Жаңалықтар

«Dala Dauysy» республикалық конкурсына құжат қабылдау басталды

«Dala Dauysy» республикалық конкурсына құжат қабылдау басталды
Фото: © Pixabay.com 02.04.2024 13:29 331

Мәдениет және ақпарат министрлігі дәстүрлі, классикалық, эстрадалық және театр өнері жанры бойынша шығармаларды жарыққа шығаратын авторларды қолдау және насихаттау мақсатында, Республикалық «DALA DAUYSY» конкурсын жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, шығармашылық конкурстың жалпы жүлде қоры – 47 млн теңге.

Республикалық конкурс мәдени мұрамызды сақтау, қайта жаңғырту, қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайту, өскелең ұрпақты адамгершілік пен патриоттыққа тәрбиелейтін жаңа туындылар авторларын қолдау мақсатында өткізіледі.

Конкурс 5 номинация бойынша 15 сыйлықты қамтиды: «Үздік фольклорлық музыка», «Үздік классикалық музыка», «Үздік драматургиялық туынды», «Үздік музыкалық-театрлық жанр туындысы», «Республика әні» (Эстрада жанры), Мәдениет және ақпарат министрлігінің екі арнайы жүлдесі қарастырылған.

Жеңімпаздар мен лауреаттарды жабық тәртіп бойынша арнайы құрылған қазылар алқасы анықтайды. Оның құрамына Қазақстанның белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері кірді.

Конкурсқа соңғы екі жылда жазылып, көпшілік алдында жарияланбаған қазақстандық композиторлар мен жазушылардың шығармалары қабылданады. Жоба көпшілік қауымға заманауи өнердегі жаңа есімдерді таныстырмақ.

Өтініш қағаз түрінде 2024 жылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін, Астана қаласы, Қалибек Қуанышбаев көшесі 8/1, № 229 кабинет мекенжайы бойынша қабылданады.

Жеңімпаздар 2024 жылдың қазан айында марапатталады. Конкурсқа қатысты қосымша ақпаратты Мәдениет және ақпарат министрлігінің сайтынан алуға болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға