Дәулет Мұқаев биржада акция алып, алданып қалғандарға ескерту жасады

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев акция алып, биржаға қаржы салғысы келетіндерге үндеу жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Депутат алаяқтардың арбауына түсіп қалмауды ескертті.
Өкінішке қарай, дәл осы нарық зерттелмеген. Өйткені, Ұлттық банктің өзі үлкен жауапкершілік алғысы келмейді. Екіншіден, осы фактілерді ескере отырып, сол криптоқаржы, криптовалютаның деңгейінде алаяқтар өте көп. Осыдан бір жыл бұрын маған атыраулық кісі хат жазған. Ол биржаға ақша сал, компаниялардың акцияларын сатып ал деген жалған сайттарға сеніп, 130 миллион теңгесінен айырылған, - дейді депутат.
Депутаттың айтуынша, алаяқтар тобы халықтың сеніміне депутаттар мен белсенділердің дауысын пайдалану арқылы кіреді.
Ұлттық банк тарапынан арнайы ескертулер болады. Ал біз қазақстандық қор биржаларынан акция алыңдар деп айтамыз. Алаяқтар сол сөздерді қиып алып, соны пайдаланады. Тіпті, қазір адамның дауысы мен видеосын жасап, жасанды интеллект көмегімен алаяқтық жасап жатыр. Сондықтан дәл осы тұста халық тарапынан мұқият болу керек. Дауысымды пайдаланып жүргендер бар. Әлеуметтік желіде несие, қаржылық сауаттылық туралы айтқандарымды қиып алып, адамдарды алдайды. Мен полицияға шағым түсірсем де, соңына дейін жетпейді. Алаяқтардың сілтемелері бір аптада өшіп, басқасы пайда болады. Менің суретімді алып, жеке куәлік жасап алып, өзгелерді алдап-арбайды, - дейді мәжілісмен.
