Жаңалықтар

«Dala Dauysy» республикалық байқауына құжат қабылдау басталды

«Dala Dauysy» республикалық байқауына құжат қабылдау басталды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 02.04.2024 05:28 308

Мәдениет және ақпарат министрлігі дәстүрлі, классикалық, эстрадалық және театр өнері жанры бойынша  шығармаларды жарыққа шығаратын авторларды қолдау және насихаттау мақсатында республикалық «DALA DAUYSY» конкурсын жариялады. Шығармашылық байқаудың жалпы жүлде қоры – 47 млн теңге, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Республикалық конкурс мәдени мұрамызды сақтау, қайта жаңғырту, қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайту, өскелең ұрпақты адамгершілік пен патриоттыққа тәрбиелейтін жаңа туындылар авторларын қолдау мақсатында өткізіледі.

Байқау 5 номинация бойынша 15 сыйлықты қамтиды. Олар: «Үздік фольклорлық музыка», «Үздік классикалық музыка», «Үздік драматургиялық туынды», «Үздік музыкалық-театрлық жанр туындысы», «Республика әні» (эстрада жанры), Мәдениет және ақпарат министрлігінің екі арнайы жүлдесі қарастырылған.

Жеңімпаздар мен лауреаттарды жабық тәртіп бойынша арнайы құрылған қазылар алқасы анықтайды. Оның құрамына Қазақстанның белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері кірді. Конкурсқа соңғы екі жылда жазылып, көпшілік алдында жарияланбаған қазақстандық композиторлар мен жазушылардың шығармалары қабылданады. Жоба көпшілік қауымға заманауи өнердегі жаңа есімдерді таныстырмақ, - деп атап өтті министрліктен. 

Өтініш қағаз түрінде 2024 жылдың 1 сәуірінен 1 қазанға дейін Астана қаласы, Қалибек Қуанышбаев көшесі 8/1 мекенжайындағы № 229 кабинетте қабылданады.

Жеңімпаздар 2024 жылдың қазан айында марапатталады.

Конкурсқа қатысты қосымша ақпаратты Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтынан алуға болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға