Жаңалықтар

Кеңестік жұрнақтан арыла алмай келеміз…

Әрбір ұлт ата-тегінің айтылуымен және жазылуымен танылады. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма екі жыл өтсе де, ұлтымыздың дені әлі күнге дейін Кеңес өкіметі тұсындағы «ич», «вич», «ов», «ев» жұрнақтарынан арыла алмай келеді. Ұлт мүддесін қорғап, еліне жаны ашитын, зиялы қауым өкілдерінің арасында  да аты-жөндері кеңестік дәуірдің жұрнағымен аталып жүргендері қаншама.  Елбасының 1996 жылғы Жарлығында: «Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуы тиіс. Бұл ретте, әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып, бірге жазылады» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Ал «Неке және отбасы туралы» заңының 28-бабында: «Тууды тіркеу кезінде ұлты қазақ азаматтардың атын, әкесінің атын және тегін мына төмендегі үш мүшелік антропонимдік белгілеу жүйесі: аты, әкесінің аты, тегі бойынша дұрыс жазуға және айтуға назар аудару керек. Мұнымен қатар азаматтардың қалауы бойынша қазақтың тегі мен әкесінің атын жазу кезінде қазақ тіліне жат -ов, -ев, -ова, -ева, -ин, -и, -ины, -на, -овна, -евна, -ович, -евич жұрнақтары алынып тасталып, олардың орнына «ұлы, қызы» жалғаулары бірге қосылып жазылады» делінген. Алайда арада осыншама уақыт өтсе де құжат алмастырып, тегін қазақшалауға асығып жүргендер некен-саяқ. Біздің облыстағы көші-қон полиция басқармасының мәліметі бойынша, 2012 жылы 43 азамат, 2013 жылдың 8 айында 49 азамат тегін ауыстырған. Өз уақытында Халық Қаһар­маны Бауыржан Момышұлы «ов»-пен «ев»-ке қарсы тұрып, басқалардың сана-сезімінің өсуіне ықпал ете білгені белгілі. Ол туралы «Волоколамск тас жолы» кітабында былай деп суреттеледі: «Жазушы Александр Бек ­Бауыржан Момышұлымен танысқанда, батыр бабамыз өз аты-жөнін: «­Бауыржан Момышұлы» деп айтады. Түсінбеген жазушы: «Кешіріңіз, фамилияңыз қалай жазылады? деп қайта сұрайды. Сонда Бауыржан Момышұлы: «Менде фамилия жоқ» деп қысқа қайырады да: «Бұл менің әкемнің аты» дейді. Батырдың бұнысы басқа ұлттың өкіліне қазақ деген халықтың аты-жөнді жазуда өзіндік мәдениеті бар екенін түсіндірген еді. Ол осылайша КСРО-ның билік басындағыларының барлық ұлттарды «ов» деп жазып, бәрін бір кеңес халқы етіп жіберуіне өзінше қарсылығын білдірген болатын. Тәуелсіз қазақ елінің ұлан­дарына «ов», «ев» жұрнақтары жат, сондықтан бүгінгі күні жаңа туылған нәрестелердің аты-жөндері қазақы тәртіппен жазылса қандай мерей. Қызылорда қалалық АХАЖ бөлімінің мәліметі бойынша, биыл жыл басынан бері дүние есігін ашқан 5268 сәбидің 90 пайызының тегі, туу туралы куәліктері қазақша толтырылған. Бұл, әрине, қуанарлық жайт. Ал осы күнге дейін Кеңестік жұрнақтан әлі де болса арыла алмай келе жатқандарда, меніңше, құлық жоқ. Құлықты оятатын намыс жоқ. Кезінде қазақтың болмысын, санасын ұлтсыздандыру үшін жасалған үрдістің әлі де үзілмей келе жатқаны бойында ұлттық рухы бар қазақтың намысына түрткі болуы керек. Жанар ТҰРДЫБЕКҚЫЗЫ «Ана тілі» газеті
11.11.2013 04:56 4141

Әрбір ұлт ата-тегінің айтылуымен және жазылуымен танылады. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма екі жыл өтсе де, ұлтымыздың дені әлі күнге дейін Кеңес өкіметі тұсындағы «ич», «вич», «ов», «ев» жұрнақтарынан арыла алмай келеді. Ұлт мүддесін қорғап, еліне жаны ашитын, зиялы қауым өкілдерінің арасында  да аты-жөндері кеңестік дәуірдің жұрнағымен аталып жүргендері қаншама. 

Елбасының 1996 жылғы Жарлығында: «Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуы тиіс. Бұл ретте, әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып, бірге жазылады» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Ал «Неке және отбасы туралы» заңының 28-бабында: «Тууды тіркеу кезінде ұлты қазақ азаматтардың атын, әкесінің атын және тегін мына төмендегі үш мүшелік антропонимдік белгілеу жүйесі: аты, әкесінің аты, тегі бойынша дұрыс жазуға және айтуға назар аудару керек. Мұнымен қатар азаматтардың қалауы бойынша қазақтың тегі мен әкесінің атын жазу кезінде қазақ тіліне жат -ов, -ев, -ова, -ева, -ин, -и, -ины, -на, -овна, -евна, -ович, -евич жұрнақтары алынып тасталып, олардың орнына «ұлы, қызы» жалғаулары бірге қосылып жазылады» делінген. Алайда арада осыншама уақыт өтсе де құжат алмастырып, тегін қазақшалауға асығып жүргендер некен-саяқ. Біздің облыстағы көші-қон полиция басқармасының мәліметі бойынша, 2012 жылы 43 азамат, 2013 жылдың 8 айында 49 азамат тегін ауыстырған.
Өз уақытында Халық Қаһар­маны Бауыржан Момышұлы «ов»-пен «ев»-ке қарсы тұрып, басқалардың сана-сезімінің өсуіне ықпал ете білгені белгілі. Ол туралы «Волоколамск тас жолы» кітабында былай деп суреттеледі: «Жазушы Александр Бек ­Бауыржан Момышұлымен танысқанда, батыр бабамыз өз аты-жөнін: «­Бауыржан Момышұлы» деп айтады. Түсінбеген жазушы: «Кешіріңіз, фамилияңыз қалай жазылады? деп қайта сұрайды. Сонда Бауыржан Момышұлы: «Менде фамилия жоқ» деп қысқа қайырады да: «Бұл менің әкемнің аты» дейді. Батырдың бұнысы басқа ұлттың өкіліне қазақ деген халықтың аты-жөнді жазуда өзіндік мәдениеті бар екенін түсіндірген еді. Ол осылайша КСРО-ның билік басындағыларының барлық ұлттарды «ов» деп жазып, бәрін бір кеңес халқы етіп жіберуіне өзінше қарсылығын білдірген болатын.
Тәуелсіз қазақ елінің ұлан­дарына «ов», «ев» жұрнақтары жат, сондықтан бүгінгі күні жаңа туылған нәрестелердің аты-жөндері қазақы тәртіппен жазылса қандай мерей. Қызылорда қалалық АХАЖ бөлімінің мәліметі бойынша, биыл жыл басынан бері дүние есігін ашқан 5268 сәбидің 90 пайызының тегі, туу туралы куәліктері қазақша толтырылған. Бұл, әрине, қуанарлық жайт. Ал осы күнге дейін Кеңестік жұрнақтан әлі де болса арыла алмай келе жатқандарда, меніңше, құлық жоқ. Құлықты оятатын намыс жоқ. Кезінде қазақтың болмысын, санасын ұлтсыздандыру үшін жасалған үрдістің әлі де үзілмей келе жатқаны бойында ұлттық рухы бар қазақтың намысына түрткі болуы керек.

Жанар ТҰРДЫБЕКҚЫЗЫ

«Ана тілі» газеті

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға