Ақмола облыстық соты әскери қызметтен босатуға уәде беріп, ақша алған аудандық емхана дәрігердің ісі қаралғаны туралы хабарлады. Дәрігер үш азаматқа әскери қызметті кейінге қалдырып беруге уәде берген.
Іс Целиноград аудандық сотында қаралды. Дәрігерге қызметтік жағдайын пайдалана отырып алаяқтық жасады деген айып тағылған. Тергеу деректеріне сәйкес, ол 2024 жылдың қазан–желтоқсан айлары аралығында үш азаматқа әскери қызметті кейінге қалдырып беруге уәде етіп, әрқайсысынан 350 мың теңгеден алған.
Сот үкімімен дәрігер 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сондай-ақ ол 1 жыл бойы медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Қай кезде азамат әскери шақырудан босатылады?
Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылғандар әскерден босатылады. Соған сәйкес азаматтар әскерде қызмет етуге жарамсыз деп танылуы көзделген аурулар тізімі бар. Медициналық куәландыру нәтижелері бойынша дәрігер маман мынадай белгілер бойынша азаматтардың жарамдылық санаттары туралы қорытындыны шығарады:
- "А" – әскери қызметке жарамды;
- "Б" – әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамды;
- "В" – кейіннен медициналық куәландырумен тексеруге (емдеуге) мұқтаж;
- "Г" – әскери қызметке уақытша жарамсыз;
- "Д" – әскери қызметке бейбіт уақытта жарамсыз, соғыс уақытында шектеулі жарамды;
- "Е" – әскери есептен шығарумен әскери қызметке жарамсыз.
- жиырма жеті жасқа толған, заңды негiздер бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақырылмаған;
- туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңiнде қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе оған бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгіленген;
- басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген;
- "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 51-бабының 9-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер;
- ғылыми дәрежесi бар азаматтар;
- тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады.