Жаңалықтар

Данияр Қобыландин бүкіләлемдік көкпар қауымдастығының президенті болып сайланды.

Данияр Қобыландин бүкіләлемдік көкпар қауымдастығының президенті болып сайланды.
Фото: Ашық дереккөзден 30.09.2023 13:22 489

Дүниежүзілік көкпар қауымдастығына Данияр Қобыландин басшы болды. Мұндай шешімді бірлестік мүшелері кезекті конференцияда ашық дауыс беру арқылы қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Данияр Жаңабайұлы 1984 жылы дүниеге келген. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистрі, Президент әкімшілігі мен Көлік министрлігінде жауапты қызметтер атқарған. 2013 жылдан бері еліміздегі беделді кәсіпкерлердің бірі болып саналады.  Дене шынықтыру және спорт саласында мол тәжірибесі бар. 2018-2022 жылдар аралығында «Аударыспақ» федерациясының Президенті болып, нәтижелі еңбек етті.

Үлкен сенім үшін баршаңызға алғыс білдіргім келеді. Мен қауымдастықтың қызметін жоғары деңгейге көтеру үшін барлық күшімді салып, мүмкіндіктерді пайдаланамын. 2024 жылы Қазақстанның астанасы Астана қаласында Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны өтеді. Яғни, мойнымызда үлкен жауапкершілік тұр. Сондай-ақ, алдымызда ұлттық және дәстүрлі ат спорты ойындарын одан әрі дамыту бойынша үлкен міндеттер бар. Иә, түрлі елдерде ойынның атауы әртүрлі, бірақ ойын ережесі бірдей, - деді Қобыландин.

Сондай-ақ, форумда Венгрияның көкпар қауымдастығын (кобори) және Пәкістанның бузкаши федерациясын Дүниежүзілік көкпар қауымдастығының құрамына қосу туралы шешім қабылданды.

Айта кетейік, аталған жиынның екінші кезеңін 28 қазанда Алматыда өткізу жоспарланып отыр. Онда ұлттық және дәстүрлі ат спорты ойындарын одан әрі дамыту жөніндегі шұғыл міндеттер және Дүниежүзілік көкпар қауымдастығының Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері қаралады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға