Жаңалықтар

Дәрігерлер жаңа туған нәрестенің бауырынан жарты келілік ісік алды

Туа біткен бауыр гемангиомасын алып тастау үшін күрделі операция жасалған
Дәрігерлер жаңа туған нәрестенің бауырынан жарты келілік ісік алды
Фото: www.the-warsaw.com 25.02.2023 01:28 872

Алматылық дәрігерлер жаңа туған нәрестенің бауырынан жарты келілік ісік алды, деп хабарлайды El.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының мамандары бауырдың туа біткен гемангиомасын алып тастау үшін операция алдындағы оң жақ бауыр артериясы рентгенэндоваскулярлық эмболизациямен біріктірілген күрделі операция жасады. Жаңа туған нәрестеге мұндай операция біздің елде алғаш рет жасалды.

Бауырдың үлкен ісігі бауырдың барлық оң жақ бөлігін алып, бала туғаннан кейін бірден анықталды. 3 ақпанда үш күндік бала Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына ауыстырылды.

Дәрігерлер жаңа туған нәрестенің бауырынан жарты келілік ісік алды

Фотосурет: Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Бес күннің ішінде жағдайды түзетіп, консервативті емдеу жүргізілді. Қысқа уақыттың ішінде іштің көлемі 38 см-ден 44 см-ге дейін ұлғайды. Ісік ішкі ағзаларды қысып тастады, осыған байланысты бала жасанды өкпе желдеткіші аппаратына қосылды. Осы жағдайларды ескере отырып, жедел емдеуді шұғыл түрде жүргізу туралы мультидисциплиналық шешім қабылданды.

Күрделі операция 4 сағаттан астам уақытқа созылды. Бұрын оң жақ бауыр артериясының рентгенэндоваскулярлық эмболизациясы, содан кейін лапаротомия, оң жақ гемигепатэктомия, содан кейін ішперде қуысының дренажы жасалды.

Алынған ісіктің салмағы 500 грамды құраған. Аралас операцияның арқасында қан кету көлемі барынша азайтылды.

Операциядан кейінгі 5-ші күні кішкентай пациент реанимация бөлімшесінен неонатология бөлімшесіне анасының жанындағы палатаға ауыстырылды. Операциядан кейін 12 күннің ішінде Альтамир есімді кішкентай пациент үйге аман-есен шығарылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға