Жаңалықтар

DALA DAUYSY республикалық конкурсы жарияланды

Жалпы қоры 46 млн теңгені құрайтын конкурс негізгі үлкен 5 номинация бойынша 16 сыйлықты қамтиды.
DALA DAUYSY республикалық конкурсы жарияланды
Фото: дереккөз 16.10.2022 01:48 1439

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды EL.KZ.

Қай дәуірді алып қарамайық, өзінің үнін, бейнесін, шежіресін міндетті түрде тарих жылнамаларына жазып қалдырады. Әр халық өзінің өнері мен тілін, ұлттық музыкасы мен әдебиетін өркендету арқылы жас ұрпаққа жол нұсқайды. Бұл қадам қазіргідей жаһандану жағдайында тіпті ерекше мәнге ие,- дейді Абаев.

Сондай-ақ ол сол ұлттық құндылықтарды ұлықтап, жаңа өнер туындылары авторларын қолдауға бағытталған «DALA DAUYSY» республикалық конкурсын жариялап отырғанын айтты.

Жалпы қоры 46 млн теңгені құрайтын конкурс негізгі үлкен 5 номинация бойынша 16 сыйлықты қамтиды. Оның ішіндегі, «25 қазан – Республика күні» ұлттық мерекесін өнерпаздарымыз шығармашылықтарына арқау ету үшін арнайы тағайындалған «Республика әні» (эстрада жанры бойынша патриоттық әндер) номинациясын ерекше атап кетуімізге болады,- дейді ол.

Сонымен жоғарыда айтылған 5 номинация:
«Үздік фольклорлық музыка»; 
«Үздік классикалық музыка»;
«Үздік драматургиялық туынды»;
«Үздік музыкалық-театрлық жанр туындысы»;
«Республика әні» (Эстрада жанры);
Мәдениет және спорт министрлігінің 2  арнайы жүлдесі бар.

Жаңа авторды елге танытуға, тың туындылардың көпшікке таралуына, патриоттық әндердің кеңінен насихатталуына серпін беретін конкурс шығармашылық иелерін бей-жай қалдырмайды деп сенеміз, дейді Дәурен Абаев.

Конкурс туралы толық ақпарат Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының www.kaztheatre.kz сайтында көрсетілген.

Өтінімдер 15 қазан мен 15 қараша аралығында қабылданып, сыйлықты тапсыру кезеңі желтоқсан айына жоспарланып отыр.

Өнерпаздарымыз бәйгеге аттарын қосып, бақтарын сынайтын, жеңімпаздар қомақты жүлдемен марапатталатын жаңа жобаны бірге қолдайық!,- деп қорытындылаған сөзін Абаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға