Жаңалықтар

Ерлікке тағзым, елжандылықтан – тағылым

993 жылы 3 шілде күні Талдықорған облысы Бел жайлауында Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс батыр басқарған Орбұлақ шайқасының 350 жылдығы салтанатында сөйлеген сөзі. Әлеумет! Айналаға қараңызшы... Асқар тау, саумал ауа, көк майса – бәрі-бәрі: «өс, өн, өрбі, мейірлен, шаттан!» – дейтіндей ғой. Бірақ бүгін бұл араға осынша ғажайып сұлулықты қызықтауға, жомарт табиғаттың мынау шарасынан асып, шалқып-төгіліп жатқан шарапаты мен рахатын тамашалауға емес, тағзым етіп, тағылым алуға келіп тұрмыз. Біз үшін бұл араның әр тасы киелі, әр бұтасы қасиетті. Олар бұдан үш жарым ғасыр уақыт бұрын көз көріп құла естімеген ерен ерлікке куә болған. Сондағы атамекеннің қамы үшін, ата-жұрттың бағы үшін арыстан боп алысып, жолбарыс боп жұлысқан алты жүз сайыпқыранның бәрінің бірдей аты есімізге түсіп тұрған жоқ. Бірақ бәріміздің де бойымызды кернеп тұрған – солардың қаны, ойымызды тербеп тұрған – солардың арманы, жадымыздағы солардың өсиеті, жанымыздағы – солардың қасиеті. Бәлкім, тіпті талайымыздың бет-әлпетімізде де солардың дидары тұрған шығар. Ендеше, екі дүниеде де мейманасы асып, нұры тасыды деген осы болады. Қайсыбірі осы арада шейіт болған, қайсы біріне кейін басқа арадан топырақ бұйырған қасиетті бабаларымыздың аруақтарының алдында солардың ерліктерінің арқасында аман қалып, өсіп-өніп, он миллионнан асып отырған ызғындай ұрпақтың атынан бас иіп тағзым етеміз. «Жарықтықтарым, жандарыңыз жаннатта болғай, ел-жұртқа тілеп өткен тілектеріңіз жаратқан иенің жақсы құлағына шалынып, қабыл бола бергей!» – дейміз. Біздің бұлайша тебіренетіндігіміз – егемендік алған еліміз бен тәуелсіз болған мемлекетіміздің тамырын тереңге тартқан телегей тарихымыздың ең бір манызды, мағыналы тарауы осы арадан басталғанды. Дүние жаратылып, су аққалы мынау салқар сахараны әрлі-берлі кесе көктей көшіп-қонып жүрген ежелгі жұртымыз талай рет дербес орда тігіп, өз алдына ел болды. Талай рет басқыншылық дауылы сапырып, шаңырағы шайқалды. Бірақ еркіндікке ұмытылған асау арманын ешкім өшіре алған жоқ. Бұдан бес ғасырдай бұрын да қос құрлықты қоса айқарған алып империя ыдырағанда біздің халқымыз тап осы далада тап осылай орда тіккен-ді. Бірақ, ол заманда бұны құптағандардан гөрі ұқпағандар көп болды. Әсіресе, Шыңғысхан империясының құлауы нәтижесінде Еуразияда шешуші ықпалға ие бола бастаған іргелі мемлекеттер осынау көл-көсір кеңістікті тікелей не жанамалай өз ықпалдарында ұстауға тырысты. Ол үшін бұрынғы көшпелі империяның орнында пайда болған діні, тілі, саяси дәстүрлері жағынан да әр түрлі жікке бөлінетін көшпелі хандықтарды бір-біріне айдап салды. Бұл жолда жаңа билеушілердің аталмыш кеңістікті бір өзі жеке дара билейтін үстемдікке ие болу, күйреген империяның күйтін күйттеп, ол үшін кек қайтару пиғылдарын асқан шеберлікпен пайдалана білді. Көршілес жаңа империялардың мұндай әрекет саясаттарын түсінбеген кейбір көшпелі мемлекеттер бір кезде Шыңғысхан қол астында болған жерлерді түгелдей не ішінара қайтарып алу мақсатында шындап кірісті. XV ғасырда Гоби мен Алтай арасынан бас көтере бастаған Жоңғар хандығы сондай пиғылдың бірден-бір ұясына айналды. Әйгілі тарихшы Н. Бичуриннің пайымдауынша, Есенханнан Хара-Хулаға дейінгі бір жарым ғасырлық бейбітшілік тұсында әдейі көбейіп, байып алған ойраттар Шыңғыс хан империясын қайта тірілту үшін Алтайдан Атырауға, Оралдан Үнді шекарасына дейінгі аймақты өзіне қаратып алуға ниеттенді. Өзара араздасқан боп, бірін-бірі көрші елдердің жеріне білдіртпей басып кіруге итермеледі. Әсіресе торғауыттар мен қошауыттар жаңа мемлекетке бірігіп жатқан қазақ тайпаларының Сырдария бойына жинақталуын пайдаланып, уақытша босап қалған Ертіс, Шідерті, Қамысты, Есіл бойларын иемдене отырып, Еділ сағасына дейін жетті. Бұл, академик Н. Веселовский айтқандай, тіпті де алауыздықтан бөліне-жарылу емес, «жаңа жерлер жаулап алу мен Шыңғыс хан империясын қайтадан қалпына келтірудің мықтап ойластырылған жоспары», – еді. Өріс мәселесін бұлай шешкенмен, қытай базарынан аласталған ойраттар сауда-саттықта басқаша жол іздеді. Ең таяу тұрған Орта Азия базарына жетуге асықты. Бұл арада күшке жүгінуге ниеттенді. 1640 жылы Тарбағатай құрылтайы «Дала жосығын» қабылдап, Жоңғар хандығы мемлекеттік құрылымын, шаруашылық үрдісін, ішкі-сыртқы саясатын біржола миллитаристік сипатқа көшірді. Оған шығыстағы цин қысымы, батыстағы сауда-саттық мұқтажы ықпал етті. Ойлаған мақсатқа жетуге жаңа құрылып жатқан қазақ хандығы көп кедергі келтірді. Ол бастапқы кезеңде ойраттармен бейбіт қатынас ұстанды. Келе-келе олар да гәпке түсінді. Әсіресе, ойрат тұтқынынан қашып құтылған Салқам Жәңгір көрші елдерді шығыстан келер қауіптің шын астарын айтып, бірігіп қорғануға шақыра бастады. Батыр қонтайшы ол ниетті жүзеге асыртпау үшін тұтқиылдан соққы беруге бел байлады. Жаңа қорғаныс одағын құрып үлгірмеген Жәңгірге елу мың әскерлі қонтайшыны 1643 жылы бар болғаны алты жүз сарбазбен дәл осы арада тосып алуға тура келді. Өйткені, тосын шабуылды тосын әдіс қана тойтара алатын еді. Әдетте, жоңғарлар осылай тау-тасты сағалап соғысып, ал қазақтар дұшпанын айдалаға ала қашып, бытыратып барып, ұтылап тиісіп жүріп ұтып кететін Батыр қонтайшы да бүйтіп өз әдістері өздерінің алдынан шығады деп ойлаған жоқ еді. Жәңгір, бір жағынан, жасақ жиып үлгере алмады, екіншіден, басқа амалы болмады, үшіншіден, осылай жаңа одақтастарына тезірек шешім қабылдауды мәжбүр етуді көздеді. Ол мақсатына жетті. Әлемдік соғыс өнеріне жаңалық боп енердей мысал тауып берді. Өзінен жүз еседей көп ауыр қолды қисапсыз шығынға ұшыратты. Тек кейіннен көмек келуге жағдай туғызып қана қоймай, қапысыз дайындалған жойқын шабуылды тойтарып, төнгелі тұрған қауіпті көп жылға кейін шегертті. Сол арқылы жас мемлекеттің қорғанысын нығайтуға, көрші елдермен саяси ара-қатынастың сипатын өзгертуге, ішкі ынтымақты, сыртқы ықпалдастықты нығайтуға мүмкіндік алды. Сөйтіп, берісі Орталық Азияда, өрісі жалпы Еуразияда қалыптасып келе жатқан геосаяси ара-салмақты түбірімен өзгертіп жіберді. Әрине, бұл жеңіс жоңғар басқыншылығына түбегейлі тойтарыс бере алмады. Ол араға тоғыз жыл салып қайта жанданды. 1652 жылғы шайқаста он жеті жасар Қалдан Жәңгірмен жекпе-жекке шығып, жеңіп кетті. Одан кейін де бір ғасырға созылған тайталастың тағдыры батысқа қарай баса көктеген цин өктемдігіне ұласып, жоңғар хандығының біржолата жойылуымен тәмамдалды. Заман озды. Дүние өзгерді. Жау тоқтатқан Жәңгір, орда бұзған Жалаңтөс, оларға ерген қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, қарақалпақ, түрікмен батырлары жер көкірегі мен ел көкірегінен тиесілі орындарын иемденді. Алайда, өшпейтін, өзгермейтін нәрселер бар. Анау көбең жылқынық сауырындай жалтылдап жатқан көкмайсаның арасында бір кезде айлап-апталап бастарын ажалға тіккен ардақтардың жанына түскен жыртықтай, тәніне түскен тыртықтай боп атамзаманғы оқпана шұқырлар әлі жатыр. Жер-анаңның көкірегін ойып түскен сол тыртықтарды көріп ойсырамау, Ел-ананың ертеңі туралы ойланбау еш мүмкін емес. Өйткені, бұл арада екі әскер, екі қолбасы емес, екі құбылыс ұстасты. Тәй тәй басқан тәуелсіздікке жалғанды жалпағынан басып қалған көкжал басқыншылық тап берді. Сонда жаны Қарқараға келген азаттықты аман алып қалған отаншылдық болды. Бүгінде, міне, тағы да егемендік қаз тұрып, жаңа тәуелсіздік тәй-тәй басып келеді. Құдайға шүкір, тап Зергелі тұрған қауіптің әзір беті аулақ. Бірақ, қатпаған қабырғаны қайыстырар, бекімеген бұғананы майыстырар шындықтар мен ауыртпалықтар толып жатыр. Ең бастысы – жаңарыстың шабандап, дағдарыстың табандап тұрып алғаны. Біз қолымыздан келгенін істеп жатырмыз. Дүрбелең кезеңде орнықтылықтан ауытқымадық. Уақыт оздырмай, әлемдік қауымдастыққа мүше болып алдық. Жаңа тәртібімізге лайық жаңа жосығымызды қабылдадық. Кей ісімізге мимырттық кездескенмен, көп ісімізде ілгерілеу бар. Аяқ алысымызға алыс-жақын адамзаттың ықласы артып отыр. Өзімізге қойғанда, жұрт қатарлы ел болып кете алатынымызға еш күмән жоқ. Алайда, біз ай астындағы жалғыз ел емеспіз ғой. Жан-жағымызда аулан сипатты, қайшылықтары мол, қат-қабат өзгерістер қатарынан жүріп жатыр. Ол біреулерді армандаған тәуелсіздігіне жеткізсе, екінші біреулерді ғасырлар бойы үйренісіп қалық ықпалынан айырды. Өзгеріс жүрген жерде қиыншылықтар мен қиналыс та жүреді. Жер бетіндегі қалыпты ара салмақ бұзылды. Жаңа ара салмақ әлі қалыптасып үлгерген жоқ. Мұндай жағдай әлеуметтік ауа райында қопарылмалы ахуал орнатары белгілі. Ондай дүдәмалдық жағдайды өз мақсаттарына пайдаланып қалуға тырысатын күштер де аз емес. Кейбіреулер кешегіге, екінші біреулер бәрін қойып тіпті баяғыға тартқыласа, үшінші біреулер жүріп жатқан құбылыстарды одан сайын асықтырғысы келеді. Талайлар кешегі тоталитаризмді құлатарда қолданылған жаппай мансұқтаушылықты одан әрі өршіте түсуге құмар. Оның жас демократия мен тәуелсіздікті де шайып кетуі ықтимал екенін ескермейді. Тіпті егемендік, мемлекеттілік, тәуелсіздік, отаншылдық деген ұғымдарды кертартпалыққа теліп, жоққа шығаруға тырысатындар да табылмай қалып жүрген жоқ. Нарық пен демократия ондай-ондаймен қабыспайды деп қисындайды. Бұл – шындыққа қиянат. Шынайы либерализм, нарық пен демократия, шындап келгенде, екінші дүниежүзілік соғыстан соң өрістеді. Сол екі ортада әлемдегі дербес мемлекеттердің саны екі есе көбейді. Мамандардың пайымдауынша, бұл процесс әлі өрістеу үстінде. Бәрін қойғанда, либерализмнің де, демократияның да отаны болған Батыс Европада тәуелсіздігі мен егемендігінен бас тартып отырған ешкім жоқ. Өйткені, шынайы либерализм, демократия адамдар бостандығын қандай мойындаса, халықтар бостандығын да сондай мойындайды. Азат емес қоғамнан азат азамат шықпайды. Ал азат азамат қоғамының бостандануын, отанының тәуелсіздігін жақтайды. Қол жеткен азаттық пен тәуелсіздікті сыртқы әлімжеттікке, ішкі алауыздыққа қолжаулық қып жіберткізбейді. Егер табиғатта бар ұлттық, мемлекеттік, территориялық сипаттар мен шек-шекараны ескеріп, есепке алмаса, оны өз пайдасына жарата білмесе, нарықтың аты нарық болмас еді. Бірақ ол айырмашылықтарды бір жақты желеулеткен оқшаулануды емес, қайта оларды жан-жақты мұқият ескеретін ықпалдастықты жақтайды. Бәрінің де мүдделес жақтардың үдесінен шығардай тиімді болғанын көздейді. Демократия да табиғатта бар мүлде айырмашылығын жоққа шығарса, әділеттің емес, қиянаттың құралына айналар еді. Бірақ бар айырмашылық – ерекшеліктердің текетірес жолымен емес, бірін-бірі құрметтеушілік, бір-біріне қиянат етпеушілік жолымен шешілуін көздейді. Ендеше, демократия мен нарықтан біздің жас тәуелсіздігімізге тиер зиян жоқ. Егер біз отаншылдықты өз еліміздің тәуелсіздігі мен өз қоғамымыздың кемелдігіне қалтқысыз қызмет ету деп түсінсек, онда сол тәуелсіздікті қамтамасыз еткен жаңарысты одан әрі тереңдете түсуге мүдделі болуға тиіспіз. Ол үшін тек жақын кеңістіктегі жағдайлардың шылауында кетпей, заманалық құбылыстарды да мұқият қадағалай білгеніміз жөн. Санадан әлі кетіп болмаған иемденгіш өркениет экономикалық көрсеқызарлық пен саяси әлімжеттікті біржақты әспеттеп, өзгенің әлжуаздығы мен мұқтаждығын кіріптарлыққа айналдырып, әуелі аймақтық, артынан әлемдік үстемдікке ұмтылатын отаршылдықты туғызды. Ол жан-жаққа бөлінген әлемдік текетіреске ұштасты. Ондай текетірес жеке халықтардың ғана емес, күллі адамзат пен планетаның болашағына түбегейлі қауіп төндіргендіктен де, қазіргі ахуал орнап отыр. Ендігі жерде халықтар мен мемлекеттер бір-біріне кіріптарлықтан жан-жаққа бөлінетін одақтастық жолына түсіп емес, бір-бірінің тәуелсіздігін мойындап, мүдделерін қалтқысыз құрметтеп, бірдей тиімділік жолымен ықпалдасу арқылы ғана құтыла алады. Тек сонда ғана өздерін де, күллі өркениетті де аман сақтап қалады. Бүкіл адамзат соңғы жылдарда болып жатқан өзгерістерден осындай үміт күтіп отыр. Баршамыздың басымызды қатерге тіккен «әлемдік үстемдік жолындағы одақтастар тайталасы» осымен бітсе екен деген тілекте. Ал егер жас тәуелсіздіктер азаттықтың алғашқы кезеңінің күшейе түсер күйзелістеріне шыдамай, жан-жағымен бар жаққа бірдей тиімді демократиялық – өркениеттілік тұрғыдағы ықпалдастық орнатудың орнына жан-жаққа бөліне жарылушылықтың былайғы әлем тарапынан секемшілдік шақыратын жаңа бір түрлері мен қағидаларына бой алдыра бастаса, өздерін тек сырт сипаты мен шекара-аумағы ғана өзгерген сол баяғы кіріптарлық ахуалға, ал адамзатты бір-біріне сеніп болмас қырғи-қабақтық ахуалға қайта оралтар еді. Ендеше, егемендігімізді нығайту, тәуелсіздігімізді баянды ету – біздің халқымыз бен қоғамымыз алдындағы отаншылдық, қалған адамзат алдындағы адамгершілік парызымыз. Ол парызды ойдағыдай атқарып шығудың оңай емес екені рас. Қазіргі күйзелістің тамыры терең, салдары салқар. Жер кең. Байлық мол. Қарамыз аз. Одан туатын қиындықтарды кешегі «орталықшыл экономизм» шешудің орнына, одан сайын шиеленістіріп жібергені мәлім. Өнеркәсібіміздің көбінесе сыртпен ұштасып, іштей тұтаспай жатуы да, бір пұшпағымыздың шығандап озып, екінші пұшпағымыздың қалып қоюы да, бар байлықтың бәрі бола тұра, ештеңеге қарқ бола алмай келгеніміз де тегіннен-тегін емес. Бас-басына би болғысы келетін саяси топтар, бас-басына бай болғысы келетін экономикалық күштер осы жағдайларды пайдалана отырып, онсыз да жолы жіңішке тәуелсіздіктің жолын одан сайын тарылтып бағуда. Жарлының асын жапа-тармағай бісміллә құртады дегендей, жан-жақтан сұғыну, жан-жаққа ала қашу да азаймай тұр. Кешегі салалық өзімшілдіктің орнын енді кәсіпорындық өзімшілдік басты. Оның үстіне ойда жоқта отан жайлы ұғымын қайта қарауға мәжбүр болып отырған миллиондаған жандардың өздері мен балаларының болашағына бола заңды алаңдаушылығын пайдаланып, бөліне-жарылушылықты, жер, тіл, лауазым дауын қопсытқысы келетіндер де баршылық. Қысқасы, шетін мәселелер көп. Шешуге мүмкіндік тапшы. Ол мүмкіндікті қамтамасыз ету үшін де уақыт қажет. Бұл орнықтылықты талап етеді. Тәуелсіздікке жұлдызы қарсылар, ең алдымен, сол орнықтылықты шайқалтуға құштар. Сәл нәрседен ілік шығара қойғыш, дау туғыза қойғыш күштердің де көздейтіні сол. Жанжал шығарып, жауапкершілігін жас тәуелсіздікке арта салу – тоталитаристік кекшілдіктің кәнігі тәсілі. Ондайдың шылауында кетіп, саяси әулекілік пен әлеуметтік шыдамсыздыққа жол беріп алған аймақтардың күндерінің қандай болып жатқанын көріп отырмыз. Ендеше, дәл бүгінгі таңда бізге керек отаншылдық пен елжандылықтың ең басты сипаттары: саяси қоқан-лоқының қай түріне де төтеп бере алатын ұстамдылық, өз қамын өзі жеп, өз құлқын өзі түзей алатын салихалылық, өзгелер мүддесіне түсіне қарайтын, қолынан келсе қолғабыс жасап, қолынан келмесе, біреудің басындағы жайсыздықты ушықтырмайтын ізгіліктілік, ертең өзі қиянат көрмеу үшін бүгін өзгеге қиянат жасамау керектігін ұмытпайтын көшелі көрегендік болса лазым. Ал азаматтық жігер, әлеуметтік белсенділік, ұлттық намысқа келсек, оны, ең алдымен, өз бойымыздағы кетік-кемтікті түзетуге жұмсаған жөн. Қауырт келген өзгерістер бұл жағынан оязымыз мол екенін бұрынғыдан да айқындай түсті. Ата-бабадан қалған кең байтақ даланың асты мен үстіндегі бар байлықтың бәрін өндіріп, өңдеп, ұқсатуға жетілмей тұрып, экономикалық тәуелсіздіктің іргесі өз-өзінен орныға салмайды. Өзгеріп жатқан дүниенің қай құбылысын да сырттай қызықтамай, бел шешіп араласып, белсене ықпал ете алмай тұрып, тереземіздің теңеліп кете қоюы да қиын. Ұлан-байтақ өлкеміздің қай пұшпағын да өз үйіміздей көріп, ыстығына күйіп, суығына тоңып, бір атаның баласындай бірге көгертіп, бірге құлпыртуға білек сыбанып бірге кіріспеген жерде, бірлік-береке жайындағы әңгіменің де тұзы жеңілдей бермекші. Етек-жеңі Европа мен Азияны бірдей қамтып жатқан ен байтақ Отанымызды жаңаша қорғап үйренбей тұрып, заманамен қатар адымдап, қатар дамуымыз да күмәнды. Демократия оңай бақ табу, нарық оңай мал табу деп ұғатындардың мықтап қателесетінін уақыт өзі көрсетіп беріп отыр. Біз бұған дейін бір-бірімізбен жарысып келсек, енді күллі адамзатпен жарысқа түсуге тура келеді. Намыс қуған дұрыс. Мансап, бақ, дәулет іздеген де теріс емес шығар. Бірақ, ол жолда ұпайымыз түгел болуы үшін өзімізді өзіміз қамшылай, өзімізді өзіміз шыңдай білуіміз керек. Сары уайым сапыратын уақыт кетті. Сарқылмас сабыр, ұтымды әрекет, тыңғылықты ыждаһатты күйттейтін уақыт жетті. Өйткені, әркім өз талайын өзінен көретін тәуекел мен жауапкершілік кезеңі келді. Әйтпесе, есесі кетеді. Опық жейді. Мұндай әңгімеден ешкім апшымауға тиіс. Өйткені, қандай халық, қандай қауым болмасын, өзінің тарихи дамуын өзінің тарихи отанында толығымен қамтамасыз ете алған жағдайда ғана, ішкі күштермен жарастықты ынтымақтаса, сыртқы күштермен тиімді ықпалдаса алмақшы. Біз таңғажайып қиял дүниесінде емес, кедір-бұдыр шындық дүниесінде өмір сүріп отырғанымызды бір сәт те ұмытпағанымыз жөн. Ешкімнің қызылына қызықпайтынымыз белгілі. Бірақ, ештеңеден де қапы соғып қалмауымыз керек. Орнықсыз заманда озбырлыққа құрбан болып аярлықтан алданып қалмауымыз үшін тыңғылықты білік те, тегеурінді білек те, тәуекелшіл жүрек те керек... Тек сонда ғана азаматтықтың ақ жолында мерт болған арғы-бергі ата-бабаның лайықты ұрпағы, олар қорғаған атамекеннің бүгінгі қожасы, әрі панасы, жасарып-жаңғырып жатқан адамзат қауымдастығының терезесі тең мүшесі бола аламыз. Желдің өтінде, жаудың бетінде жүріп, сонау қадым ғасырлар түкпірінен бүгінгі тәуелсіздік пен егемендікке жол салып берген қаһарман бабаларымыздың шәйіт қаны тамған шайқас орнында бас қосып, ерліктеріне тағзым етіп, нар тәуекелдері мен береке-бірліктерінен тағылым ала отырып, байласар пәтуамыз бен берер сертіміз осы болса керек деп білеміз.  
08.12.2012 05:09 12282

993 жылы 3 шілде күні
Талдықорған облысы Бел жайлауында
Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс батыр
басқарған Орбұлақ шайқасының 350 жылдығы
салтанатында сөйлеген сөзі.

Әлеумет!

Айналаға қараңызшы... Асқар тау, саумал ауа, көк майса – бәрі-бәрі: «өс, өн, өрбі, мейірлен, шаттан!» – дейтіндей ғой. Бірақ бүгін бұл араға осынша ғажайып сұлулықты қызықтауға, жомарт табиғаттың мынау шарасынан асып, шалқып-төгіліп жатқан шарапаты мен рахатын тамашалауға емес, тағзым етіп, тағылым алуға келіп тұрмыз. Біз үшін бұл араның әр тасы киелі, әр бұтасы қасиетті. Олар бұдан үш жарым ғасыр уақыт бұрын көз көріп құла естімеген ерен ерлікке куә болған. Сондағы атамекеннің қамы үшін, ата-жұрттың бағы үшін арыстан боп алысып, жолбарыс боп жұлысқан алты жүз сайыпқыранның бәрінің бірдей аты есімізге түсіп тұрған жоқ. Бірақ бәріміздің де бойымызды кернеп тұрған – солардың қаны, ойымызды тербеп тұрған – солардың арманы, жадымыздағы солардың өсиеті, жанымыздағы – солардың қасиеті. Бәлкім, тіпті талайымыздың бет-әлпетімізде де солардың дидары тұрған шығар. Ендеше, екі дүниеде де мейманасы асып, нұры тасыды деген осы болады. Қайсыбірі осы арада шейіт болған, қайсы біріне кейін басқа арадан топырақ бұйырған қасиетті бабаларымыздың аруақтарының алдында солардың ерліктерінің арқасында аман қалып, өсіп-өніп, он миллионнан асып отырған ызғындай ұрпақтың атынан бас иіп тағзым етеміз.

«Жарықтықтарым, жандарыңыз жаннатта болғай, ел-жұртқа тілеп өткен тілектеріңіз жаратқан иенің жақсы құлағына шалынып, қабыл бола бергей!» – дейміз.

Біздің бұлайша тебіренетіндігіміз – егемендік алған еліміз бен тәуелсіз болған мемлекетіміздің тамырын тереңге тартқан телегей тарихымыздың ең бір манызды, мағыналы тарауы осы арадан басталғанды.

Дүние жаратылып, су аққалы мынау салқар сахараны әрлі-берлі кесе көктей көшіп-қонып жүрген ежелгі жұртымыз талай рет дербес орда тігіп, өз алдына ел болды. Талай рет басқыншылық дауылы сапырып, шаңырағы шайқалды. Бірақ еркіндікке ұмытылған асау арманын ешкім өшіре алған жоқ.

Бұдан бес ғасырдай бұрын да қос құрлықты қоса айқарған алып империя ыдырағанда біздің халқымыз тап осы далада тап осылай орда тіккен-ді. Бірақ, ол заманда бұны құптағандардан гөрі ұқпағандар көп болды. Әсіресе, Шыңғысхан империясының құлауы нәтижесінде Еуразияда шешуші ықпалға ие бола бастаған іргелі мемлекеттер осынау көл-көсір кеңістікті тікелей не жанамалай өз ықпалдарында ұстауға тырысты. Ол үшін бұрынғы көшпелі империяның орнында пайда болған діні, тілі, саяси дәстүрлері жағынан да әр түрлі жікке бөлінетін көшпелі хандықтарды бір-біріне айдап салды. Бұл жолда жаңа билеушілердің аталмыш кеңістікті бір өзі жеке дара билейтін үстемдікке ие болу, күйреген империяның күйтін күйттеп, ол үшін кек қайтару пиғылдарын асқан шеберлікпен пайдалана білді. Көршілес жаңа империялардың мұндай әрекет саясаттарын түсінбеген кейбір көшпелі мемлекеттер бір кезде Шыңғысхан қол астында болған жерлерді түгелдей не ішінара қайтарып алу мақсатында шындап кірісті. XV ғасырда Гоби мен Алтай арасынан бас көтере бастаған Жоңғар хандығы сондай пиғылдың бірден-бір ұясына айналды. Әйгілі тарихшы Н. Бичуриннің пайымдауынша, Есенханнан Хара-Хулаға дейінгі бір жарым ғасырлық бейбітшілік тұсында әдейі көбейіп, байып алған ойраттар Шыңғыс хан империясын қайта тірілту үшін Алтайдан Атырауға, Оралдан Үнді шекарасына дейінгі аймақты өзіне қаратып алуға ниеттенді. Өзара араздасқан боп, бірін-бірі көрші елдердің жеріне білдіртпей басып кіруге итермеледі. Әсіресе торғауыттар мен қошауыттар жаңа мемлекетке бірігіп жатқан қазақ тайпаларының Сырдария бойына жинақталуын пайдаланып, уақытша босап қалған Ертіс, Шідерті, Қамысты, Есіл бойларын иемдене отырып, Еділ сағасына дейін жетті. Бұл, академик Н. Веселовский айтқандай, тіпті де алауыздықтан бөліне-жарылу емес, «жаңа жерлер жаулап алу мен Шыңғыс хан империясын қайтадан қалпына келтірудің мықтап ойластырылған жоспары», – еді. Өріс мәселесін бұлай шешкенмен, қытай базарынан аласталған ойраттар сауда-саттықта басқаша жол іздеді. Ең таяу тұрған Орта Азия базарына жетуге асықты. Бұл арада күшке жүгінуге ниеттенді. 1640 жылы Тарбағатай құрылтайы «Дала жосығын» қабылдап, Жоңғар хандығы мемлекеттік құрылымын, шаруашылық үрдісін, ішкі-сыртқы саясатын біржола миллитаристік сипатқа көшірді. Оған шығыстағы цин қысымы, батыстағы сауда-саттық мұқтажы ықпал етті. Ойлаған мақсатқа жетуге жаңа құрылып жатқан қазақ хандығы көп кедергі келтірді. Ол бастапқы кезеңде ойраттармен бейбіт қатынас ұстанды. Келе-келе олар да гәпке түсінді. Әсіресе, ойрат тұтқынынан қашып құтылған Салқам Жәңгір көрші елдерді шығыстан келер қауіптің шын астарын айтып, бірігіп қорғануға шақыра бастады. Батыр қонтайшы ол ниетті жүзеге асыртпау үшін тұтқиылдан соққы беруге бел байлады. Жаңа қорғаныс одағын құрып үлгірмеген Жәңгірге елу мың әскерлі қонтайшыны 1643 жылы бар болғаны алты жүз сарбазбен дәл осы арада тосып алуға тура келді. Өйткені, тосын шабуылды тосын әдіс қана тойтара алатын еді. Әдетте, жоңғарлар осылай тау-тасты сағалап соғысып, ал қазақтар дұшпанын айдалаға ала қашып, бытыратып барып, ұтылап тиісіп жүріп ұтып кететін Батыр қонтайшы да бүйтіп өз әдістері өздерінің алдынан шығады деп ойлаған жоқ еді. Жәңгір, бір жағынан, жасақ жиып үлгере алмады, екіншіден, басқа амалы болмады, үшіншіден, осылай жаңа одақтастарына тезірек шешім қабылдауды мәжбүр етуді көздеді. Ол мақсатына жетті. Әлемдік соғыс өнеріне жаңалық боп енердей мысал тауып берді. Өзінен жүз еседей көп ауыр қолды қисапсыз шығынға ұшыратты. Тек кейіннен көмек келуге жағдай туғызып қана қоймай, қапысыз дайындалған жойқын шабуылды тойтарып, төнгелі тұрған қауіпті көп жылға кейін шегертті. Сол арқылы жас мемлекеттің қорғанысын нығайтуға, көрші елдермен саяси ара-қатынастың сипатын өзгертуге, ішкі ынтымақты, сыртқы ықпалдастықты нығайтуға мүмкіндік алды. Сөйтіп, берісі Орталық Азияда, өрісі жалпы Еуразияда қалыптасып келе жатқан геосаяси ара-салмақты түбірімен өзгертіп жіберді. Әрине, бұл жеңіс жоңғар басқыншылығына түбегейлі тойтарыс бере алмады. Ол араға тоғыз жыл салып қайта жанданды. 1652 жылғы шайқаста он жеті жасар Қалдан Жәңгірмен жекпе-жекке шығып, жеңіп кетті. Одан кейін де бір ғасырға созылған тайталастың тағдыры батысқа қарай баса көктеген цин өктемдігіне ұласып, жоңғар хандығының біржолата жойылуымен тәмамдалды.

Заман озды. Дүние өзгерді. Жау тоқтатқан Жәңгір, орда бұзған Жалаңтөс, оларға ерген қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, қарақалпақ, түрікмен батырлары жер көкірегі мен ел көкірегінен тиесілі орындарын иемденді. Алайда, өшпейтін, өзгермейтін нәрселер бар. Анау көбең жылқынық сауырындай жалтылдап жатқан көкмайсаның арасында бір кезде айлап-апталап бастарын ажалға тіккен ардақтардың жанына түскен жыртықтай, тәніне түскен тыртықтай боп атамзаманғы оқпана шұқырлар әлі жатыр. Жер-анаңның көкірегін ойып түскен сол тыртықтарды көріп ойсырамау, Ел-ананың ертеңі туралы ойланбау еш мүмкін емес.

Өйткені, бұл арада екі әскер, екі қолбасы емес, екі құбылыс ұстасты. Тәй тәй басқан тәуелсіздікке жалғанды жалпағынан басып қалған көкжал басқыншылық тап берді. Сонда жаны Қарқараға келген азаттықты аман алып қалған отаншылдық болды.

Бүгінде, міне, тағы да егемендік қаз тұрып, жаңа тәуелсіздік тәй-тәй басып келеді. Құдайға шүкір, тап Зергелі тұрған қауіптің әзір беті аулақ. Бірақ, қатпаған қабырғаны қайыстырар, бекімеген бұғананы майыстырар шындықтар мен ауыртпалықтар толып жатыр. Ең бастысы – жаңарыстың шабандап, дағдарыстың табандап тұрып алғаны. Біз қолымыздан келгенін істеп жатырмыз. Дүрбелең кезеңде орнықтылықтан ауытқымадық. Уақыт оздырмай, әлемдік қауымдастыққа мүше болып алдық. Жаңа тәртібімізге лайық жаңа жосығымызды қабылдадық. Кей ісімізге мимырттық кездескенмен, көп ісімізде ілгерілеу бар. Аяқ алысымызға алыс-жақын адамзаттың ықласы артып отыр. Өзімізге қойғанда, жұрт қатарлы ел болып кете алатынымызға еш күмән жоқ. Алайда, біз ай астындағы жалғыз ел емеспіз ғой. Жан-жағымызда аулан сипатты, қайшылықтары мол, қат-қабат өзгерістер қатарынан жүріп жатыр. Ол біреулерді армандаған тәуелсіздігіне жеткізсе, екінші біреулерді ғасырлар бойы үйренісіп қалық ықпалынан айырды. Өзгеріс жүрген жерде қиыншылықтар мен қиналыс та жүреді. Жер бетіндегі қалыпты ара салмақ бұзылды. Жаңа ара салмақ әлі қалыптасып үлгерген жоқ. Мұндай жағдай әлеуметтік ауа райында қопарылмалы ахуал орнатары белгілі. Ондай дүдәмалдық жағдайды өз мақсаттарына пайдаланып қалуға тырысатын күштер де аз емес. Кейбіреулер кешегіге, екінші біреулер бәрін қойып тіпті баяғыға тартқыласа, үшінші біреулер жүріп жатқан құбылыстарды одан сайын асықтырғысы келеді. Талайлар кешегі тоталитаризмді құлатарда қолданылған жаппай мансұқтаушылықты одан әрі өршіте түсуге құмар. Оның жас демократия мен тәуелсіздікті де шайып кетуі ықтимал екенін ескермейді. Тіпті егемендік, мемлекеттілік, тәуелсіздік, отаншылдық деген ұғымдарды кертартпалыққа теліп, жоққа шығаруға тырысатындар да табылмай қалып жүрген жоқ. Нарық пен демократия ондай-ондаймен қабыспайды деп қисындайды. Бұл – шындыққа қиянат. Шынайы либерализм, нарық пен демократия, шындап келгенде, екінші дүниежүзілік соғыстан соң өрістеді. Сол екі ортада әлемдегі дербес мемлекеттердің саны екі есе көбейді. Мамандардың пайымдауынша, бұл процесс әлі өрістеу үстінде. Бәрін қойғанда, либерализмнің де, демократияның да отаны болған Батыс Европада тәуелсіздігі мен егемендігінен бас тартып отырған ешкім жоқ. Өйткені, шынайы либерализм, демократия адамдар бостандығын қандай мойындаса, халықтар бостандығын да сондай мойындайды. Азат емес қоғамнан азат азамат шықпайды. Ал азат азамат қоғамының бостандануын, отанының тәуелсіздігін жақтайды. Қол жеткен азаттық пен тәуелсіздікті сыртқы әлімжеттікке, ішкі алауыздыққа қолжаулық қып жіберткізбейді. Егер табиғатта бар ұлттық, мемлекеттік, территориялық сипаттар мен шек-шекараны ескеріп, есепке алмаса, оны өз пайдасына жарата білмесе, нарықтың аты нарық болмас еді. Бірақ ол айырмашылықтарды бір жақты желеулеткен оқшаулануды емес, қайта оларды жан-жақты мұқият ескеретін ықпалдастықты жақтайды. Бәрінің де мүдделес жақтардың үдесінен шығардай тиімді болғанын көздейді. Демократия да табиғатта бар мүлде айырмашылығын жоққа шығарса, әділеттің емес, қиянаттың құралына айналар еді. Бірақ бар айырмашылық – ерекшеліктердің текетірес жолымен емес, бірін-бірі құрметтеушілік, бір-біріне қиянат етпеушілік жолымен шешілуін көздейді. Ендеше, демократия мен нарықтан біздің жас тәуелсіздігімізге тиер зиян жоқ. Егер біз отаншылдықты өз еліміздің тәуелсіздігі мен өз қоғамымыздың кемелдігіне қалтқысыз қызмет ету деп түсінсек, онда сол тәуелсіздікті қамтамасыз еткен жаңарысты одан әрі тереңдете түсуге мүдделі болуға тиіспіз.

Ол үшін тек жақын кеңістіктегі жағдайлардың шылауында кетпей, заманалық құбылыстарды да мұқият қадағалай білгеніміз жөн. Санадан әлі кетіп болмаған иемденгіш өркениет экономикалық көрсеқызарлық пен саяси әлімжеттікті біржақты әспеттеп, өзгенің әлжуаздығы мен мұқтаждығын кіріптарлыққа айналдырып, әуелі аймақтық, артынан әлемдік үстемдікке ұмтылатын отаршылдықты туғызды. Ол жан-жаққа бөлінген әлемдік текетіреске ұштасты. Ондай текетірес жеке халықтардың ғана емес, күллі адамзат пен планетаның болашағына түбегейлі қауіп төндіргендіктен де, қазіргі ахуал орнап отыр. Ендігі жерде халықтар мен мемлекеттер бір-біріне кіріптарлықтан жан-жаққа бөлінетін одақтастық жолына түсіп емес, бір-бірінің тәуелсіздігін мойындап, мүдделерін қалтқысыз құрметтеп, бірдей тиімділік жолымен ықпалдасу арқылы ғана құтыла алады. Тек сонда ғана өздерін де, күллі өркениетті де аман сақтап қалады. Бүкіл адамзат соңғы жылдарда болып жатқан өзгерістерден осындай үміт күтіп отыр. Баршамыздың басымызды қатерге тіккен «әлемдік үстемдік жолындағы одақтастар тайталасы» осымен бітсе екен деген тілекте. Ал егер жас тәуелсіздіктер азаттықтың алғашқы кезеңінің күшейе түсер күйзелістеріне шыдамай, жан-жағымен бар жаққа бірдей тиімді демократиялық – өркениеттілік тұрғыдағы ықпалдастық орнатудың орнына жан-жаққа бөліне жарылушылықтың былайғы әлем тарапынан секемшілдік шақыратын жаңа бір түрлері мен қағидаларына бой алдыра бастаса, өздерін тек сырт сипаты мен шекара-аумағы ғана өзгерген сол баяғы кіріптарлық ахуалға, ал адамзатты бір-біріне сеніп болмас қырғи-қабақтық ахуалға қайта оралтар еді. Ендеше, егемендігімізді нығайту, тәуелсіздігімізді баянды ету – біздің халқымыз бен қоғамымыз алдындағы отаншылдық, қалған адамзат алдындағы адамгершілік парызымыз.

Ол парызды ойдағыдай атқарып шығудың оңай емес екені рас. Қазіргі күйзелістің тамыры терең, салдары салқар. Жер кең. Байлық мол. Қарамыз аз. Одан туатын қиындықтарды кешегі «орталықшыл экономизм» шешудің орнына, одан сайын шиеленістіріп жібергені мәлім. Өнеркәсібіміздің көбінесе сыртпен ұштасып, іштей тұтаспай жатуы да, бір пұшпағымыздың шығандап озып, екінші пұшпағымыздың қалып қоюы да, бар байлықтың бәрі бола тұра, ештеңеге қарқ бола алмай келгеніміз де тегіннен-тегін емес. Бас-басына би болғысы келетін саяси топтар, бас-басына бай болғысы келетін экономикалық күштер осы жағдайларды пайдалана отырып, онсыз да жолы жіңішке тәуелсіздіктің жолын одан сайын тарылтып бағуда. Жарлының асын жапа-тармағай бісміллә құртады дегендей, жан-жақтан сұғыну, жан-жаққа ала қашу да азаймай тұр. Кешегі салалық өзімшілдіктің орнын енді кәсіпорындық өзімшілдік басты. Оның үстіне ойда жоқта отан жайлы ұғымын қайта қарауға мәжбүр болып отырған миллиондаған жандардың өздері мен балаларының болашағына бола заңды алаңдаушылығын пайдаланып, бөліне-жарылушылықты, жер, тіл, лауазым дауын қопсытқысы келетіндер де баршылық. Қысқасы, шетін мәселелер көп. Шешуге мүмкіндік тапшы. Ол мүмкіндікті қамтамасыз ету үшін де уақыт қажет. Бұл орнықтылықты талап етеді. Тәуелсіздікке жұлдызы қарсылар, ең алдымен, сол орнықтылықты шайқалтуға құштар. Сәл нәрседен ілік шығара қойғыш, дау туғыза қойғыш күштердің де көздейтіні сол. Жанжал шығарып, жауапкершілігін жас тәуелсіздікке арта салу – тоталитаристік кекшілдіктің кәнігі тәсілі. Ондайдың шылауында кетіп, саяси әулекілік пен әлеуметтік шыдамсыздыққа жол беріп алған аймақтардың күндерінің қандай болып жатқанын көріп отырмыз. Ендеше, дәл бүгінгі таңда бізге керек отаншылдық пен елжандылықтың ең басты сипаттары: саяси қоқан-лоқының қай түріне де төтеп бере алатын ұстамдылық, өз қамын өзі жеп, өз құлқын өзі түзей алатын салихалылық, өзгелер мүддесіне түсіне қарайтын, қолынан келсе қолғабыс жасап, қолынан келмесе, біреудің басындағы жайсыздықты ушықтырмайтын ізгіліктілік, ертең өзі қиянат көрмеу үшін бүгін өзгеге қиянат жасамау керектігін ұмытпайтын көшелі көрегендік болса лазым.

Ал азаматтық жігер, әлеуметтік белсенділік, ұлттық намысқа келсек, оны, ең алдымен, өз бойымыздағы кетік-кемтікті түзетуге жұмсаған жөн. Қауырт келген өзгерістер бұл жағынан оязымыз мол екенін бұрынғыдан да айқындай түсті. Ата-бабадан қалған кең байтақ даланың асты мен үстіндегі бар байлықтың бәрін өндіріп, өңдеп, ұқсатуға жетілмей тұрып, экономикалық тәуелсіздіктің іргесі өз-өзінен орныға салмайды. Өзгеріп жатқан дүниенің қай құбылысын да сырттай қызықтамай, бел шешіп араласып, белсене ықпал ете алмай тұрып, тереземіздің теңеліп кете қоюы да қиын. Ұлан-байтақ өлкеміздің қай пұшпағын да өз үйіміздей көріп, ыстығына күйіп, суығына тоңып, бір атаның баласындай бірге көгертіп, бірге құлпыртуға білек сыбанып бірге кіріспеген жерде, бірлік-береке жайындағы әңгіменің де тұзы жеңілдей бермекші. Етек-жеңі Европа мен Азияны бірдей қамтып жатқан ен байтақ Отанымызды жаңаша қорғап үйренбей тұрып, заманамен қатар адымдап, қатар дамуымыз да күмәнды. Демократия оңай бақ табу, нарық оңай мал табу деп ұғатындардың мықтап қателесетінін уақыт өзі көрсетіп беріп отыр. Біз бұған дейін бір-бірімізбен жарысып келсек, енді күллі адамзатпен жарысқа түсуге тура келеді. Намыс қуған дұрыс. Мансап, бақ, дәулет іздеген де теріс емес шығар. Бірақ, ол жолда ұпайымыз түгел болуы үшін өзімізді өзіміз қамшылай, өзімізді өзіміз шыңдай білуіміз керек. Сары уайым сапыратын уақыт кетті. Сарқылмас сабыр, ұтымды әрекет, тыңғылықты ыждаһатты күйттейтін уақыт жетті. Өйткені, әркім өз талайын өзінен көретін тәуекел мен жауапкершілік кезеңі келді. Әйтпесе, есесі кетеді. Опық жейді. Мұндай әңгімеден ешкім апшымауға тиіс. Өйткені, қандай халық, қандай қауым болмасын, өзінің тарихи дамуын өзінің тарихи отанында толығымен қамтамасыз ете алған жағдайда ғана, ішкі күштермен жарастықты ынтымақтаса, сыртқы күштермен тиімді ықпалдаса алмақшы.

Біз таңғажайып қиял дүниесінде емес, кедір-бұдыр шындық дүниесінде өмір сүріп отырғанымызды бір сәт те ұмытпағанымыз жөн. Ешкімнің қызылына қызықпайтынымыз белгілі. Бірақ, ештеңеден де қапы соғып қалмауымыз керек. Орнықсыз заманда озбырлыққа құрбан болып аярлықтан алданып қалмауымыз үшін тыңғылықты білік те, тегеурінді білек те, тәуекелшіл жүрек те керек... Тек сонда ғана азаматтықтың ақ жолында мерт болған арғы-бергі ата-бабаның лайықты ұрпағы, олар қорғаған атамекеннің бүгінгі қожасы, әрі панасы, жасарып-жаңғырып жатқан адамзат қауымдастығының терезесі тең мүшесі бола аламыз.
Желдің өтінде, жаудың бетінде жүріп, сонау қадым ғасырлар түкпірінен бүгінгі тәуелсіздік пен егемендікке жол салып берген қаһарман бабаларымыздың шәйіт қаны тамған шайқас орнында бас қосып, ерліктеріне тағзым етіп, нар тәуекелдері мен береке-бірліктерінен тағылым ала отырып, байласар пәтуамыз бен берер сертіміз осы болса керек деп білеміз.
 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға