Любовь Юн – Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан таеквондосының тарихына енген спортшы. Ол қола медаль жеңіп алып, қыздар арасында осы спорт түрінен Олимпиада жүлдесіне қол жеткізген алғашқы қазақстандық таеквондошы атанды.
Қазақстандық спортшы Сенегал астанасы Дакарда өткен жасөспірімдер Олимпиадасында 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Ол жарысты қола медальмен аяқтап, ел спорты үшін тарихи жетістікке қол жеткізді.
Алтынды көздеген спортшы
Любовь Юн Олимпиадаға үлкен үмітпен барған. Оның басты мақсаты – чемпион атанып, алтын медаль жеңіп алу еді. Сондықтан жарыс қорытындысы көңілінде қуанышпен қатар, аздаған өкініш те қалдырды.
«Әрине, Олимпиада медалін иеленіп, осындай ірі додада Қазақстанның намысын абыроймен қорғау үлкен қуаныш. Дегенмен көңілде аздаған өкініш болды. Себебі мен алтын үшін барған едім», – дейді спортшы.
Юн жүлденің маңызын бірден толық сезіне қоймағанын да жасырмайды. Араға уақыт салып, жасөспірімдер Олимпиадасының медаль иегері атанудың қаншалықты үлкен жетістік екенін түсінген.
Тарихи медаль және үлкен жауапкершілік
Любовь Юнның Дакардағы қола жүлдесі – жеке жетістігі ғана емес, Қазақстан таеквондосындағы маңызды тарихи нәтиже. Ол қыздар арасында жасөспірімдер Олимпиадасының медалін жеңіп алған алғашқы қазақстандық таеквондошы атанды.
Спортшы бұл жетістікті үлкен жауапкершілік әрі мақтаныш деп бағалайды. Оның айтуынша, Олимпиада жүлдесі спортқа енді қадам басқан қыздарға үлгі болып, оларды биік мақсаттарға ұмтылуға жігерлендірсе екен.
Олимпиададағы жартылай финалдық кездесу Юн үшін оңай болған жоқ. Қарсыласы жақсы дайындалған, айла-тәсілдерді тиімді қолдана білетін спортшы болғандықтан, қазақстандық таеквондошы жоспарлаған әдістерін толық жүзеге асыра алмады.
Әсіресе, қарсыласының айқасу стилі мен уақытылы жасаған қарсы шабуылдары қиындық туғызған. Жекпе-жекке дейін бапкерімен бірге қарсыласын зерттеп, арнайы тактика құрған. Алғашқы болып шабуыл жасауға және арақашықтықты сақтауға басымдық берген.
Раундтар арасындағы үзілісте бапкерінің тапсырмаларын орындауға тырысқанымен, бәрі ойдағыдай болмаған. Дегенмен Юн бұл кездесуді үлкен тәжірибе ретінде қабылдайды. Оның пікірінше, мұндай жарыстарда әр сәт маңызды, кейде кішкентай қателіктің өзі нәтиже шешуі мүмкін.
Ересектер спортына жаңа қадам
Жасөспірімдер арасындағы 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Любовь Юн ересектер санатына ауысқанда 62 келіге дейінгі салмақта сынға түсуді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта оны жаңа салмаққа бейімделу, физикалық және психологиялық дайындықты күшейту, техникалық шеберлігін жетілдіру міндеттері күтіп тұр. Спортшы ересектер арасындағы бәсекенің әлдеқайда жоғары екенін жақсы түсінеді. Сондықтан қазір жаттығуға бар күшін салып, бұрын жіберген қателіктерін түзетуге көңіл бөлуде.
Оның жоспары – біртіндеп ересектер арасындағы халықаралық жарыстарға қатысып, Қазақстанның намысын абыроймен қорғау. Любовь Юнның ең үлкен арманы – ересектер арасында Олимпиада чемпионы атану. Ол болашақта алтын тұғырға көтеріліп, Қазақстанның әнұранын шырқатуды мақсат етеді.
Дакардағы қола медаль жас спортшының үлкен жолындағы алғашқы маңызды белеске айналды. Ал Юн үшін бұл нәтиже тоқмейісуге емес, керісінше, бұдан да биік мақсаттарға ұмтылуға себеп.
Ең басты арманым – ересектер арасында Олимпиада чемпионы атанып, алтын тұғырда Қазақстанның әнұранын шырқату. Сондай-ақ осы жылдар бойы төккен терім мен еткен еңбегімнің зая кетпегенін ең алдымен өзіме дәлелдегім келеді, – дейді Любовь Юн ҰОК-қа берген сұхбатында.