Жаңалықтар

Дәрігер папиллома вирусына қарсы вакцина туралы пікірімен бөлісті

Дәрігер папиллома вирусына қарсы вакцина туралы пікірімен бөлісті
Фото: © El.kz 02.03.2024 01:15 1092

Шымкент қалалық онкологиялық орталықтың дәрігері Дәулетбек Жұмағали папиллома вирусына қарсы вакцинаға қатысты пікірімен бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Медицина маманының айтуынша, жатыр мойны қатерлі ісігінің 98 пайызының негізгі себебі адам папилломасы болып табылады.

Онколог дәрігері ретінде жатыр мойнының қатерлі ісігі туралы айтатын болсам, оның негізгі қауіптілігі адам папилломасы болып табылады. Мәселен, Еуропада әр он сегіз минутта бір әйел адамы қайтыс болады. Ал біздің Қазақстанда күніне екі әйел адамы көз жұмады. Тағы бір айта кетерлігі, папиллома вирусына қарсы вакцина 11 жастағы қыз балаларға салынады. Осы жаста қыз балалары өсіп-жетіледі. Сондықтан ғалымдардың зерттеу қорытындысы бойынша вакцинаны осы жаста бастап салған 90 пайыз оң нәтиже береді. Сондықтан жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алудың бірінші кезегі осы вакцина болып табылады. Одан кейінгісі - скринингтік тексеру. Ол ғылыми тұрғыда дәлелденген. Бір ғана Қытайдың Шанхай қаласында 100  мың адамға шаққанда дәл осы жатыр мойны қатерлі ісігінен 193 адам өлімі тіркелген жағдай болған. Скринингтік тексеру жүргізудің арқасында бұл көрсеткіш 30 жылда 2,3 пайызға төмендеген,-деді дәрігер Дәулетбек Жұмағали.

Айта кетейік, Қазақстанда 11 жасар қыздарға адам папиллома вирусына қарсы вакцина егу басталады. Вакцинаны ата-ананың жазбаша келісімімен жаңа оқу жылының басында, яғни, 2024 жылдың күзінде ел мектептерінде толығымен тегін алуға болады.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылар жоғары онкогенді қауіпті адам папиллома вирусы - жатыр мойны обырының дамуының негізгі этиологиялық факторы екенін атап өтті. Жатыр мойны обырының 97%-ы осы вируспен байланысты. Вакцина - папиллома вирусын болдырмаудағы сенімді жолы. Сондықтан онкологтар адам папилломасы вирусына қарсы вакцинаны алуды ұсынады.

Зерттеулер көрсеткендей, вакцинаның қорғау мерзімі ұзаққа созылады. Жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, екпенің иммуногенділігі вакцина енгізілгеннен кейін 10 жыл ішінде төмендемеген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл вакцинаны қауіпсіз және тиімді деп бекітті.

Оқи отырыңыз: 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға