Жаңалықтар

Жас өрендер жарысқа шықты

Алматыда жасөспірім спортшылардың басын қосқан ІІІ Еуразия ойындары аяқталды. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь және Ресей мемлекеттерінен жиналған мыңға жуық жас спортшы Еуразия ойындарында өзара бәсекелесті.
03.03.2014 04:04 4266

Алматыда жасөспірім спортшылардың басын қосқан ІІІ Еуразия ойындары аяқталды. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь және Ресей мемлекеттерінен жиналған мыңға жуық жас спортшы Еуразия ойындарында өзара бәсекелесті.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үлкен спортта үлкен жетістікке жету үшін алдымен балалар спортына ерекше мән беру керектігін жолдауында ерекше екпін түсіріп айтады. Расында да, жас кезінен жақсы күтілген ағаштың мол жемісі беретіні секілді, спортта да бала күнінен дұрыс бағдар алған адам биік нәтижелер тіркейді. Осы орайда, ІІІ Еуразия ойындары Алматы қаласында өткізіліп, жас спортшылардың болашаққа деген баспалдағы орнатылды десек артық емес. Еуразия ойындары – жасөспірімдер спортын дамытуды мақсат еткен, бес мемлекеттегі олимпиадалық және олимпиада бағдарламасына енбейтін спорт түрлерінен өтетін халықаралық жарыс. Еуразия ойындарын өткізуді қолға алған Еуразия экономикалық одағы. Алғаш рет Еуразия ойындары 2007 жылы Брест қаласында өтті. ІІ Еуразия ойындары 2010 жылы Татарстан астанасы Қазан қаласында ұйымдастырылды. Ал ІІІ Еуразия ойындары Алатау баурайындағы Алматы қаласында өткізілді. Еуразия ойындарының ашылу салтанаты халықаралық шаңғымен тұғырдан секіру кешенінде өтіп, қала әкімі Ахметжан Есімов өз сөзінде ел спортындағы ерекшеліктерге тоқталды. «Алматы әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізу тәжірибесімен мақтанатын қала. Бүгінге дейін бірнеше әлемдік додаларды қабылдаған Алматыда Еуразия ойындарын өткізу үлкен мәртебе. Жасөспірім спортшылардың кішігірім Олимпиадасы іспетті Еуразия ойындары біздің қала тұрғындарын қуанышқа бөледі» деді қала әкімі.

ІІІ Еуразия ойындарына 13-17 жас аралығындағы спортшылар қатысады. Алматыда өткен додаға ең көп спортшы қатыстырған Қазақстан. Біздің құраманың намысын 297 спортшы қорғады. Еуразия ойындарынан Ресейден 288, Қырғызстаннан 175, Тәжікстаннан 106, Белоруссиядан 100 спортшы қатысты. Еуразия ойындарында спорттың 13 түрінен 230 жүлделер жиынтығы таратылды. Атап айтар болса, бокс, еркін күрес, қыздар күресі, қазақ күресі, грек рим күресі, дзюдо, таэквондо, суда жүзу, көркем гимнастика, спорттық гимнастика, велоспорт (тас жол) және т.б. Ал спорттық ойындар Алматы қаласындағы «Балуан Шолақ», «Достық», «Орталық стадион» бастаған жалпы есебі он үш спорт кешенінде өтті.

ІІІ Еуразия ойындарында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орынға табан тіреді. Бірінші сатыда Ресей құрамасы. Енді Қазақстан жастарының көрсеткен нәтижелеріне үңіліп көрелік. Біздің спортшылар негізінен жекпе жек түрлерінде алдыға жан салар емес. Мәселен, жас таэквондошыларымыз Еуразия ойындарынан 8 алтын, 10 күміс және екі қола жүлде жеңіп алды. Таэквондо шеберлері арасында Жазира Сапарбек (49 келі), Аяулым Сұлтанбаева (52 келі), Артур Ким (48 келі), Сұлтан Қалибекұлы (73 келі), Еркебулан Абылхас (78 келі), Тойжан Қыдырбекова (44 келі), Алмас Мукамыров (68 келі), Саян Маулетханов (+78 келі) сынды жас ұландарымыз ІІІ Еуразия ойындарының жеңімпаздары атанды.

Дзюдошылар да Еуразия ойындарында жүлдені күреп алды. 5 алтын, 8 күміс және 4 қола медальмен жалпыкомандалық есепте екінші орынға табан тіреген татами шеберлерінің бұл жеңісіне қол соғу керек. 60 келіде Еуразия ойындарының чемпионы атанған дзюдошылар арасында жақында ғана Маямиден кадеттер арасындағы әлем чемпионы болып оралған Бауыржан Жауынтаев бар. Бауыржаннан бөлек, Дидар Хамза, Ескендікр Юсбеков, Әдия Сайын, Ақниет Тұрдан есімді жас өрендердің өңірінде алтын жүлде жарқырады.

Грек рим күресінен Серік Жұмашев жаттықтыратын жасөспірім спортшылар Еуразия ойындарынан 8 алтын, 2 күміс және бір қола жүлде жеңіп алды. «Классиктер» арасында Еуразия ойындарының чемпионы атанған жасөспірім спортшылар мыналар: Әлихан Ашмахан, Ернұр Фидахметов, Райымбек Құрманәли, Рахымжан Рысалиев, Мұхамади Мамырбек, Руслан Есентаев, Ернар Фидахметов Әлібек Серікбол. Грек рим күресінің шеберлері жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты.

Еркін стильдегі қыздар күресінде біздің құрама 4 алтын, 3 күміс және 2 қола жүлде жеңіп алды. Балуан қыздар ішінде Виктория Симбирская, Надежда Колесова, Оралай Тешебай, Александра Хожаеваларға тең келер ешкім болмады. Нәтижесінде, күрестен қыздар командасы жалпыкомандалық есепте бас жүлде еншіледі.

Еркін күрес шеберлері де жерге қаратқан жоқ. ІІІ Еуразия ойындарында Ербол Ділмағамбетов, Үсен Дайыр, Аббас Тәжіханов, Мұхаммед Қуатбектер чемпион атанды.

Велоспортта да біз бас жүлдесіз қалған жоқпыз. Асан Базаев, Александр Винокуров сынды даңқты велошабандоздармен мақтанатын қазақ елінде олардың ізбасарлары өсіп келеді екен. Әлішер Жұмақан, Сергей Шатовкин, Владимир Цой, Максим Сатликов сынды жас велошабандоздарымыз Еуразия ойындарының алтын жүлдесін мойнына тақты.

Өкінішке қарай, су спортында таратылған алтын жүлделер бұйырмады бізге. Спорттық гимнастикадан қандай да бір жүлде алу да біздің жастардың қолынан келмеді. Яғни, елімізде кенжелеп қалған спорт түрлерінен өсіп келе жатқан жастарымыз да қатарластарынан қалып келеді. Бұл спорт басшылығы ескеретін мәселе.

ІІІ Еуразия ойындарының жабылу салтанаты Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Жалпыкомандалық есепте бірінші орын Ресей, екінші орын Қазақстан, үшінші орын Қырғызстан, төртінші орын Тәжікстан, бесінші орын Беларусь құрамаларына бұйырды.

Ермек Төлепов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға