Дастан Сәтпаевтың «Челсидегі» тағдыры шешілуі мүмкін: оған жаңа клуб табылды

Дастан Сәтпаевтың «Челсидегі» тағдыры шешілуі мүмкін: оған жаңа клуб табылды
Фото: «Челси» ФК

«Челси» футбол клубы Дастан Сәтпаевты «Халл Ситиге» жалға беруге дайын. Ағылшын клубы лондондық командамен қазақстандық шабуылшының ауысуы бойынша келіссөз жүргізуге әрекет жасап көрді. Бұл мәселе бойынша шешім алдағы апталарда қабылдануы мүмкін. Бір қарағанда, мұндай трансфер екі тарапқа да тиімді көрінеді. Алайда Хаби Алонсоның күмәндануына себеп бар.

Испан маманы неге райынан қайтуы мүмкін?

Қазір бапкердің басты міндеті – ойыншыларды жіберу емес, керісінше, шамадан тыс толып кеткен құрамды қысқарту. BBC мәліметінше, футболшылар санын штаттағы 25 ойыншыға дейін азайту үшін «Челси» 41 ойыншының 16-сымен қоштасуы керек. Мұндай ауқымды өзгеріс кезінде құрамда қалатын әр шабуылшының маңызы арта түседі. Сондықтан маусым қарсаңында әлеуетті шабуылшыдан айырылу қауіпті шешім болуы мүмкін.

Жағдайды «Челсидегі» таза сұрмергендердің көп еместігі де күрделендіреді. Команданың шабуыл шебіндегі ойыншылардың басым бөлігі – Педро Нету, Жеовани Кенда және сол Михаил Мудрик секілді қанатта да, басқа позицияларда да ойнай алатын әмбебап футболшылар. Олар классикалық орталық шабуылшылар емес. Осындай сәтте Сәтпаевты жіберу онсыз да шектеулі «тоғызыншы нөмір» позициясындағы таңдау мүмкіндігін одан әрі азайтады.

Қазақстандық футболшының пайдасына жақында малайзиялық «Джохорға» қарсы өткен жолдастық матчтағы эпизод та әсер етеді. Кездесудің 89-минутында дәл Сәтпаев Мудрикке пас берді. Ал Мудриктің берген добынан кейін қарсылас қорғаушы допты өз қақпасына бағыттап алып, «Челсиге» 3:3 есебіндегі тең нәтижені сақтап қалуға мүмкіндік берді. 17 жастағы футболшының матчтың шешуші сәтіндегі мұндай әрекеті оның алаңда өткізген минуттарындағы статистикасынан да маңызды болуы мүмкін.

Фото: «Челси» ФК
Фото: «Челси» ФК

Әлем чемпионатынан алынған сабақ

Шабуылшылардың физикалық өлшемдеріне қатысты аргументті жақында өткен әлем чемпионаты да күшейтеді. Месси бастаған Аргентина құрамасы топтық кезең мен плей-оффта бірде-бір жеңіліс көрмей, тек финалда Испаниядан қосымша уақытта ұтылды. Аргентиналықтар физикалық қуатты емес, техникалық шебер әрі жылдам шабуылшыларға басымдық берді.

Сәтпаевтың дене бітімі де дәл осы типтегі шабуылшыға жақын. Бойы – 173 сантиметр, салмағы – 63 келі. Ол қарсыласымен күш сынасудан гөрі жылдамдығы мен техникасына сүйенеді. Осы тұрғыдан алғанда, АҚШ, Мексика және Канадада өткен турнир мұндай футболшының ең жоғары деңгейде де матч тағдырын шеше алатынын көрсетті.

Фото: «Челси» ФК
Фото: «Челси» ФК

Жалға берілудің өзі трагедия емес

Егер Алонсо қазақстандық футболшыны жалға беруге шешім қабылдаса, мұнда аса үлкен трагедия жоқ. Әлемдік футболдың көптеген жұлдызы 18 жасында топ-клубтарда ойнаған жоқ.

Мысалы, Златан Ибрагимович бұл жаста Швеция чемпионатындағы «Мальмё» клубының негізгі құрамына енуге енді ғана талпынып жүрген. Ал оның «Аякс» пен «Ювентус» арқылы басталған жұлдызды мансабы кейінірек қалыптасты.

Тьерри Анри 18 жасында «Монаконың» негізгі құрамына орнығып, Франция чемпионатында ойнаған. Дегенмен оның футболдағы жолы бірнеше жыл қосалқы құрамда ойнаудан басталған.

Дидье Дрогба да осы жаста Францияның Леваллуа қаласындағы әуесқой деңгейдегі командада өнер көрсетті. Үлкен футболға келгенге дейін ол бірнеше шағын клубтан өтті.

Осыған ұқсас жолды Мохамед Салах та жүріп өтті. Ол 18 жасында Мысырдың «Аль-Мокавлун» клубында ұлттық чемпионатта ойнады. Ал Андрей Шевченко сол кезде Киевтің «Динамосының» негізгі құрамына енуге енді ғана талпынып жүрген.

Осы тұрғыдан алғанда, Сәтпаевтың «Халл Ситиге» жалға берілуі мансаптағы төмендеу емес, жас шабуылшының қалыптасу кезеңіндегі қалыпты қадам болуы мүмкін. Болашақта әлемдік футболдың жұлдызына айналған көптеген ойыншы осындай кезеңнен өткен.

Оқи отырыңыз