«Дәрі тағайындауға құқығы жоқ»: психологтарға жаңа талаптар енгізілді

«Дәрі тағайындауға құқығы жоқ»: психологтарға жаңа талаптар енгізілді
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанда психологтардың кәсіби қызметіне қатысты бірыңғай этикалық талаптар енгізілмек. Жаңа ережелерге сәйкес, мамандарға клиенттерімен достық, романтикалық, жыныстық, қаржылық немесе іскерлік байланыс орнатуға жол берілмейді. Сондай-ақ психологиялық кеңес үшін ақшаның орнына тауар немесе қызмет қабылдауға тыйым салу ұсынылып отыр.

Психологтерге ортақ талап енгізіледі

Бұл талаптар қазір «Ашық НҚА» порталында талқыланып жатқан Психологтердің әдеп кодексінің жобасында қарастырылған. Әдеп кодексінің жобасы 2026 жылғы 2 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Психологиялық қызмет туралы» заңнан кейін әзірленген. Құжат психологтердің жұмысындағы ортақ кәсіби және этикалық талаптарды айқындап, психологиялық көмек алатын азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған.

Талаптар Қазақстан аумағында жұмыс істейтін барлық психологке қатысты болмақ. Сонымен қатар шетелде жүріп, Қазақстанда тұратын азаматтарға қашықтықтан кеңес беретін мамандар да осы нормаларды сақтауға тиіс.

Кодекс жобасында психолог жұмысының негізгі қағидаттары ретінде заңдылық, адамның ар-намысы мен құқықтарын құрметтеу, кемсітушілікке жол бермеу, еріктілік, құпиялылық, кәсіби құзыреттілік және ғылыми негізделген әдістерді қолдану көрсетілген.

Маман клиентке өзінің білімі, тәжірибесі немесе қолданатын әдістері туралы жалған ақпарат бермеуі керек. Сондай-ақ психологиялық көмек адамның физикалық, психологиялық немесе әлеуметтік жағдайына зиян келтірмеуге тиіс.

Біліктілігін арттыруы керек

Психолог тек өзінің білімі, кәсіби даярлығы мен тәжірибесі жететін мәселелер бойынша көмек көрсетуге тиіс. Егер клиенттің мәселесі маманның құзыретінен тыс болса, психолог оны тиісті бейіндегі басқа маманға бағыттауы қажет.

Тағы бір мүмкіндік – супервизияға жүгіну. Мұндай жағдайда клиентке маманның кәсіби мүмкіндіктерінің шектеулі екені алдын ала түсіндіріліп, жұмысты супервизиямен жалғастыруға оның келісімі алынуы керек.

Сонымен бірге психологтерге кемінде бес жылда бір рет біліктілігін арттыру талабы қойылмақ. Мамандар өз саласындағы жаңа ғылыми зерттеулер мен кәсіби тәсілдерді де тұрақты бақылап отыруға міндетті.

Психологиялық көмек басталғанға дейін маман клиенттен жазбаша ақпараттандырылған келісім алуға тиіс. Психолог оған жұмыстың мақсатын, қолданылатын әдістерді, консультацияның шарттары мен ықтимал шектеулерін түсіндіреді.

Кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабілетсіз адамға көмек көрсетілген жағдайда келісімді оның заңды өкілі береді. Дегенмен заңда келісімсіз көмек көрсетуге болатын ерекше жағдайлар қарастырылған. Олардың қатарында суицидтік мінез-құлық белгілері, адамның дағдарыстық жағдайда болуы немесе отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың болып жатқаны туралы мәліметтер бар.

Балалармен және әрекет қабілеті шектеулі адамдармен жұмыс істеген кезде психолог олардың жасы мен даму деңгейіне қарай пікірін де ескеруге тиіс.

Клиенттің ақпараты құпия 

Консультация барысында психологке белгілі болған мәліметтер кәсіби құпия саналады. Оларды клиенттің жазбаша келісімінсіз жариялауға болмайды. Бұған заңнамада тікелей көзделген жағдайлар ғана кірмейді.

Құпия ақпаратқа адамның психологке жүгіну фактісі, консультация кезінде айтылған мәліметтер, психологиялық диагностика нәтижелері, жеке өміріне қатысты деректер, құжаттар мен жазбалар жатады.

Консультацияны аудио немесе видеоға түсіруге де клиенттің немесе оның заңды өкілінің алдын ала келісімі қажет. Ал егер маман клиенттің немесе басқа адамның өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төнгенін анықтаса, тиісті органдарға дереу хабарлауға міндетті болады.

Психолог пен клиент ара-қатынасы

Кодекс жобасындағы маңызды талаптардың бірі – психолог пен клиент арасындағы кәсіби шекараны сақтау. Маман кәсіби жұмыспен қатар клиентпен басқа сипаттағы байланысқа түспеуге тиіс. Мұндай «көпқырлы қатынастарға» жеке, достық, отбасылық, туыстық, романтикалық, жыныстық, қаржылық, іскерлік және қызметтік байланыстар жатады.

Бұл шектеудің мақсаты – психологтің жеке мүддесі оның кәсіби шешімдеріне әсер етпеуін қамтамасыз ету. Егер жұмыс барысында осындай қарым-қатынас немесе мүдделер қақтығысы туындаса, маман бұл мәселені клиентпен этикалық талаптарды сақтай отырып талқылауы керек. Қажет болған жағдайда консультацияны тоқтатып, клиентті басқа маманға бағыттауға тиіс.

Құжатта психологтің клиентпен психологиялық көмек көрсетуге қатысы жоқ қарым-қатынас орнатуына да тыйым салу ұсынылған. Психологиялық қызметтің қаржылық шарттары клиентке алдын ала түсінікті әрі ашық болуы қажет.

Психолог тегін консультация өткізе алады. Алайда қызмет ақысын басқа тауармен немесе қызметпен өтеуге, яғни бартерлік есеп айырысуға жол берілмейді. Мәселен, клиент психологке консультация үшін ақша төлеудің орнына қандай да бір қызмет көрсетуді немесе тауар ұсынуды көздейтін келісім жасай алмайды.

Психолог дәрі-дәрмек тағайындай алмайды

Әдеп кодексі психолог пен дәрігердің кәсіби құзыретін де ажыратады. Психолог медициналық диагностика жүргізе алмайды, аурулардың халықаралық жіктемесі бойынша клиникалық диагноз қоюға, дәрі-дәрмек тағайындауға немесе бұрын тағайындалған медикаментоздық емді өзгертуге құқығы жоқ.

Сондай-ақ психоактивті заттарды және медициналық емдеу әдістерін қолдануға тыйым салынады. Егер консультация кезінде психикалық немесе мінез-құлық бұзылыстарының белгілері байқалса, психолог клиентке психиатрға жүгінуді ұсынуы керек.

Сонымен бірге психолог заңнамада белгіленген шекте және өзінің кәсіби құзыреті аясында психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар адамдарға психологиялық көмек көрсете алады.

2026 жылғы 2 шілдеде Қазақстанда «Психологиялық қызмет туралы» заңға қол қойылды. Ол елдегі психологтердің қызметін жүйелі түрде реттеуге бағытталған.

Заң аясында мамандардың мемлекеттік тізілімін қалыптастыру, бірыңғай кәсіби стандарттарды енгізу және психологиялық көмек көрсетуге қойылатын талаптарды күшейту қарастырылған.

Мұндай талаптардың енгізілуі психологиялық қызметке сұраныстың артуымен де байланысты. Соңғы жылдары қазақстандықтардың психологиялық және психиатриялық көмекке жүгінуі жиілеген. Сұраныспен бірге тиісті кәсіби білімі мен даярлығы жоқ адамдардың өзін психолог ретінде таныстыруы да өзекті мәселеге айналды.

Жаңа талаптардың негізгі мақсаты – психологиялық көмек көрсету саласындағы кәсіби шекараны нақтылап, азаматтарды сапасыз немесе зиян келтіруі мүмкін қызметтен қорғау.

Оқи отырыңыз