Жаңалықтар

Алтын допты кім алады?!

Әлемнің ең үздік футболшысын таңдау субъективті пікір деп еді Луиш Фигу. Алайда, маусымның ең үздік ойыншысына берілетін мәртебелі тәж жылда әр футболшының қанжығасында кетіп жатады. «Алтын доп» – жалпы футболға баға беру үшін емес, футболды шоуға айналдыру үшін жасалған жоба.
18.02.2014 06:08 6608

Әлемнің ең үздік футболшысын таңдау субъективті пікір деп еді Луиш Фигу. Алайда, маусымның ең үздік ойыншысына берілетін мәртебелі тәж жылда әр футболшының қанжығасында кетіп жатады. «Алтын доп» – жалпы футболға баға беру үшін емес, футболды шоуға айналдыру үшін жасалған жоба. Алты құрлықтың әр түкпірінде өз таңдауын жасап, сырттай болысып жүргендер қаншама. Енді осы дүбірге біз де үн қосайық. Бүгін түнде Цюрихта өтетін салтанатты рәсімде «Алтын допты» кім алуы мүмкін?», «Кім лайық?» деген сұрақтарға жауап іздейік.

Ғалым БОҚАШ, «Тоттенхэм» жанкүйері: Бұл жолғы "Алтын доп" Криштиану Роналдуға бұйырады деп сенетіндер көп. Өйткені өткен маусымда жарақаттанып қалып, азырақ ойнаған Лионель Месси мен португалдықтан үш есе, аргентиналықтан екі есе аз гол соққан Франк Рибберидің үміті расында да аздау көрінеді. Бірақ бұл - үстірт қорытынды. Роналду расында да өткен маусым ерекше көзге түсті. "Реал" үшін де, Португалия құрамасы үшін де ең қабілетті, ең қажетті ойыншы екенін дәлелдеді. Сөйтсе де "Алтын доп" жеңімпазын анықтаушылар бұл үш футболшының өткен маусымда байқатқан жеке қабілет пен ойын статистикасын қаперге алса, басқаша да шешім шығуы мүмкін. Меніңше, бұл жолы "Алтын допқа" Рибери лайық. Біріншіден, соңғы маусымда Риберидің клубы "Бавария" Еуропаның ғана емес, әлемнің үздік клубы атанды. Француз футболшысының клубымен қатар өз ұлттық құрамасын әлем чемпионатына алып шығуға қосқан үлесін де ескеру керек. Екіншіден, жеке қарым-қабілет көрсеткішіне келейік. 2013 жылы Рибери Месси мен Роналдудан екі-үш есе аз гол соқса да, екі-үш есе артық (149 рет) пасты дәл жеткізіп, гол соғатындай оңтайлы сәт шығарып беріп отырды. Хоккейдегідей гол соғушыға берген пасты есептейтін болса, және Рибери жеңімпаз болып шығады - 18 пас. Алыстан әуелетіп қиғаш пас беруде Риберидің нәтижесі Роналду (97) мен Мессиден (80) және екі-үш есе көп (261). Француз қарсыласты алдап өтуде және португалдық (33) пен аргентиналықтан (26) екі есе артық көрсеткішке (49) ие. Ең басты тәсілдің бірі - дриблинг арқылы қарсыластарынан оза жүгіру көрсеткіштерін алайық. Рибери 1084 мәрте, Месси 331, ал Роналду 252 рет дриблинг жасау арқылы оза жүгірген. Тепкен добының дәлдігі бойынша да француз алда (61%). Клубы мен құрамасының сапында ең көп жеңген (45) және ең аз жеңілген (3) де - Рибери. Сол себепті бұл жолғы "Алтын доп" Франк Рибериге тисе, әділ шешім болар еді деген ойдамын.

Нұрғиса АСЫЛБЕКОВ, «Ордабасы» жанкүйері: "Лео - соңғы могикандардан" тезисі әбден сіңісіп кеткесін, "Алтын допты" басқа біреуге телу - футболға қиянат жасаумен парапар ма? Мен қиянат жасайын, ендеше. 2013 жылдың сайыпқыраны Роналду лайық. Каталондық клуб моделі - пасты өкіртіп, визавиді допсыз жүгіртіп, кейін алдағы Мессиге шығару арқылы ушықтыру. Ал Роналдудың "Реалында" классикалық шабуыл өті мен мұндалайды: Леодай тиран емес ол, Роналду құрлы Бензема да, тыңнан қосылған Барэт Гейл де, басқасы да соғып жүр. Роналдудың МЮ сапында жүріп-ақ жарқ еткен жұлдызы былтыр ерекше жарқырады. Клубтық деңгейден бөлек, ұлттық құрама сапында да күллі жаханды "пах!" дегізді, голеадор Ибрагимовичті сан соқтыру оңай боп па. Иә, "Бавария" майталман, ЧЛ топ жарды, көбіне клубтық жинақы ойын арқасында. Неміс машинасындағы он бірдің түгеліне бұйыратын дүние емес қой, "Мәңгі екінші" лақапатында да қайбір абырой-бедел болсын, мен тарихи әділдіктің орнауын көксеушілерденмін.

Руслан МЕДЕЛБЕК, «Реал» жанкүйері: Биылғы "Алтын допты "Реал" ойыншысы Роналдудың алатынына сенімім мол. Қыркүйек айына дейін "Алтын допты" Рибериге ұстатып қойып едім, бірақ қазаннан желтоқсанға дейін Роналду өзінің "Алтын допқа" лайық екенін ойынымен дәлелдеді. "Реал" сапындағы хет триктері мен Швеция құрамасы қақпасына салған голдары Португалия құрамасын әлем чемпионатына алып шыққан ескерсек, "Алтын допқа" Роналдудың лайық. Бір клубтың ойынына сән кіргізіп, бір елдің ұлттық құрамасын сүйреп жүріп, әлемдік сынның жолдамасын алып берген футболшы ол. Ал Месси бұл жылы аутсайдер. Оған Мессидің өзі кінәлі емес, бірақ алған жарақатының кесірінен "Алтын доптан" үмітін үзді. Рибери Чемпиондар лигасында жарқылдағанымен, жаңа маусымда Роналдудай көріне алмай жүр. Оның Еуропаның үздік футболшысы атағын алуы заңды, ал "Алтын допқа" лайықты емес...

 Абай ОТАР, «Барселона» фанаты: Соңғы жылдары «алтын доптың» төңірегінде үлкен дау шығып жүр. Мәселенің бәрі ФИФА-ның «алтын добы» мен France Football-дың жүлдесі біріккеннен кейін шықты ғой. Бұған дейін 4 жыл қатарынан Месси үздік болып танылып келді. Биыл «алтын доптың» иегері өзгеретініне сенімдімін. Меніңше, Криштиану Роналду жеңіп алатын секілді. «Алтын доп» жалпы кім мықты болғаны үшін емес, жүлде табысталатын жылы кім үздікке лайық өнер көрсеткенге табысталуы тиіс. Ендеше, үміткер үш футболшыға қарап көрейікші. Рибериді бірден тізімнен сызып тастауға болады. Өйткені, француз КриРо мен Леоға шеберлігі жөнінен тең келмейді. Франк соңғы маусымда бірнеше байрақты бәсекенің жеңімпазы атанды. «Алтын доптың» командалық нәтижеге емес, жеке шеберлікке қарап берілетінін ескерсек, Рибери автоматты түрде тізімнен түсіп қалады. Лионель Мессидің де «алтын допты» алуы неғайбыл. Өткен көктемде жарақат алып қалғалы бері Лео жарытып алаңға шыққан жоқ. Алда-жалда сол жарақаты болмағанда Мессиді басты үміткер санайтын едім. Қанша дегенмен Роналду Мессиге қарағанда бір пәс төмен. Үздікке дауыс беретіндер де Мессиге бұра тартып кететін еді. Леоның жарақат алып біраз уақыт ойнамағанын ескерсек, оны да тізімнен сызып тастаймыз. Өйткені, «алтын доп» – кім мықтыға емес, соңғы маусымда теңдессіз ойын көрсеткен футболшыға берілетін жүлде. Меніңше, басты фаворит – Криштиану Роналду. Біріншіден, ол соңғы маусымды жоғары деңгейде өткізді. Екіншіден, Швециямен кездесуде командасын әлем чемпионатына алып шықты. Үшіншіден, дауыс беру мерзімі ұзартылғанын да ескеру керек. Төртінші, Блаттер байқамай сөйлеп қойғаны үшін де Роналдудың алдында айыбын жуу керек. Бесінші, биыл КриРоның Цюрихқа баратыны белгілі. Бұған дейінгі марапаттау рәсіміне бармағанын ескере келе, Роналдудың бұл жолы мұндай қадамға келуі «алтын допты» алатынынан хабар береді.

Бек ТӨЛЕУОВ, «Реал» жанкүйері: Биылғы жылы «алтын допты» Криштиану Роналду алуы тиіс. Португалияның супер жұлдызы ешқандай ірі деңгейдегі турнирде топ жармаса да, өзінің жекелеген көрсеткіштер бойынша басты бәсекелестерінен оқ бойы озық болды. Чемпиондар лигасының 2012/13 жылғы маусымның  қорытындысы бойынша 12 доппен сұрмерген атанды. Сондай-ақ,өткен жылан жылында жалпы барлық турнирде 69 доп соқты. Бұл жөнінен 2013 жылы «Реал» ойыншысынан ешкім асып кете  алмады. Сонымен қатар, Чемпиондар лигасының биылғы маусымда да  9 доппен көшбастап келеді. Ұлттық құрамасын әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шығаруға Роналдудың қосқан үлесі зор. Швецияға соғылған төрт голдың барлығы Криштианудың еншісінде.

Соңғы 5 жылда «Алтын допқа» екі-ақ футболшы тұрақты түрде таласып келеді. Бірі – Лионель Месси, бірі – Криштиану Роналду! Қалған үміткерлер өзгеріп отырады. Биыл сол үздік үштіктің қатарына Франк Рибери кірді.

Ал Рибериге келсек, ол клубтық деңгейде бес бірдей ірі турнирде топ жарды. Бірақ, «Баварияның» барлық ойыншылары командалық деңгейде жоғары ойын көрсеткендіктен тек Риберидің ғана еңбегі емес.

 Рымбек ІЗҒАЛИ, «Ақтөбе» фанаты: "Алтын доп" иегері ретінде Франк Рибериді көргім келеді. Рибери командаға ойнайтын ойыншы және өзінің осы сайыстағы қарсыластарына қарағанда, өткен маусымды бір қалыпта өткізді. Бавариямен мүмкін жүлделердің бәрін алды. Бундеслигада үздік футболшы атағына ие болды. Сонымен қатар 2012/13 маусымында Рибери УЕФА шешімімен үздік футболшы атағына ие болды. 2013-ші жылдың Франциядағы үздік футболшысы. Сонымен қатар, жақында өткен Футболдан клубтар арасындағы әлем чемпионатында үздік футболшы атағына ие болды. Енді жетпей тұрғаны "Алтын доп".

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға