Жаңалықтар

Универсиада Олимпиадаға бастар жол

2017 жылы қысқы Универсиада ойындары Алматы қаласында өтеді. Студент спортшылардың басын қосатын дүбір аталған жылы 28-рет ұйымдастырылмақ.
03.03.2014 03:29 5643

2017 жылы қысқы Универсиада ойындары Алматы қаласында өтеді. Студент спортшылардың басын қосатын дүбір аталған жылы 28-рет ұйымдастырылмақ. Алматыны қысқы Универсиада астанасы ретінде ресми түрде 2011 жылдың 29 қарашасы күні анықтады. Бельгияның Брюссель қаласында өткен Халықаралық Университет спорты федерациясының отырысында Алматы жеңімпаз қала ретінде танылды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халықты әлемге танытудың бірден бір жолы спорттық бәсекелер екенін жыл сайынғы жолдауында айтып өтеді. Қысқы Универсиада – Қазақстанды әлемге танытатын ең ірі спорттық дода болмақшы.

Қысқы Универсиадаға еліміздегі дайындық жұмыстарының қалай өтіп жатқанын жазбас бұрын, студенттер спорты додасының тарихына көз жүгіртіп шығалық. Бүкіләлемдік студенттер ойыны әрбір екі жыл сайын өткізіліп тұрады. Олимпиадалық цикл 4 жылға жалғасса, Универсиада әрбір екі жыл сайын жалауын көтереді. Яғни, алғашқы екі жылы жазғы, кейінгі екі жылда қысқы Универсиаданың алауы тұтанады. Универсиада - Олимпиада ойындарынан бір саты төмен тұратын бүкіләлемдік спорт бәсекесі саналады. Универсиада сөзі «Университет» және «Олимпиада» сөздерінен құралған. Универсиадаға қатысатын спортшылардың жасы 17-ден төмен, 28-ден жоғары болмауы тиіс. Жазғы Универсиада 1959 жылы Италияның Турин қаласында бастау алса, қысқы Универсиада алғаш рет 1960 жылы Францияның Шамони қаласында өтті. Алғаш рет алауы тұтанған қысқы Универсиада ойындарында спорттың 5 түрінен жарыс ұйымдастырылып, 16 мемлекеттің студент спортшылары бақ сынаған екен. Мінеки, одан бері сан мәрте қысқы Универсиада өткізіліп, талай жеңімпаз спортшылардың есімі, талай рекордтар мен жеңістің қуанышты сәттері тарихқа жазылды. Бүкіл әлемнің студент спортшылары жиналатын дүбірлі доданы өткізу құқығын Алматы қаласы қалай жеңіп алды. Енді осыған тоқталып өтелік.

Қысқы Универсиада ойындарын өткізуге өтініш білдірген қалалардың ішінен финалдық сынға екі қала іріктеліп шықты. Оның бірі – Алатау баурайындағы әсем шаһар Алматы болса, екіншісі - қысқы спорттық додаларды ұйымдастыру дәстүрі сақталып келе жатқан Италияның Тренто қаласы еді. Тренто бұған дейін 5 рет қысқы Универсиаданы, 4 рет жазғы Универсиаданы қабылдаған. Алайда, бұл жолы олар Универсиададан өз еріктерімен бас тартты. Себебі, Италиядағы қиын қаржылық жағдай қысқы ойындарға жұмсалатын шығынды өтей алмайтын еді. Мінеки, осылайша 2017 жылғы қысқы Универсиада ойындарын өткізу құқы Алматы қаласына берілді. Бұл үлкен тарихи оқиғаны өткізу құқы еді. Алматы қысқы Универсиада ойындарын өткізуге үміткер қала атанар кезде, бұл идеяны ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та қуаттады. Себебі, жыл сайынғы жолдауында еліміздің 30 пайызы бұқаралық спортпен шұғылдансын деген талап қойып, спорттық нысандарды көбейту, спорт түрлерінен халықаралық бәсекелерді жиі өткізу арқылы ел халқының спортқа деген ықыласын арттыру туралы ойларын Елбасы үнемі бұқараға жеткізіп отырады. Ал, Алматының Универсиада ойындарын өткізуі аталған мұраттарға жасалған қадам еді.

Алматыдағы Универсиада ойындарына дайындық бүгінде басталып кетті. Қазақстан Республикасының премьер министрі Серік Ахметов бастаған құзырлы органдар қысқы Универсиадаға дейін салынуы тиіс спорттық нысандардың тізімін жариялады. Сонымен, 2017 жылы өтетін қысқы Универсиадаға арнап, Алматыда төмендегі спорт кешендері салынады:

12 мың адам сиятын мұз айдын сарайы. Аталған сарайды сырғанайтын мұз айдыны мен бассейн де болады. Аталған мұзайдын сарайы Алматы қаласының Алатау ауданында салынады.

Құлжа трассасының бойында 3 мың адамдық сырғанайтын мұз айдыны бар кешен салынады.

Спортшыларға арналған арнайы қалашық. Бұл қалашыққа 5 мың адам сыйып кетеді. Универсиада аяқталған соң, аталған қалашық студенттер жатақханасына айналады.

500 адамға арналған қонақ үй. Бұл қонақүйде баспасөз мәслихатына арналған арнайы зал да болады. Бұдан бөлек Қысқы Универсиада ойындарын өткізу үшін Азиада ойындарына арнап салынған Солдатсай шатқалындағы биатлон кешені, Халықаралық шаңғы трамплиндері кешені қолданылады. Сондай-ақ, Алматының ғана емес, бүкіл қазақ елі табиғатының төлқұжаты болып кеткен Шымбұлақ тау шаңғысы кешені де Универсиада үшін қызмет атады. Тағы бір айта кетерлігі, талай рекорд орнаған «Медеу» мұз айдыны да жарыстарды ұйымдастыру барысында қолданыстан сырт қалмайды.

Қысқы Универсиада ойындарында спорттың 13 түрінен медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Атап айтар болсақ, биатлон, шаңғы спорты, конькимен жүгіру, тау шаңғысы, керлинг, тұғырдан шаңғымен секіру, шаңғы қоссайысы, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, шайбалы хоккей, допты хоккей, фристайл және сноуборд. Бұл жерде допты хоккейді ұйымдастырушы ел Қазақстан қысқы Универсиада бағдарламасына енгізіп отыр. Тәуелсіздік алғалы бері, Қазақстанның студент спортшылары Универсиада ойындарына тұрақты қатысып келеді. Ал, өз жерімізде өтетін қысқы Универсиада қысқы Олимпиадаға салынар баспалдақ болмақшы. Бұрынғы Кеңес Одағының құрамындағы мемлекеттер арасында Қазақстан Универсиада ойындарын өткізу құқын алған екінші мемлекет. Осыған дейін Ресейдің Мәскеу және Қазан қалаларында тиісінше жазғы және қысқы Универсиада ойындары өткен. Өзге мемлекеттер мұндай ірі спорттық доданы өткізген жоқ. Бұл да болса Қазақстанның спортқа деген оң көзқарасын білдіреді. 2012 жылы Лондонда өткен Жазғы Олимпиада ойындарындағы жетістіктен соң, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы биігімізде тұрақтап, әлемдік спорттағы орынымызды сақтау үшін ірі спорттық сайыстар өткізу туралы тапсырма берген болатын. Алмалы қалада өтетін қысқы Универсиада қазақ спортшыларын биік шыңдарға бастап, Қазақстанды әлемге жаңа қырынан танытады деген үміт басым.

Ермек Төлепов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға