Жаңалықтар

Дәулет Тұрлыханов Астанадағы «Өндіріс» тұрғын алабының басты проблемасын атады

Дәулет Тұрлыханов Астанадағы «Өндіріс» тұрғын алабының басты проблемасын атады
Фото: instagram.com/daulet_bolatuly_turlykhanov 12.04.2023 11:33 1380

Депутаттың айтуынша, «Өндіріс» тұрғын алабы тұрғындары теміржолдан өтерде көліктер кептеліске тап болады.

«Маневрлік жұмыстың үлкен көлеміне, жүк және жолаушылар пойыздарының қозғалысына байланысты станцияның жұп сан жағы паркінде (локомотив депосынан Өндіріс тұрғын алабына дейін) пойыздар құрамы кейде жолдарда тоқтап, ұзақ уақыт тұратын кездер болады. Сондай кездерде балабақшаға баратын балалармен мен ата-аналар, мектепке, жұмысқа асыққан тұрғындар, тіпті қариялар жыл бойы вагондардың астынан өтуге мәжбүр», ­– деді депутат.

Мұның соңы қайғылы жайтқа әкелетіні айтпаса да түсінікті. Айналма жолдың жоқтығы оқыс жағдайда да қиындық туғызатыны анық.

«Айналма жолдың болмауы жедел қызметтердің жұмысын қиындатады. Өрт сөндіру, жедел жәрдем, полияция қызметкерлері келіп жеткенше, ауру науқас жан тапсырып, өртенгені өртеніп, жанғаны жанып, сол жердегі тұрғындарға зияны тиіп жататын кездер де жоқ емес. Қала билігі бұл мәселені бірнеше жыл бойы шешуге уәде бергенімен, әзірге өзгеріс жоқ», – деді ол депутаттық сауалында.

Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Конституция көшесінен Угольная көшесіне дейінгі шағын айналма жолдың 4 учаскесін салу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Осы жоба аясында Угольная көшесі мен Ш.Бейсеков көшесінің қиылысында көлік айрығын, Ақжол көшесінен Конституция көшесіне дейін Ш.Бейсеков көшесі бойынша теміржол арқылы өтетін жол өтпесін, Ш.Бейсеков көшесі мен Конституция көшесінің қиылысында көлік айрығын салу көзделген.

«Сайлаушыларымыздың қажеттіліктерін ескере отырып, «Өндіріс» тұрғын алыбындағы жоғары аталған орындарға шағын айналма жол, көше қиылысында көлік айрықтарын, теміржол арқылы өтетін жол өтпелерін салуды жеделдетіп, 2024 жылдан қалдырмай бюджеттен қаражат бөлуді қарастыруыңызды сұраймыз», – деп сұрау жолдады депутат вице-министрге.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға