Жаңалықтар

Шебер маманнан шебер шәкірт шығады

Тәуелсіздік – бақыты ғой елімнің, Тәуелсіздік – шаттығы ғой жерімнің, Қолға қонған бақ құсындай аялаған Бағы ғой теңдесі жоқ бұл елімнің.
03.03.2014 04:04 4514

Тәуелсіздік – бақыты ғой елімнің,
Тәуелсіздік – шаттығы ғой жерімнің,
Қолға қонған бақ құсындай аялаған
Бағы ғой теңдесі жоқ бұл елімнің.

Тәуелсіздік! Бір ғана сөздің астарында қаншама қуаныш, қаншама бақыт жатыр?! Терең суға батпай, ыстық отқа күймей, жауды жайратып, Тәуелсіздік таңының арайлап атуына терін төгіп кеткен асыл азаматтарымыздың  ерліктеріне мың тағзым. Сол Тәуелсіздік таңын көрген де, көрмеген де жандар қаншама?!

Қанатын кеңге жайған тауларымыз бен қырларымыз, бау бақша гүлдеріміз, әрбір күндеріміз үшін Аллаға шүкір. Жиырма жылдам аса уақыт аралығында экономика, саясат, әлеуметтік, спорт, ғылым, білім салаларында талай өзгерістер болды. Қиындықтарға да тап болдық ел болып, алайда бәріне төзе білдік. Қазіргі таңда тілі де, діні де өзге ұлт өкілдерімен бірге тату да тәтті ғұмыр кешудеміз, еліміз шет елдерге таныла бастады. 

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы жыл сайын Қазақстан халқына өз Жолдауын ұсынып, алға қойған мақсаттар мен атқарылған жұмыстары туралы есеп береді. Жолдаудың мазмұны барлық саланы барынша қамтыған, соның бірі спорт пен денешынықтыру.  Денсаулығы жақсы халықтың тұғыры биік болады емес пе?!! Деннің сау болуы, көбіне спортпен тығыз байланысты. Денешынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады.

12 желтоқсан айында өткен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы кезекті Жолдауында: «Биыл Лондон Олимпиадасында біздің спортшыларымыз 205 ұлттық құрама арасынан 12-орын алды. Біздің команда көпұлтты Қазақстанның, көптеген этностардың берік және ынтымақты шаңырағының біртұтас жасағы ретінде сайысқа түсті. Олимпиададағы жеңіс салтанаты халқымызды одан әрі біріктіре түсті, патриотизмнің ұлы күшін танытты. Бұқаралық спорт және жоғары жетістіктерге жеткізетін спорт кешенді жүйелі тәсілді талап етеді. Тек саламатты ұлт қана бәсекелестікке қабілетті болмақ. Үкіметке  әлемдік озық тәжірибені есепке ала отырып, Бұқаралық спорт пен жоғары жетістікке жеткізетін спортты дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын» деген болатын.

Елімізде бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын дамыту саласында Елбасымыздың қолдауы және басшылығының арқасында талай жетістіктерге жетіп, қыруар жұмыстар атқарылды. Әлемдік стандартқа сай спорт мектептерінің көптеп ашылуына байланысты, бұл салаға қызығушылардың саны арта бастады. Олимпиада чемпиондарына көрсеткен қолдауы мен көмегінің арқасында олардың жеңіске деген талпыныстары арта бастады. Оның дәлелін бір спортсменнің бірнеше мәрте жеңіс атағын қанжығасына байлауынан аңғаруға болады.

Өкінішке орай футболдан аяғымыздың ақсап жүргені белгілі, дегенмен бокс, күрес, ауыр атлетика, секіру салаларында әлем алдында қабілеттілігімізді паш етіп келеміз.

Спортшыларымыз тек шет елде ғана емес, өз еліміздің ауыл, аудан, облыс аймақтары бойынша сайысқа түсіп жатады.

Жоғарыда аталғандай кейбір ойын түрлері шарықтау шегіне жетіп, әрмен қарай дамып жатса, бірі еңбектеген баладай жаңадан алға қадам басып келеді. Сондай ойындардың бірі үлкен теннис.

Облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне арналып үлкен теннис кешені салынған болатын. Аталмыш спорт кешенің ғимараты өте үлкен, спортшыларға арналған  жуынатын және киім ауыстыратын бөлмелері мен көрерменге арналған екі жүзге жуық орындықпен жабдықталған.  Үлкен теннис кешені алғаш ашылған күні бар жоғы екі ғана жаттықтырушы қырық спортшыны тәрбиелесе, қазіргі таңда оның саны екі есеге артқан. Негізгі топтар мен қосалқы топтар өздері таңдаған спорт түрлерінен шеберліктерін шыңдап, спорт әлеміне өз үлестерін қосып жатыр.  Үлкен теннис қатысушылары таңғы сағат тоғыздан кешкі алтыға дейін  тегін дәріс алса,  әрмен қарай түнгі сағат он бірге дейін ақылы қатысушыларға есік ашық.

Үлкен теннис мектебіндегі оқушылар халықаралық және республикалық байқауларға қатысып, өнерлерін көрсетіп жатыр.  Үлкен теннистің елімізге жаңа келе бастағанына байланысты балаларға жеткілікті, тәжірибелі дәріс беретін мамандар жетіспей отыр. Сондықтан шет елден теннистен арнайы білімі бар мамандар шақыртылып отыр. Шебер маманнан шебер шәкірт шығатыны белгілі.

Болашақта Новак Джокович, Энди Маррей, Рафаэль Надаль,  Давид Феррер сынды  теннис өнерінде теңдесі жоқ спортшылардың тізімін толықтыратын біздің Отандастарымыз болса деп тілейік.

Еліміздің Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы спорт саласында атқарылуы керек жұмыстар мен міндеттерді жауапты адамдарға тапсырды.  Сол жұмыстар атқарылып, міндеттер орындалса спорт саласы одан әрмен дами түсетіні анық. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға