Дастан Сәтпаев бар ма? Жаңа бапкер Ұлттар лигасына 41 футболшыны шақырды

Дастан Сәтпаев бар ма? Жаңа бапкер Ұлттар лигасына 41 футболшыны шақырды
Фото: ҚФФ

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Шкип УЕФА Ұлттар лигасының 2026/27 жылғы маусымындағы алғашқы матчтарға шақырылатын футболшылардың кеңейтілген құрамын анықтады.

Ұлттық құрамаға кімдер шақырылды?

Нидерланд маманының қарамағында 41 футболшы бар. Қазақстан Ұлттар лигасының С лигасындағы 3-топта Словакия, Фарер аралдары және Молдовамен кездеседі. Кеңейтілген құрамға бес қақпашы енді:

Қақпашылар: Темірлан Анарбеков («Қайрат»), Бекхан Шайзада («Ордабасы»), Александр Заруцкий («Ақтөбе»), Мұхаммеджан Сейсен («Астана»), Стас Покатилов («Сабах», Әзербайжан).

Қорғаушылар: Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Әлібек Қасым, Ян Вороговский (екеуі де – «Астана»), Сергей Малый, Сұлтанбек Астанов («Ордабасы»), Темірлан Ерланов, Талғат Күсяпов («Ақтөбе»), Александр Широбоков, Дамир Қасабулат, Александр Мрынский, Еркін Тапалов («Қайрат»), Сағадат Тұрсынбай («Жеңіс»), Владислав Васильев («Оқжетпес»), Наурызбек Жағоров («Тобыл»), Сағи Совет («Қайсар»), Арсен Аширбек («Елімай»).

Жартылай қорғаушылар: Бауыржан Исламхан, Станислав Басманов («Астана»), Рамазан Оразов, Алмас Төлебай («Елімай»), Георгий Жуков («Ақтөбе»), Исламбек Қуат («Жеңіс»), Жасұлан Әмір, Елхан Астанов, Әбінұр Нұрымбет («Ордабасы»).

Шабуылшылар: Дастан Сәтпаев («Бернли», Англия), Ислам Чесноков («Крылья Советов», Ресей), Исмаил Бекболат, Азамат Тұяқбаев («Қайрат»), Ақмол Бахтияров («Елімай»), Артур Шушеначев («Ақтөбе»), Рамазан Каримов («Астана»), Оралхан Омираев («Оқжетпес»), Максим Самородов, Ғалымжан Кенжебек («Ахмат», Ресей).

Жаңа бапкердің алғашқы сынағы

Джон ван ’т Шкип Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне тамыз айының басында келді. Қазақстан футбол федерациясы нидерландтық маманмен жұмыс істеу туралы келісімге 7 тамызда қол жеткізгенін хабарлаған. 

62 жастағы маман бұған дейін Грекия мен Армения ұлттық құрамаларын жаттықтырған. Сонымен қатар ол Нидерланд құрамасының жаттықтырушылар штабында жұмыс істеген. Клуб деңгейінде «Аякс», «Твенте», «ПЕК Зволле», «Гвадалахара» және «Мельбурн Сити» командаларында еңбек еткен. 

Жаңа бапкер Қазақстанға келгеннен кейін ұлттық чемпионаттағы ойыншыларды жеке бақылауға кірісті. 8 тамызда ол Қазақстан Премьер-лигасының «Жетісу» – «Ордабасы» кездесуін стадионнан тамашалап, әлеуетті ұлттық құрама ойыншыларын бағалай бастады. 

Бапкердің өзі Қазақстан құрамасының алдында үлкен міндет тұрғанын атап өткен. Оның мақсаты – біртұтас команда қалыптастырып, ел жанкүйерлері мақтан тұтатын ұлттық құрама құру. 

Сәтпаевқа ерекше назар

Кеңейтілген құрамдағы ең жас әрі көпшіліктің назарындағы ойыншылардың бірі – Дастан Сәтпаев. «Бернли» сапында өнер көрсететін шабуылшы соңғы жылдары Қазақстан футболындағы ең перспективалы ойыншылардың біріне айналды.

Сәтпаев ұлттық құрама сапындағы алғашқы ойынын 2025 жылғы наурызда Кюрасаоға қарсы өткізді. Сол кезде ол Қазақстан құрамасының тарихындағы ең жас дебютант атанды.

Кейін әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Уэльске қарсы кездесуге қатысып, ұлттық құраманың іріктеу матчтарындағы ең жас ойыншысы атанды.

2025 жылғы қарашада Сәтпаев Қазақстан құрамасы сапындағы алғашқы голын Бельгияға қарсы ойында соқты. Осылайша ол ұлттық команданың тарихындағы ең жас гол авторы атанды.

Қазақстанды алда алты ойын күтіп тұр

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының топтық кезеңін 26 қыркүйекте Фарер аралдарына қарсы сырт алаңдағы кездесумен бастайды. Одан кейін 29 қыркүйекте Словакиямен сырт алаңда ойнайды.

2 қазанда Қазақстан өз алаңында Молдованы қабылдайды. Ал 6 қазанда Фарер аралдарына қарсы екінші кездесуін өткізеді. 

Қалған екі матч қараша айында өтеді: 13 қарашада Қазақстан Молдовамен сырт алаңда кездессе, 16 қарашада Словакияны өз алаңында қабылдайды. 

С тобының жеңімпазы келесі дивизионға – В лигасына тікелей көтеріледі. Ал топтағы соңғы орын командалары С лигасында қалу үшін плей-офф кезеңіне қатысуы мүмкін. 

Жаңа бапкер үшін бұл ойындар Қазақстан құрамасындағы алғашқы ресми сынақ болмақ. 41 футболшыдан құралған кеңейтілген тізім Джон ван ’т Шкиптің команда құрамын кеңінен қарастырып, Ұлттар лигасындағы маңызды матчтарға ең оңтайлы құрамды таңдауға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз