Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі «дәрігер-интерн» ұғымын ресми түрде бекітуді көздейтін бұйрық жобасын әзірледі. Құжат қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Болашақ дәрігерлер үшін не өзгереді?
Жаңа өзгерістер медициналық кадрларды даярлау сапасын арттыруға және пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.
Бұйрық жобасына сәйкес, «дәрігер-интерн» мәртебесі ресми түрде айқындалады. Бұл болашақ маманның құқықтары мен міндеттерін нақтылап, оқу және практикалық даярлық үдерісін барынша ашық әрі жүйелі етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар медицина жоғары оқу орындары студенттерінің практикалық даярлығын ұйымдастыру тәртібіне де өзгерістер енгізу ұсынылған. Атап айтқанда, білім беру ұйымы, жұмыс беруші және дәрігер-интерн арасында үшжақты келісімшарт жасау тетігін енгізу жоспарланып отыр.
Министрліктің пікірінше, мұндай тәсіл әр тараптың жауапкершілігін алдын ала айқындап, жас мамандарды сапалы оқытуға, оларды жұмысқа орналастыру кезінде қолдауға және мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша міндеттемелердің тиімді орындалуына ықпал етеді.
Өзгерістердің мақсаты қандай?
Денсаулық сақтау министрлігі ұсынылып отырған жаңашылдықтар болашақ дәрігерлердің практикалық даярлық деңгейін арттырып, медициналық жоғары оқу орындары мен денсаулық сақтау ұйымдары арасындағы байланысты нығайтады деп есептейді. Сондай-ақ бұл бастама өңірлерді білікті медицина қызметкерлерімен қамтамасыз етуге де оң әсерін тигізбек.
Бұған дейін ведомство клиникалық базалардың жұмысын жетілдіруге бағытталған тағы бір бұйрық жобасын жариялаған болатын. Ол жас мамандардың жетекші медициналық клиникаларда тәжірибеден өту мүмкіндігін кеңейтуді көздейді.
Бұйрық жобасын қоғамдық талқылау 2026 жылғы 19 тамызға дейін жалғасады.
Интернатура дегеніміз не?
Интернатура – медициналық жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейінгі дәрігердің міндетті практикалық даярлық кезеңі. Осы уақытта түлек тәжірибелі тәлімгердің жетекшілігімен жұмыс істеп, кәсіби тәжірибе жинақтайды.
Айта кетейік, 2026 жылы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте «дәрігер-интерн» мәртебесі бекітілген. Ал жаңа бұйрық жобасы интерндерді оқыту және олардың клиникалық тәжірибеге қатысу тәртібін нақтылауды көздейді.
Біз бұған дейін дәрігерге жазылу қалай жеңілдейтіні туралы жазған едік.