күйін дауысынан, бет әлпетінен аңғарамыз. Ал хат алмасқанда мұның орнын тыныс белгілері, смайликтер мен қысқа жауаптар басады.
Дауыстық хабарламаны неге ұнатпаймыз?
Дауыстық хабарлама жіберу оңай. Ұзақ мәтін терудің орнына ойыңызды бірден айтып жібересіз. Алайда бұл оны қабылдаған адамға әрдайым ыңғайлы бола бермейді.
Мысалы, бірнеше минуттық аудиода кездесу уақыты немесе мекенжай айтылса, кейін сол ақпаратты табу үшін хабарламаны қайта тыңдауға тура келеді. Ал мәтін түрінде жіберілген ақпаратты чаттан оңай тауып алуға болады.
Дауыстық хабарламаны кез келген жерде тыңдау да қолайлы емес. Жұмыста, қоғамдық көлікте немесе адамдар көп жерде аудионы кейінге қалдыруға тура келуі мүмкін. Оның үстіне мәтінді жылдам оқып шығуға болатын болса, ұзақ аудионы соңына дейін тыңдау уақыт алады.
Сондықтан дауыстық хабарлама жіберушіге ыңғайлы болғанымен, оны қабылдаған адамға қолайсыздық тудыруы мүмкін.
Дегенмен дауыстық хабарламадан мүлде бас тартудың қажеті жоқ. Жақын адаммен әңгімелескенде немесе эмоцияны жеткізуде бұл тәсіл ыңғайлы. Ал жұмысқа қатысты тапсырма, уақыт, мекенжай немесе телефон нөмірі сияқты нақты ақпаратты мәтінмен жіберген дұрыс.
Болашақта қалай сөйлесеміз?
Технология дамыған сайын адамдардың байланысу тәсілі де өзгере береді. Видеоқоңырау, жасанды интеллект пен виртуалды шындық күнделікті өмірге біртіндеп еніп келеді. Дегенмен адамдардың қарым-қатынасы толығымен виртуалды әлемге көшеді деу қиын.
Қазірдің өзінде әркім өзіне ыңғайлы тәсілді таңдайды. Бірі телефонмен сөйлескенді ұнатса, енді бірі хабарлама жазғанды немесе дауыстық хабарлама жібергенді жөн санайды.
Бір кездері телефонға жауап бермеу әдепсіздік саналса, бүгінде алдын ала ескертпей қоңырау шалу кей адамға қолайсыз болуы мүмкін. Демек, технологиямен бірге сөйлесу әдебі де өзгеріп келеді.