Жаңалықтар

Дамыған елдердің көбінде бір реттік сайлау жүйесі бар – депутат

Сенат депутаты Амангелді Толамисов кезектен тыс сайлауға қатысты пікір білдірді
Дамыған елдердің көбінде бір реттік сайлау жүйесі бар – депутат
Фото: Миражан Махан 08.09.2022 15:48 3218

Бір реттік президенттікке сайланған мемлекет басшысы өзіне жүктелген міндетті абыроймен алып шығу үшін қолынан келгенді аянып қалмайды. Сондықтан Президентіміздің бұл бастамасы елімізде үлкен саяси реформалардың өзгеруіне өзіндік үлесін қосады. Бұл туралы Сенат депутаты, Қазақстан Республикасының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Амангелді Толамисов пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz.

Биыл жаңалыққа толы жыл болды. Қазіргі таңда елімізде үлкен реформалардың желісі жүріп жатыр. Тарихи өзгерістер мен жаңа бастамалар болуда. Халықтың референдум арқылы берген дауысына байланысты Конституциялық реформаға 30%-ға дейін өзгерістер енгізіліп жатыр. Соның ішінде супер президенттік биліктен қарапайым президенттік билікке көшу туралы мәселелер қарастырылды.

Барлығымызға белгілі, Президенттің көптеген құзыреттіліктері басқа да билік институттарынан өтті. Сондай-ақ президенттің туыстарының саяси биліктерде, мемлекеттік органдарда жұмыс атқаруына тыйым салынды. Осындай мәселелердің жалғасы ретінде бұл өз кезегінде үлкен өзгерістерге әкеледі.

Біздің супер президенттіктен президенттік билікке ауысуымыз керемет бағыт деп ойлаймын. Бір реттік 7 жылға сайланғаннан кейін мемлекет басшысы өзінің алға қойған мақсатын өзіне бір ақ рет берілген мүмкіндікті толығымен пайдалануға тырысады. Яғни, келесі сайлауға мүмкіндігім бар, сол кезде жұмысымды атқарамын деп кейінге шегермейтін болады. Нақты 7 жыл уақытта алдына қойған кез келген мәселені саяси реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Сондықтан бұл посткеңестік кеңістікте үлкен жаңалық деп ойлаймын. Бұл шешім оң бастама екенін шетелдік тәжірибеге қарап, бақылап та білуге болады. Дамыған елдердің көбінде бір реттік сайлау жүйесі бар. Сондықтан бұл шешім дұрыс деп ойлаймын.

Мемлекет басышысы Қазақстан халқына жолдауында кезектен тыс жолдау туралы айтқан болатын. Қазіргі таңда реформаларды әрі қарай жүзеге асыру мақсатында реформалардың логикалық жалғасы ретінде кезектен тыс сайлау болады. Сондай-ақ ҚР заңнамасына байланысты қатысуға мүмкіндігі бар тұлға нақты мемлекетіміздің дамуына өзінің барлық күш жігерін салатын адам болады деп ойлаймын.

Дегенмен, Мемлекет басшысының жолдауда айтқанындай кезектен тыс сайлауға қатысты сенатқа әлі ешқандай құжат түскен жоқ. Бұл жолдау енді ғана халықтың алдында жарияланды. Сондықтан оның нормативті құжаттары бізге түскеннен кейін жұмысты жоспар бойынша әрі қарай жалғастырамыз деген сенімдемін.   


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға