Жаңалықтар

Дархан Қыдырәлі Ақтауда студенттермен кездесті

Дархан Қыдырәлі Ақтауда студенттермен кездесті
20.05.2023 14:25 875

Ақпарат және қоғамдық даму министрі  Дархан  Қыдырәлі Маңғыстау облысы жастарымен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу аясында министр баяндама жасап, студент жастаудың сауалына жауап берді.

Заңғар жазушымыз Әбіш Кекілбаев: «Маңғыстау... Тарих пен табиғаттың бірге толғанған тамаша дастаны, бірге салған таңғажайып суреті, бірге шерткен тағылымды шежіресі. Оны таңданбай көріп, тамсанбай түйсінуің, мүмкін емес», – дейді. Кешегі үш алаштың баласы бас қосқанда, үш қиянның еліне бәйге бермеген Көкмойнақ аттың дүбірі бүгінгі жастардың көкірегінде бар деп сенеміз. Бәйгені көрсе жайнаған, дүбірді көрсе ойнаған, «Ұлы дала жорығының» алдында келген адай жылқысының жүйректігі мен сергектігі тұлпар мінезді халқымыздың қанына сіңген. Жастарымыз бүгінгі заманның жарысы мен дәуірдің дүбірінде көштің алдында болады деген үміттеміз, - деді Д.Қыдырәлі. 

Дархан Қыдырәлі Ақтауда студенттермен кездесті

Министр Мемлекет басшысының жастардың әлеуметтік жағдайын көтеріп, мүмкіндіктерін арттыруға үнемі баса назар аударып отырғандығына тоқталды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар саясаты саласында бірқатар жұмыстар атқарып келеді. 2022 жылы «Мемлекеттік жастар саясаты» туралы заң қабылданды. Осы Заңның негізгі өзгерістерінің бірі – Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен жастардың жасын 35-ке дейін ұлғайту. Осылайша, жастарды, жалпы саны 3,7 млн. адамнан 6 млн. адамға дейін артты. Осы Заңды іске асыру үшін биыл «Жастарды дамыту индексі» енгізілетін болады, ол әкімдіктердің жастармен жұмыс істеу және олардың проблемаларын шешу жөніндегі тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді. Жастар прогресінің жаһандық индексі деректері бойынша Қазақстан 63 орыннан 54 орынға көтерілді, - деді ол.

Дархан Қыдырәлі Ақтауда студенттермен кездесті

Сонымен бірге, Дархан Қуандықұлы жастар саясаты саласында NEET санатындағы жастар ерекше назар аударуды талап ететінін жеткізді.

Осы мәселені шешу мақсатында Заңда «NEET санатындағы жастар» ұғымы бекітілген, бұл оларды жұмысқа орналастыру, білім беру, біліктілігін арттыру бойынша жүйелі және атаулы жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.
Маңғыстау облысында жастар саны (14 пен 35 жасқа дейінгі) статистикалық деректерге сәйкес, 233 мың адамды құрайды (жалпы халқы санының 31%-ы).  2022 жылы облыстағы NEET санатындағы жастар саны 7,7%-ға жеткен, бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен (6,5%) 1,2%-ға жоғары. Осыған орай, облыстық және қалалық әкімдіктермен бірге аталған санаттағы жастармен жұмысты жандандыруға ниеттіміз. Сонымен қатар, «Жастардың әлеуметтік қызметтері», «Жастармен жұмыс жөніндегі маман», «Жастардың еңбек жасақтары» ұғымдары заңмен бекітілді. Жастарды жан-жақты қолдау мақсатында 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы бекітілді, - деді министр өз сөзінде. 

Дархан Қыдырәлі Ақтауда студенттермен кездесті

Оның сөзінше, алған құжат жастарды жан-жақты қолдауға негізделген. Яғни, 7 бағыт, 12 индикатор мен 80 іс-шарадан тұрады. Мысалы, 2029 жылға дейін 1 миллион ауыл жастарын жұмыспен қамту, бір жарым миллион жастың цифрлық сауаттылығын арттыру, ресурстық орталықтар арқылы 3,8 миллион жасты әлеуметтік қызметтермен қамту көзделген, қоғамдық кеңестерде жастар квотасын 20%-ға арттыру, жас мемлекеттік қызметшілердің көрсеткішін 25%-ға ұлғайту, сонымен бірге,  2,2 миллион жасты волонтерлік, қайырымдылық және экологиялық бастамаларға тарту жоспарлануда. 

Қазіргі таңда жастарды қолдау шараларын қамтитын бірқатар мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар іске асырып жатыр.
Биыл «Жасыл Ел» жобасы бойынша 1,5 мыңнан астам жас азаматты уақытша маусымдық жұмыспен қамту жоспарланған. 
Соның ішінде: Ақтау қаласы – 300, Жаңаөзен қаласы – 300, Бейнеу – 270, Мұнайлы – 170, Маңғыстау – 180, Түпқараған – 120, Қарақия – 200.
Былтыр «Zhas Project» жобасы кішігірім жобаларға берілген бастау болса, биыл облыстық әкімдік тарапынан гранттық қаржыландыру 250 млн. теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл дегеніміз – 50 адамға беріліп отырған таптырмас мүмкіндік, - деді Дархан Қыдырәлі. 

Дархан Қыдырәлі Ақтауда студенттермен кездесті

Маңғыстау облысында «Болашаққа сеніммен», «Кеңес алаңы», «Jastar Books», «Кәсіби бағдар» атты 3 мың жастың қатысуымен еркін форматтағы 30-ға жуық жоба ұйымдастырылды. Аталған жобалардың басым бағыты NEET санатындағы, атап айтақанда жұмыс істемейтін және оқымайтын жастарға бағытталған.

Министрлік тарапынан жастардың жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыруы үшін 2023 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтінім қабылдау жоспарлануда. Әр жобаға 3 млн. теңге қарастырылған. Өткен жылдары облыста аталған грант бойынша 2 жеңімпаз анықталғаны белгілі. Олар қазақ ертегілерінің кейіпкерлері туралы 5 мультфильм түсіруді ұсынған Азиза Нұрланқызы мен «Этно туризмды дамыту үшін жылжымалы глемпингте демалысты ұйымдастыру» жобасын ұсынған Қалдыбай Рухия Бердібекқызы. Өздеріңізге мәлім, Рухия қарындасымыз өзінің заманауи жобасы арқылы өңірдің туризм саласының дамуына өз үлесін қосуда, - деді ол кездесуде барысында.  

Дархан Қыдырәлі Ақтауда студенттермен кездесті

Бұдан басқа, әр саладағы белсенді жастарға, шығармашыл жастарға қолдау көрсету жайы да айтылды. Әлемдегі соңғы үрдістерді ескере отырып, жаңа цифрлық медиа мен креативті индустрияны дамыту жөніндегі жұмыстарды жандандандырып жатқан атаған министр интернет-БАҚ-қа ерекше назар аударылатындығы жеткізді. Сондай-ақ веб-сериялар мен бейне подкасттардың шығарылымын ұлғайту жөніндегі шаралар қолға алынатындығын тілге тиек етті. 

Сондай-ақ «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын атап өткіміз келеді. Маңғыстау облысының белсенді жастары «Қоғамдық қызмет» бағытында Нұрбол Баймұханов, «Театр және кино» бағытында Медғат Өмірәлиев, «Спорт» бағытында еліміздің спортшысы Әділбек Ниязымбетов, «Журналистика» бағытында Әсем Сартбаева иеленген болатын. Әлі де өңір бойынша бұл тізімді жалғастырар жастар аз емес деген ойдамыз.  Жергілікті жастарды осындай жобалар мен бағдарламаларға белсенді қатысуға шақырамыз. Біз министрлік пен әкімдіктер тарапынан тиісті көмек көрсеуге әзірміз. Жастарды қолдау шаралары туралы барлық сұрақтар бойынша біздің министрлікке, сондай-ақ өңірлік жастар ресурстық орталықтарына жүгіне аласыздар, - деді Д.Қыдырәлі. 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға