Дәрігерге жұмыс уақытында баруға болады: скринингке арналған демалыс қалай беріледі?

 AI / El.kz
Фото: AI / El.kz

Қазақстандықтар медициналық скринингтен өту үшін үш жұмыс күніне дейін ақылы әлеуметтік демалыс ала алады. Бұл уақытта қызметкердің жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталады. Демалысты қалай рәсімдеуге болады? Жұмыс беруші бас тартса не істеу керек және қандай тексерулер тегін жүргізіледі?

Көпшілік денсаулыққа қатысты тексерулерді уақыттың жоқтығынан кейінге қалдырады. Жұмысбастылық, ұзын-сонар кезек немесе басшылықтың рұқсат бермеуінен қорқу азаматтардың профилактикалық тексерулерден уақтылы өтуіне кедергі келтіреді. Алайда Қазақстан заңнамасы қызметкерлерге скринингтік тексерулерден өту үшін арнайы әлеуметтік демалыс қарастырған. Оның үстіне бұл күндерде жұмыс орны мен жалақысы толық сақталады.

2027 жылдан бастап бұл жүйе одан әрі цифрландырылып, азаматтарды скринингке шақыру және демалыс беру рәсімі жеңілдей түседі.

Скринингке арналған демалыс бұрыннан бар

Маусым айында Президент Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістерге қол қойғаннан кейін көпшілік скринингке арналған демалыс жаңадан енгізілді деп ойлады. Алайда мұндай құқық қызметкерлерге бұған дейін де берілген болатын.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметкер профилактикалық медициналық тексерулерден өту үшін үш жұмыс күніне дейін әлеуметтік демалыс ала алады. Осы уақыт аралығында оның жұмыс орны да, орташа жалақысы да сақталады.

Жаңа өзгерістер бұл құқықты кеңейтуден гөрі, оны жүзеге асыру механизмін жетілдіруге бағытталған.

Фото: sequoia-service.ru

2027 жылдан бастап не өзгереді?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жаңа жүйе цифрлық форматта жұмыс істейді.

Болашақта Денсаулық сақтау министрлігі скринингтен өтуі тиіс азаматтардың деректерін жұмыс берушілердің кадрлық жүйелерімен байланыстырады. Азамат тіркелген емхана eGov арқылы тексеруден өту қажеттігі туралы хабарламаны қызметкерге де, жұмыс берушіге де жібереді.

Мұндай хабарлама түскеннен кейін жұмыс беруші қызметкерді скринингтен өту үшін үш күнге дейінгі әлеуметтік демалысқа жіберуге міндетті болады.

Бұл жаңашылдықтар 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Жұмыс беруші бас тарта ала ма?

Заңгерлердің айтуынша, скринингке арналған әлеуметтік демалыс беру – жұмыс берушінің еркіне байланысты мәселе емес. Бұл – заңмен бекітілген міндет.

Демалыс алу үшін қызметкер өтініш жазып, тексеру өтетін күнді көрсетуі қажет. Осыдан кейін жұмыс беруші тиісті бұйрық шығаруы тиіс.

Маңыздысы – бұл құқық тек мемлекет бекіткен профилактикалық скринингтерге ғана қатысты. Егер азамат өз бастамасымен жеке клиникада ақылы тексеруден өтуді жоспарласа, жұмыс беруші оған арнайы ақылы демалыс беруге міндетті емес.

Көптеген ұйымдарда қызметкерлер кез келген демалыс туралы бірнеше күн немесе апта бұрын хабарлауы тиіс деген ішкі тәртіп бар. Алайда скринингке қатысты заңда мұндай талап көрсетілмеген.

Денсаулық сақтау саласындағы заңнамада жұмыс беруші мұндай демалысты «кедергісіз» беруі тиіс деп жазылған.

Яғни қызметкерге бүгін тексеру ертеңге белгіленсе, ол сол күні өтініш беріп, заңды түрде демалыс ала алады. Жұмыс беруші «кеш ескерттің» деген сылтаумен бас тарта алмайды.

Егер басшы жібермесе не істеу керек?

Қызметкердің құқығы бұзылған жағдайда ол:

  • ұйымның келісім комиссиясына;
  • еңбек инспекциясына;
  • сотқа жүгіне алады.

Егер қызметкер өтініш беріп, скринингке шақырылғанын растайтын құжаттарды ұсынса, бірақ соған қарамастан демалыс берілмесе, бұл еңбек заңнамасын бұзу болып саналады.

Мұндай жағдайда еңбек инспекциясы тексеру жүргізіп, жұмыс берушіні жауапкершілікке тартуы мүмкін.

Скринингтен демалыс күні өтсеңіз ше?

Кейбір азаматтар жұмыс уақытын жоғалтпау үшін скринингтерден демалыс күндері немесе еңбек демалысы кезінде өтуді жөн көреді.

Алайда заң мұндай жағдайда кейіннен қосымша әлеуметтік демалыс беруді қарастырмайды.

Яғни адам өз еркімен демалыс күні тексеруден өтсе, кейін сол күндердің орнына жұмыс күндерін талап ете алмайды.

Фото: www.iapn.kz

Үш күн міндетті түрде беріле ме?

Заңда «үш күнге дейін» деп көрсетілген.

Мысалы, барлық тексерулер бір күнде аяқталса, қызметкерге тек бір күн беріледі. Ал егер тексерулер бес күнге созылса, жұмыс беруші ең көбі үш күн ғана босатуға міндетті.

Сондықтан әлеуметтік демалыстың ұзақтығы нақты қажеттілікке байланысты анықталады.

Скринингке қалай жазылуға болады?

Емханалар азаматтарды скринингке бірнеше жолмен шақырады:

  • телефон арқылы хабарласады;
  • SMS жібереді;
  • тұрғындарды аралап ақпараттандырады;
  • әлеуметтік желілер мен ресми сайттарда хабарландыру жариялайды.

Егер азамат скринингтен өту жасына жетсе, тіркелген емханасына барып, қандай тексерулерден өту керектігін нақтылай алады. Дәрігерлер жасына және жынысына сәйкес қажетті скринингтердің тізімін анықтап, жолдама береді.

Қандай тексерулер тегін жүргізіледі?

Қазақстанда бірқатар әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте анықтауға арналған тегін скринингтер бар.

Олардың қатарында:

  • артериялық гипертония;
  • жүректің ишемиялық ауруы;
  • қант диабеті;
  • глаукома;
  • сүт безі обыры;
  • жатыр мойны обыры;
  • колоректалдық обыр;
  • ми қан айналымының бұзылыстары;
  • В және С вирустық гепатиттері бар.

Бұл тексерулер белгілі бір жас санаттарына және тәуекел топтарына арналған.

Скрининг не үшін қажет?

Медицина мамандарының айтуынша, скринингтердің басты мақсаты – ауруды алғашқы кезеңде анықтау.

Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, скрининг барысында ең жиі анықталатын дерттер – артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы және қатерлі ісіктердің ерте сатылары.

Көп жағдайда бұл аурулар ұзақ уақыт бойы ешқандай белгі бермейді. Сондықтан профилактикалық тексерулер адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін маңызды құрал саналады.

Дәрігерлердің пікірінше, ауруды ерте анықтау емнің тиімділігін арттырып қана қоймай, асқынулардың алдын алуға және өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

 

Оқи отырыңыз