Жаңалықтар

Денсаулық фестивалі

Игі дәстүрге айналған бастамалардың бірі – «Денсаулық фестивалі». Бұл шараны өткізудегі негізгі мақсат – қарапайым тұрғындарды спортқа тарту. Саламатты өмір салтын ұстану, аурудың алдын алу – денсаулық негізі екенін түсіндіру.
03.03.2014 03:43 13994

Игі дәстүрге айналған бастамалардың бірі – «Денсаулық фестивалі». Бұл шараны өткізудегі негізгі мақсат – қарапайым тұрғындарды спортқа тарту. Саламатты өмір салтын ұстану, аурудың алдын алу – денсаулық негізі екенін түсіндіру.

«Жаттығуға көп рахмет — денсаулығым керемет!». Сенбі күні облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйытқы болуымен «Денсаулық фестивалі» аясында өткізілген кең көлемді акция осылай аталды.

Акция бір уақытта облыстық әкімдік ғимаратының маңында және ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы саябақта ұйымдастырылды. Облыстық әкімдік ғимаратының маңынан бастап аталған саябаққа дейін веложарыс өткізілді. Ал саябақта көпшілік жиналып, дене жаттығуын жасады. Концерттік бағдарлама тамашалады. Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтары дәрігерлерден медициналық кеңес алды.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы саябақта ұйымдастырылған шараны Өскемен қаласы әкімі орынбасары Темірбек Жұмақұлұлы Қасымжанов ашып, құттықтау сөз сөйледі. Темірбек Жұмақұлұлы өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылға дейін Қазақстан халқының дене шынықтырумен, бұқаралық спортпен айналысатындар санын 30 пайызға жеткізу міндетін қойғанын атап өтті.

– Жыл сайын бұқаралық спортпен айналысушылардың саны артып келеді. Қазірдің өзінде қала тұрғындарының 25 пайызы дене шынықтырумен айналысады. Жыл аяғына дейін бұқаралық спортпен айналысатындардың санын 30 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Республикалық «Денсаулық фестивалі» аясында өткізілген шаралардан Өскемен қаласының тұрғындары да тыс қалған жоқ. Фестиваль басталғалы бері түрлі акциялар ұйымдастырылып жатыр. Бұл шаралардың барлығына да қала тұрғындары белсенді қатысуда. Әсіресе, жастар басым. Мысалы, бүгін ұйымдастырылған осы шараға, яғни дене жаттығуын жасауға мыңға жуық студент жиналып отыр. Ал облыстық әкімдік ғимараты маңынан саябаққа дейінгі веложарысқа 150 адам қатысты, – деді Темірбек Жұмақұлұлы.

Соңғы жылдары облыста бірқатар спорттық кешендер мен алаңдар пайдалануға берілуде. Бұл туралы Темірбек Жұмақұлұлы былай деді:

– Соңғы 2-3 жылда спортты, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында көп жұмыс жүргізіліп жатыр. Біздің өңір қазақ футболының Отаны болғандықтан стадион салуда көп нәрселер істедік.

Ал, жаңадан салынған спорттық ғимараттарда балалар мен жасөспірімдер футбол, волейбол, баскетболмен, шығыс жекпе-жектері, қолданбалы-техникалық спорт түрлерімен айналысатын болады, – деді Темірбек Жұмақұлұлы.

Сонымен қатар Қазақ футболының мерейтойына дайындық қарқынды жүруде.

Облыс Әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте тамыз айында аймағымызда өткізілген халықаралық іс-шаралардың қорытындысы шығарылып, алдағы болатын Қазақстан футболының 100 жылдық мерейтойына дайындық барысы пысықталды.

Бұған қоса, мұндай мазмұнды шаралар төл мәдениетімізді, тарихымыз бен рухани құндылықтарымызды жаңғыртуға оң ықпалын тигізіп ғана қоймай, келешек ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге көмектеседі. Әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани жағынан пайдасы зор жиындар алдағы уақытта да өзінің жалғасын таба беруі керек.

Шығыс жұрты енді бүкіл республика назарын тігіп отырған Қазақстан футболының ғасыр тойын лайықты дәрежеде өткізуге барын салып дайындалу үстінде. Бұл туралы облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбай баяндады.

Басқарма басшысының келтірген деректеріне қарағанда, облыс Әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен «Жүз жылдыққа – жүз алаң» жоспары бойынша аймағымыздың елді мекендерінде салынатын 100 шағын футбол алаңының орнына 106 алаң іске қосылмақ. Бүгінгі күні кейбір аудан-қалаларды айтпағанда, түгелге жуық жоспар толық орындалған.

Өскеменде 8 алаң салынуы тиіс болса, соның екеуі қолданысқа беріліп қойған, алтауында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Семейде 13 алаң жоспарланса, жетеуі іске қосылып, алтауының лентасы оныншы қыркүйекте қиылмақ. Риддер қаласында межеленген төрт футбол алаңының үшеуі аяқталып, біреуінде жұмыс әлі жүргізілуде.

Абай ауданында да дәл осындай жағдай, төрт алаңның үшеуі дайын, біреуі жақын арада қолданысқа өткізілмек. Ұлан ауданында жоспарда көрсетілген 7 алаңның біреуінде ғана қазір балалар доп ойнап жүр, алтауында құрылыс аяқталмаған. Жыл соңына дейін бұлардың барлығы тас түйін болатынын айтты Әбіл Дөңбай.

Семейдегі мерейтойға еліміздің басқа қалаларынан, Ресейден, Өзбекстан мен Қырғызстаннан жиыны 10 футбол командасы, ардагер спортшылар қатысады.

Бүгінгі күні «Спартак» стадионының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, тойдың негізгі бөлімі сонда өтеді. Мұны қаперге салған облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев басқарма басшысына қыркүйектің 17-сіне дейін стадион сақадай сай болуы керек деп қадап тұрып тапсырды.

Алыс-жақыннан келетін қонақтарды күтіп алу, тамақтандыру, жататын орындарын қамдау мәселелері де өз шешімін тауыпты.

Жалпы биылғы жылы Бородулиха өңірінде де мини футбол алаңы пайдалануға берілді. Бұл жергілікті тұрғындардың осы спорт түріне деген құлшыныстарын арттырды.

Насихаттың 18 ауылдық округтерде жүргізілуі жақсы болғандықтан, Петропавловка ауылдық округтегі де бұқаралық спорттық іс-шараларды даңғыл жолға қоюдан тысқары қалмайды.

Ауылды жерлердегі жас мамандардың кәсібилігін арттыру және оларды көтермелеу – мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі болып саналады. Ауылдағы жас мамандардың ауылдық жерлерде тұрақтануына ықпал ету, ауыл жастарына қолдау көрсету, олардың беделін көтеру, кәсіби және шығармашылық деңгейлерін жетілдіру, жастарды дене тәрбиесімен, спортпен тұрақты шұғылдануға баулу, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында барлық жерлерде іс-шаралар жоспары жүзеге асырылып келеді. Осындай өнегелі және жұртқа үлгі жастарымыздың бірі – мектеп ұстазы Айдын Байзақұлы Аманжолов.

Қазақ және орыс сыныптарына дене шынықтыру пәнінен беретін Айдын Байзақұлы Аманжолов басшылығымен осындай акция, фестивальдерге қатысатындар, атап айтсақ, балалар мен жасөспірімдер, өзге жастағылар дер кезінде жиналып, арнайы концерттік бағдарлама, қызықты жарыстар ұйымдастырылып «Денсаулық фестивалі» ауыл тұрғындары мен көрші елді мекендерден келген қонақтарды бір серпілтіп тастады.

Осы жолы фестивальға қатысушылар профессор Төлеубай Аманов атындағы орта мектептің стадионына жиналды. Жұрт жапа-тармағай сапқа тұрып болған соң әнұранымыз әуелеп, ауыл әкімі, ауған соғысының ардагері Шаймордан Әбділов пен Төлеубай Аманов атындағы орта мектептің директоры Людмила Юрьевна Поляковалар сөз сөйледі.

Әдеттегідей, алаң ортасына жас жеткіншектер, кәрі-жас сап түзепті. Жаппай дене шынықтыруға қатысқандар арасында жасы 70-80 келген ата-әжелеріміз де бар. Содан кейін “Қара жорға” биі биленіп, спорттың шағын футбол, баскетбол, волейбол, теннис түрлері бойынша, логикалық ойындардан шахмат, дойбы мен тоғызқұмалақтан, сондай-ақ, арқан тартыс, теңге алу, асық ойнау сияқты ұлттық сайыстардан жарыстар өткізілді. Жалпы, додаға түскендері бар, жай жанкүйер ретінде қызықтағандарын қоса есептегенде шараға барша ауыл тұрғындары мен қонақтар тартылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге әкімшілік пен демеушілердің дипломдары мен сыйлықтары тапсырды.

            Бұл да болса – ілгерілеу. Ауылдық амбуляторияның басшысы Жанар Әбділова саламатты өмір салтын насихаттап, келушілерге түрлі сипаттағы кеңестер берді. Денсаулықты сақтаудың бір жолы – профилактика екенін ескерсек, тұрғындар алдын ала тексеріліп, маманның ақыл-кеңесін алып тұрғаны пайдалы. Осы тұрғыдан алғанда, фестиваль ұйымдастырылуы жағынан бірнеше мәселені қамтыды десек, артық емес. Бәлкім, бұның бәрі ауылдық округ әкімшілігінің тұрғындар арасындағы денсаулық сақтау, туризм, дене шынықтыру және спорт арқылы саламатты өмір салтын қалыптастыру бағытында жүргізген берекелі жұмыстарының себебі болған шығар.

 

Серік Әбілқасымұлы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға