Жаңалықтар

Қос мереке Белағашты аралады

Еліміздің ұзақ мерзімді «Қазақстан-2050» даму Стратегиясының ең маңызды басымдылықтарының бірі денсаулық, білім алу мен Қазақстан азаматтарының әл-ауқаты, оны негізгі жүзеге асыру негізінде
03.03.2014 03:43 4229

Еліміздің ұзақ мерзімді «Қазақстан-2050» даму Стратегиясының ең маңызды басымдылықтарының бірі денсаулық, білім алу мен Қазақстан азаматтарының әл-ауқаты, оны негізгі жүзеге асыру негізінде, ел халқының көпшілігінде салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру болып табылады.

Осы жылы ШҚО облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының орталығы тамыз-қыркүйек айларында СӨС насихаттау жөнінде айлығын өткізеді, ал 7 қыркүйекте дәстүрлі кең ауқымды акция «Денсаулық фестивалі» аяқталды.

Биыл өндірістік гимнастиканы насихаттау, салауатты өмір салтын жүргізу мәдениетін, сонымен қатар салауатты өмір салты жөнінде ақпараттандыруды жоғарылату және әр спорт түрінде өздерін көрсетуге мүмкіндік беретін «Денсаулығым керемет – жаттығуға көп рахмет!» ұранымен өтті.

Аталған айлық шеңберінде «Анам, әкем және мен – спортшы отбасымыз!», «Қол жеткіземіз көпке – болсақ біз бірге!», «Ұрпақ эстафетасы» ғимараттарда ерте жастағы балалар үшін (1-3 жас) «Памперспен жүгіру» және т.б. жеңімпаздарын марапаттау арқылы көңілді старттар өткізілді.

Спорт ұжымдарының (күрескерлер, таэквандо, каратэ, ұлттық күрес және т.б.), эстрада әртістерінің, көркемөнерпаздық ұжымдарының, ұлттық мәдени орталықтарының өкілдерінің және тағы басқалардың сөз сөйлеуі жоспарланып жүзеге асырылды.

Медициналық ұйымдарда халық үшін қан қысымын өлшеу, қан құрамындағы глюкоза деңгейін анықтау, холестерин, дененің артық салмағын анықтауға Ашық есіктер күндері өтті.

Дәстүрлі түрде емдеу-алдын алу ұйымдар медициналық қалашық ұйымдастырылады. Келушілерге салауатты өмір салты аспектілері бойынша тегін кеңестер беріледі және ақпараттық-білім беру материалдары таратылады.

 «Денсаулық фестивалі – 2013» айлық пен акция мақсаты – салауатты өмір салтын ұстануға қоғамның назарын аудару болып табылатыны жасырын емес.

Еліміздің ұзақ мерзімді «Қазақстан-2050» даму Стратегиясының ең маңызды басымдылықтарының бірі денсаулық, білім алу мен Қазақстан азаматтарының әл-ауқаты, оны негізгі жүзеге асыру негізінде, ел халқының көпшілігінде салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Сенбі күні 7 қыркүйекте аудан орталығындағы орталық стадионда және барлық елді мекендерде бүкіл республикалық акция «Денсаулығым керемет, жаттығуға көп рахмет!» ұранымен өтті. «Дені саудың - жаны сау» қағидасын қатаң ұстанатын қалың жұртшылық көтеріңкі көңіл күймен, спорттық киіммен үлкен-кіші деместен орталық стадионға бет түзеді. Сағат 10.00 - де сап түзеген спортсүйгіш жандар салтанатты фестивальдің ашылуының куәсі болды. Одан әрі спорттық жаттығулар өз жалғасын тапты.

Денешынықтыру жаттығуларынан кейін жұртшылық назарына фестивальдің думандық - мәдени бағдарламасы ұсынылды.

«Денсаулық фестивалі - 2013» айлық пен акцияның басты мақсаты - салауатты өмір салтын ұстануға қоғамның назарын аудару.

Фестивальді ұйымдастырушылар «Бүкіл ел аумағын қамтыған насихаттау жұмысының арқасында, спортқа бет бұрған азаматтардың қатары ұлғаюда. Бірақ, әлі де бұл бағытта атқаратын жұмыс көп»,- екендігін айтады.

Жылдан жылға бұл фестивальге деген жастардың талпынысы көп екендігіне осы жолы да көпшіліктің көзі жетті.

Келесі күні денсаулық фестивалі сан ұлттардың дәстүрін паш ететін Отбасы күні мерекесіне ұласты. Енді сол жайында сөз қозғайық.

Мемлекетіміздің діңгегі халық қамын ойлаушы Елбасы Жарлығымен 2 наурызда республикадағы кәсіби және өзге мерекелер тізімі Отбасы күнімен толыққанын көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Отбасы күні - қыркүйектің екінші жексенбісінде өткізілетін болып бекіді.

Жалпы, орыстарда осыған ұқсас «Родительский день» деген мерекенің барын бәріміз білеміз. Олар бұл күні ата-баба, туған-туыстарын еске алып, қабірлеріне барып гүл қойып, құрмет көрсетсе, өзбектер де дәл солай: жыл сайын «Хатира күні» жақындарына ас беріп, құран бағыштап бейіт басына барады.

Отбасы – адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрып, қанат қағар ошақ қасы, алтын бесігі ғана емес, ол – шағын мемлекет. Оның өз заңы, өз қағидалары болады. Өкінішке қарай, соңғы кездері кейбір отбасындағы әкенің рөлі төмендеп барады. Ана үйде отырып бала бағып, әке сыртта нан табудың орнына, керісінше, тірлік кешіп жүргендер жетерлік. Ендеше, отбасы мерекесінде бала тәрбиесіндегі отбасының ықпалы жайында ұзақ-сонар әңгімелер өрбітіп қана қоймай, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, өмірдің талай ащысы мен тұщысын көрген өнегелі отбасыларды жастарға үлгі етіп, марапаттасақ, қандай ғанибет болар еді.

Қазақ – қашан да жесірін жауға бермеген, жетімін жылатпаған ел. Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауында әр қазақстандық отбасының әл-ауқатын жақсартуға, қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған іс-шаралар міндеттеледі. Осы міндеттің өңірімізде жүзеге асып жатқанына Бородулихада өткен “Отбасы күндері” шаттықпен думанға толы өтіп, ұлттар достығының салтанат құруының жарқын айнасына айналды.

Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады. Н.Ә.Назарбаев

Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Мемлекет – отбасынан басталады», деп қоғамымызда отбасылық құндылықтар негізін бекіту маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Соған орай, биыл Президент Жарлығымен қыркүйектің екінші жексенбісінде тұңғыш рет ОТБАСЫ күні аталып өтті. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылуда. Бородулиха ауданында да мерекелік іс-шара өзінің жарасымды жалғастығын тапты. «Отан – отбасынан басталады» дейтін дана халқымыз ұрпақ тәрбиесіне қашан да зор мән беріп келген. Ал, бала тәрбиесі – ата-ана үшін қашан да күрделі әрі жауапты міндет, қасиетті парыз. Бородулиха ауданының орталығында өткен мерекеге аудан басшылары, ауылдық округтің әкімдері мемлекеттік қызметкерлер, ардагер ұстаздар, жастар және үлгілі отбасылар бала-шағаларымен келіп қатысты. Ауа райы да өз мейір-шапағатын шашып, аудандық мәдениет үйінің алды ата-аналар, балалар мен сәбилерге толы думанды мерекеге ұласты. Отбасы құндылығын насихаттаған осындай мерекеге арнайы келген аудан әкімінің орынбасары міндетін атқарушы Болат Құсайынұлы Аргумбаев жиналғандарды елімізде тұңғыш рет тойланып отырған ОТБАСЫ КҮНІМЕН құттықтап, барша қауымға бақыт, денсаулық, бірлік-береке тіледі. Құттықтаудан кейін өзгелерге үлгі етерліктей шаңырақ құрып, өнегелі ұл-қыз өсіріп, тәрбиелеген жанұялардың алғашқы тобы «Үлгілі отбасы» аталымы бойынша марапатталды. Атап айтсақ, новошүлбілік Сурмалар отбасы, бородулихалық Хикматовтар отбасы, Белағаш ауылдық округінен Әкімжановтар отбасы, жезкенттік Тагаевтар отбасы, петропавловкалық Ясавиндер отбасы, Дмитриевка ауылдық округінен – Мұхамадиевтер отбасы, зубаирлық Тоғысовтар отбасы, андреевкалық Акошевтар отбасы, Ленин ауылдық округінің мақтанышы болған Дюсембаевтар отбасы, тавриялық Смирновтар отбасы, Подборный ауылдық округінің мақтанышы, Нұрлыбековтар отбасы, Новодворовка ауылдық округі Ахметовтар отбасы, жерновкалық Устьянцевтар отбасы, степнойлық Рихарттар отбасы, Бақы ауылдық округінен - Әлімбековтер отбасы, Переменовка ауылдық округінің мақтанышы – Жабек апа мен Хамит атаның отбасы. Үлгілі отбасыларды марапаттау рәсімін аудан әкімінің орынбасары міндетін атқарушы Болат Аргумбаев жүргізіп, үлгілі жанұяларға арнаулы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Әрі қарай сахнаға көтерілген алтын тойдың иегерлері жаңа шүлбілік Сурмалар отбасы. Жаңа шүлбі ауылдық округінен Николай Егорович пен Валентина Григорьевна Сурмалардың үлгілі отбасы үш қыз тәрбиелеп өсірген бірі-бірімен 56 жылдай бірге тұрып келе жатқан бақытты отбасылар, 15 жылдан аса Николай Егорович, Новошүлбі ауылдық ақсақалдар алқасын басқарып отырған жастарға үлгі болып жүрген ардақты ақсақал. Одан кейін сахнадан орын алған тату –тәтті жанұя, күміс той иелері Юрий мен Елена Гладченколардың отбасы болса, сахнаға соңғы көтерілген жаңадан өмірге қадам басқан, таяуда отау құрған жастар Әділет пен Арай Сахариевтердің отбасы. Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағат көзі – әйел ана деп жүрміз ғой. Әйелдің бұл рөлі отағасының жамағатына, бала-шағаның анаға деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен, ана жанын қас-қабағынан, жанарынан танығыштықпен нығая, биіктей беретіні рас. Әрине, әйел де өзінің аналық борышын ұмытпағанда, әсіресе, ерімен қабағы жарасып, тату – сүйіспеншілікте тұрғанда мәртебесі арта түспек. Мерейтой иелеріне қызықты сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар алынды. Бақытты мерейтой иелерінің құрметіне «Ақ бантик», «Махабатты аялаңдар», «Свадебные цветы» әндері шырқалып, жиналғандарға шығармашылық үйі мен мәдениет үйі өнерпаздарының билері мен әндері арналды. Мереке одан әрі «Әкем шешем және мен спорт сүйген жанұя» атты спорттық сайысқа ұласты. Оған бірнеше ауылдық округтен 4 команда қатысты. Бас жүлдені бородулихалық Шокыбаевтар отбасы жеңіп алды. Мереке этномәдени орталықтар мен мәдениет, шығармашылық үйлерінің мерекелік концерті мен фейерберкке ұласты. Иә, қоғамда әдеп-инабат өлшемдерінің терең тамырланып, кең жайылуында отбасының маңызы орасан зор. Әрбір ұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар өздеріне әдеп-адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ. Бақытты отбасыларға бақытты ғұмыр, бақ –береке, бірлік тілейміз!

Серік Әбілқасымұлы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға