Жазғы демалыс пен табиғат аясындағы басқосуларды кәуапсыз елестету қиын. Алайда дәмді әрі шырынды кәуап дайындау тек сапалы етке байланысты емес. Тәжірибелі мамандар мінсіз нәтижеге қол жеткізу үшін көпшілік ескере бермейтін бірнеше маңызды қағиданы ұстануға кеңес берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Мінсіз кәуап дайындауға көмектесетін жеті маңызды кеңесті назарларыңызға ұсынамыз.
1. Кәуапты мангалдан түскен бойда ұсыныңыз
Кәуаптың ең дәмді әрі шырынды кезі – жаңа піскен сәті. Егер ет ұзақ уақыт дастарқанда тұрып қалса, оның шырыны азайып, дәмі өзгереді. Сондықтан қонақтардың жиналуын, көкөністердің дайын болуын және дастарқанның алдын ала әзірленуін қадағалаған жөн.
2. Ет таңдауға ерекше мән беріңіз
Қазақстанда кәуап көбіне қой, сиыр, тауық немесе үйрек етінен дайындалады. Шырынды кәуап үшін майы аздап араласқан жұмсақ етті таңдаған дұрыс. Қойдың қабырғасы мен жамбасы, сиырдың мойын немесе қабырға тұсы, сондай-ақ тауықтың сан еті кәуапқа өте қолайлы.
3. Көмір толық қызғанша күтіңіз
Көпшілік жіберетін негізгі қателіктің бірі – көмір лапылдап жанып тұрған кезде қуыруды бастау. Шын мәнінде көмірдің беті ақшыл күлмен жабылып, біркелкі қызу берген кезде ғана етті мангалға қойған дұрыс. Бұл еттің сыртынан күйіп, ішінен шикі болып қалмауына көмектеседі.
4. От тұтанса, су құюға асықпаңыз
Қуыру кезінде еттің майы тамып, жалын пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайда су құйсаңыз, көмірдің қызуы төмендеп кетеді. Оның орнына аздап тұз сеуіп немесе шоқты жан-жаққа таратып жіберген дұрыс.
5. Маринадты күрделендірмеңіз
Кейде адамдар ондаған дәмдеуіш пен түрлі қоспаларды пайдаланады. Алайда жақсы маринад үшін пияз, тұз, қара бұрыш және сүйікті дәмдеуіштердің өзі жеткілікті. Пияз еттің талшықтарын жұмсартып, табиғи дәмін сақтауға көмектеседі. Ал кәуапқа арналған етті маринадта ұстау уақыты ет түріне байланысты:
- Тауық еті – 2-4 сағат жеткілікті.
- Сиыр еті – 6-12 сағат.
- Қой еті – 4-8 сағат.
- Үйрек еті – 6-12 сағат.
Көптеген аспаздар майонез қоспауға кеңес береді, өйткені ол еттің табиғи дәмін басып тастауы мүмкін. Классикалық әрі сәтті маринадқа пияз, тұз, бұрыш және аздап дәмдеуіштер жеткілікті. Егер майонезбен дайындалған кәуаптың дәмі ұнайтын болса, аз мөлшерде қосуға болады, бірақ ол мінсіз кәуаптың басты шарты емес. Керісінше, пияз, минералды су немесе айран қосылған жеңіл маринадтар еттің табиғи дәмін жақсырақ сақтайды.
6. Көкөністерді дұрыс қуырыңыз
Кәуаппен бірге ұсынылатын көкөністер де ерекше дайындықты қажет етеді. Баялды, кәді мен тәтті бұрышты алдымен жеңіл қуырып алып, кейін фольгаға орап бірнеше минут ұстасаңыз, олар ішінен жұмсақ, сыртынан тәбетті болып шығады.
7. Міндеттерді бөлісіңіз
Табиғаттағы демалыс кезінде барлық жұмысты бір адамның атқаруы қиын. Бірі көмірді дайындаса, екіншісі етті қадағалап, үшіншісі көкөністер мен дастарқанды әзірлегені тиімді. Осылайша ас дайындау жеңілдеп, демалыс та көңілді өтеді.
Мінсіз кәуаптың сыры тек етте емес. Етті дұрыс таңдау, көмірдің қызуын бақылау, маринадты шамадан тыс күрделендірмеу және уақытты тиімді ұйымдастыру – бәрі де соңғы нәтижеге әсер етеді. Осы қарапайым кеңестерді ұстансаңыз, табиғат аясындағы демалысыңыз бұрынғыдан да дәмді әрі есте қаларлық болмақ.