Дастан Сәтпаевтың айлығы қанша? Қазақстандық таланттың ағылшын футболындағы табысы

Дастан Сәтпаевтың айлығы қанша? Қазақстандық таланттың ағылшын футболындағы табысы
Фото: burnleyfootballclub.com

Дастан Сәтпаевтың «Челсиге» ауысуы Қазақстан футболындағы рекорд трансфер болды. Алайда жанкүйерлерді трансфер құны ғана емес, жас футболшының жаңа клубындағы жалақысы да қызықтырады.

Сәтпаевтың «Челсидегі» жалақысы туралы алғашқылардың бірі болып Sports.ru басылымында Breakeven's блогының авторы Кирилл Бельский жазған. Оның мәліметінше, қазақстандық футболшы Лондон клубынан айына шамамен 14 мың фунт стерлинг алады. Оның 12 мың фунты арнайы есепшотқа аударылады және бұл қаражат футболшыға 22 жасқа толғаннан кейін ғана қолжетімді болады.

Осы есепке сәйкес, Сәтпаевтың жылдық табысы шамамен 168 мың фунтты, яғни 100 миллион теңгеден астам соманы құрайды. Айта кетейік, «Қайрат» клубы Сәтпаевтың Қазақстандағы ресми жалақысын ешқашан жариялаған емес.

Фото: burnleyfootballclub.com
Фото: burnleyfootballclub.com

Неліктен жас футболшыларға бірден көп ақша төленбейді?

Англия клубтарында жас футболшылардың жалақысын шектеу – кездейсоқ шешім емес. Мамандардың пікірінше, бұл жас ойыншының мотивациясын сақтап, оны кәсіби футболдағы тәртіпке бейімдеу үшін жасалады.

TBR Football басылымы келтірген қаржылық сарапшы Адам Уильямстың айтуынша, клубтар 16-17 жастағы футболшыларға жоғары жалақы төлеуге асықпайды. Ойыншы ересектер футболында өзін дәлелдегенге дейін табыстың шектелуі оның кәсіби дамуына ынталандыру ретінде қарастырылады.

Мысалы «Ливерпуль» мен «Арсеналда» алғашқы кәсіби келісімшартқа отырған жас футболшылар үшін шамамен 52 мың фунттық жылдық жалақы шегі қолданылады.

Футбол тарихында жас ойыншыға тым ерте келген үлкен ақша мен атақтың кері әсер еткен мысалдары да бар. АҚШ футболының бұрынғы жұлдызы Фредди Аду 14 жасында-ақ «жаңа Пеле» атанып, үлкен келісімшартқа қол қойған. Алайда кейін оның мансабы күткендей өрбімей, футболшы түрлі елдердегі көптеген клубтарды ауыстырды.

«Манчестер Юнайтед» академиясының тәрбиеленушісі Рейвел Моррисон да үлкен үміт артылған ойыншылардың бірі болды. Алекс Фергюсон оның жас кезіндегі таланты Уэйн Руни мен Рио Фердинандтан да жоғары екенін айтқан. Алайда Моррисон тәртіп мәселелерімен қатар жүріп, мансабында тұрақтылыққа қол жеткізе алмады.

Англиядағы жас жұлдыздар қанша алады?

Сәтпаевтың жағдайын Англиядағы өзге жас футболшылардың мысалдарымен салыстыруға болады. «Арсеналдың» шабуылшысы Макс Дауман 15 жасында аптасына шамамен 350 фунт көлемінде шәкіртақы алған. Ол 17 жасында кәсіби келісімшартқа қол қойғаннан кейін ғана табысы айтарлықтай өскен.

«Ливерпуль» ойыншысы Рио Нгумохи академияда жүрген кезінде аптасына шамамен 300 фунт алған. 17 жасында алғашқы кәсіби келісімшартына қол қойып, жылына 52 мың фунт көлеміндегі жалақыға шыққан.

Ал «Арсеналдың» жас жұлдызы Итан Нванери кәсіби мансабының алғашқы кезеңінде аптасына 3 мың фунттан сәл жоғары жалақы алған. Қазір оның табысы шамамен аптасына 80 мың фунтқа дейін жеткен.

«Манчестер Юнайтедтегі» Амир Ибрагимовтың жолы

Қазақстандық футболшының жағдайына салыстыруға болатын тағы бір мысал – Дағыстанда туған, «Манчестер Юнайтед» академиясының тәрбиеленушісі Амир Ибрагимов.

17 жасқа дейін ол аптасына шамамен 100-200 фунт көлемінде шәкіртақы алған. Ал 2025 жылдың сәуірінде ағылшын клубымен алғашқы кәсіби келісімшартқа қол қойды.

Бұл мысалдар Англия футболындағы жүйенің ерекшелігін көрсетеді: жасөспірімдерге бастапқы кезеңде үлкен жалақы төленбейді, ал табыс ойыншының кәсіби деңгейге өтуіне қарай біртіндеп өседі.

Сәтпаев «Бернлиде» қанша алады?

2026 жылдың жазында Дастан Сәтпаев ойын тәжірибесін жинақтау үшін «Челсиден» ағылшынның «Бернли» клубына жалға берілді.

Transfermarkt мәліметінше, «Бернли» футболшыны бір маусымға жалға алу құқығы үшін «Челсиге» 350 мың еуро төлеген.

Алайда бұл ақша Сәтпаевтың жеке жалақысы емес, клубтар арасындағы төлем. Оның үстіне екі клуб та жалға алу кезеңінде футболшының жалақысын нақты қай тарап төлейтінін ресми түрде жариялаған жоқ.

Англия футболындағы қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, мұндай жағдайда жалақыны «Челси» толық төлеуі немесе «Бернлимен» бөлісуі мүмкін. Бірақ Сәтпаевқа қатысты нақты келісімнің қандай екені әзірге белгісіз.

«Челси» жалға берудің негізгі мақсаты футболшыға тұрақты ойын тәжірибесін беру екенін айтқан. Сондықтан лондондық клуб Сәтпаевтың жалақысына қатысты шығындардың негізгі бөлігін өз мойнында қалдыруы ықтимал. Дегенмен бұл – ресми түрде расталмаған болжам.

Сәтпаевтың «Челсидегі» келісімшарты 2033 жылға дейін есептелген. Алдағы жылдары оның жалақысы да, клубтағы мәртебесі де ересектер футболындағы нәтижесіне қарай өзгеруі мүмкін.

Оқи отырыңыз