Жаңалықтар

Cу тасқыны болып жатқан аймақтарда 377 сәби дүниеге келді

Cу тасқыны болып жатқан аймақтарда 377 сәби дүниеге келді
Фото: Атырау облысы әкімдігі 21.04.2024 12:25 530

Төтенше жағдайлар жарияланған аймақтарда тағы 400-ден астам жүкті әйел бақылауда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

 Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиеваның айтуынша су тасқыны орын алған өңірлердегі жұртшылықтың денсаулық жағдайы бақылауда.

ТЖ режимі қолданылатын барлық өңірлерде 421 жүкті әйел бақылауда. 86 әйел амбулаториялық және стационарлық деңгейде медициналық көмек алады. Осы уақытқа дейін мамандар 377 босануды қабылдады. Су тасқыны басталғаннан бері ең көп бала Қостанай, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында дүниеге келген, - деді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі. 

Ол осы аптада республикалық ғылыми орталықтардың жоғары дәрежелі бейінді мамандарының, Денсаулық сақтау министрлігінің мамандарының су тасқыны аймақтарындағы тұрғындарға консультациялық көмек көрсету және медицина қызметкерлеріне әдіснамалық қолдау көрсету үшін өңірлерге сапарлары ұйымдастырылғанын атап өтті. 

Маңғыстау облысында дәрігерлер тобы стационарлық және амбулаториялық емделіп жатқан 270-тен астам пациентке кеңес берді. БҚО, Абай және Ұлытау облыстарында сарапшылар 20-дан астам медициналық ұйымға барып, 550-ден астам пациентке кеңес берді. 

Өңірлерде 680 медицина қызметкері, оның ішінде 140 дәрігер, сондай-ақ 67 психолог кезекшілікте болады екен. Су тасқыны аймақтарынан эвакуацияланғандардың ішінде 674 адам әртүрлі созылмалы ауруларға шалдыққан. Оларды медицина қызметкерлері бақылайды. Эвакуациялық пункттерде 4000-ға жуық бала бар. Оның ішінде 76 бала стационарлық көмек алып, 47-сі амбулаториялық ем алған. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға