Жаңалықтар

«Астана» - қазақ спортының алтын қазығы

2013 жылдың 4 шілдесі күні елордамызда «Астана» Президенттік мультиспорттық кәсіби клубының тұсауы кесіліп, дүйім жұртқа таныстырылды.
03.03.2014 03:30 4806

2013 жылдың 4 шілдесі күні елордамызда «Астана» Президенттік мультиспорттық кәсіби клубының тұсауы кесіліп, дүйім жұртқа таныстырылды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен құрылған кәсіби спорт клубының басшысы болып – 2004 жылғы Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев бекітілді. Құрамына әртүрлі спорт түрлеріндегі жетекші командаларымыз бен әйгілі спортшыларымыз енетін «Астана» спорт клубы болашақта Қазақстан атын әлемге танытатын спорттық брэнд болуды мақсат етіп отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында: «2012 жылы әлемнің 205 мемлекеті қатысқан Лондон Олимпиадасында Қазақстан әлемнің маңдайалды спорттық державаларымен тең дәрежеде өнер көрсетіп, 12-орынға табан тіреді. Біз бұл жетістікпен тоқтап қалмай, алдыға қарай қадам жасауымыз керек» деген болатын. Осыған орай, 2012 жылы «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының іргетасы қаланды. Әлемде бірнеше спорт түрлерін біріктіріп, танымал болған спорттық ұжымдар жетерлік. Мәселен, әйгілі «Барселона» клубы футбол мен баскетболды қатар дамытып отыр. Немістің «Бавариясы» негізінен футболға басымдық беретін, әртүрлі деңгейдегі футбол ұжымдарын біріктіреді. Ресейдегі «ЦСКА» командасы да спорттың бірнеше түрін дамытуға басымдық берген. Сол секілді, «Астана» клубы да жетекші спорт түрлеріндегі командалардың басын біріктіріп, барлығын бір мақсатқа жұмылуға үндеді.

«Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының қатарына қандай командалар енетінін саралап өтелік енді. Елбасымыздың идеясымен өмірге келген «Астана» мультиспорттық клубының құрамына: «Астана» баскетбол клубы, «Астана» футбол клубы, «Астана» кәсіби велокомандасы, «Астана арландары» кәсіби бокс клубы, «Астана Дакар» командасы, қазақ күресін дамытуға бағытталған «Қазақстан Барысы» жобасы, «Барыс» хоккей клубы, су добынан «Астана» командасы, ат спортынан «Астана поло» командалары кіреді. Кәсіби спорттық командалардан бөлек, «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының қатарында ауыр атлетикадан үш дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Олимпиада ойындарының жеңімпазы атанған зілтемірші Илья Ильин және мәнерлеп сырғанаудан 7-қысқы Азия ойындарының чемпионы, Канаданың Лондон қаласында өткен мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Тен де бар. Аталған спортшылардың дайындық үдерісі мен жаттығу барысын президенттік клуб тікелей өз бақылауында ұстайды. Бұл күндері кәсіби бокстан WBA тұжырым бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин «Астана» Президенттік клубының қатарына өту үшін келісім жүргізілуде.

«Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының бас демеушісі – «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры. «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры осыған дейін де аталған спорт клубтарына демеушілік жасаған болатын. Енді барлық спорттық ұжымдар бір клуб аясында жұмылдырылған соң, «Самұрық Қазына» «Астана» мультиспорттық клубының ресми демеушісіне айналды.

«Астана» Президенттік кәсіби спорт клубы – әлемдегі спорттық менеджменттің озық үлгілеріне жауап беретін, еліміздегі спортқа деген қызығушылықты арттырып, Қазақстанның әлем алдындағы абыройын асқақтатуды міндет еткен жоба. Енді осы жоба құрамындағы командаларды кеңінен таныстырып өтелік.

«Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының құрамына кіретін командалардың қысқаша тарихы:

«Астана» велокомандасы 2006 жылы құрылды. Негізінен, велоспортқа деген қызығушылық Еуропа елдерінде басым. Бүгінге дейін тас жолда жүлде теріп жүрген командалардың арасында Азия құрлығының өкілдері болмаған. Ал, Орта Азияның жүрегінде орналасқан Қазақстанның «Астана» велокомандасы әлемдік элитаға жолдама алған бойда, дүниежүзінің маңдайалды клубтарымен терезесі тең өнер көрсете бастады. 2006 жылы алғаш рет ең үздік үш көпкүндіктің қатарына жататын «Вуэльта» көпкүндігінде «Астананың» капитаны Александр Винокуров жүзден жүйрік шығып, жаңадан тұсауын кескен клубқа алғашқы жүлдені алып берді. Одан кейін, «Астана» «Тур де Франс» және «Джиро д Италия» көпкүндіктерінде екі мәрте топ жарды. Бас менеджері – Александр Винокуров.

«Астана арландары» кәсіби бокс клубы 2010 жылы құрылды. Сол жылдан бастап Халықаралық әуесқой бокс федерациясы (АІВА) «Бүкіләлемдік Бокс Сериясы» (WSB) жобасын іске қосқан болатын. Әуесқой бокстағы спортшыларға Олимпиада жолдамаларын таратып қана қоймай, әлемдегі бокстың насихатталуына үлес қосқан жобада «Астана арландары» сәтті өнер көрсетіп келеді. 2011 жылы барлық кедергілерде сүрінбеген «арландар» Бүкіләлемдік бокс сериясының финалына жолдама алды. Өкінішке қарай, Қытайда өткізілген финалдық бәсекеде Францияның «Париж Юнайтед» клубына есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. 2012 жылы «Астана арландары» жартылай финалға дейін жеңілмей, тап осы кезеңде ресейлік «Динамо» клубына тізе бүкті. Бұл олқылықтардың барлығын «дала арландары» 2013 жылғы маусымда түзеді. Әлемнің азулы клубтарынан басым түскен «Астана арландары» финалда «Украина атамандары» клубымен кездесіп, екі күнге созылған финалдық бәсекеде 6:5 есебімен қарсыласын жеңді. Осылайша, Бүкіләлемдік бокс сериясының чемпионы атанды. Бас бапкері – украиналық маман Сергей Корчинский.

«Астана» баскетбол клубы Қазақстандағы ең үздік баскетбол ұжымы саналады. «Астана» баскетболшылары Қазақстан чемпионатында 7 рет топ жарса, ел Кубогын 4 мәрте ұтып алған. Одан бөлек, «Астана» баскетбол клубы Біріккен ВТБ лигасында екі жылдан бері тұрақты түрде өнер көрсетіп келеді. ТМД аумағындағы үздік баскетбол клубтарының ортақ чемпионаты саналатын ВТБ лигасында биыл «Астана» плей-офф кезеңіне дейін жетті. «Астана» баскетболшылары Қазақстан ұлттық құрамасының да негізін құрайды. Бас бапкері – италиялық маман Маттео Боничиолли.

«Барыс» хоккей клубы да «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының қатарына енетін ұжымдардың сапында. «Барыс» хоккей клубының негізі 2009 жылы қаланды. «Барыс» хоккейшілері Қазақстан чемпионатында екі рет үздік болған. Одан бөлек, 3 мәрте шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогін иеленіпті. Ал, Ресей мен ТМД аумағындағы мемлекеттердің ортақ біріншілігі – Құрлықтық хоккей лигасында «Барыс» тұрақты түрде өнер көрсетіп келеді. Атап айтар болсақ, «Барыс» хоккейшілері 5 мәрте плей-офф кезеңіне жолдама алған. Бас бапкері – фин маманы Ари-Пекка Селин.

«Қазақстан Барысы» жобасы «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының қатарындағы ұлттық жоба. Қазақ күресін дамытуға бағытталған «Қазақстан Барысы» жобасы ұлттық спортымызды «Астана» кәсіби командасы арқылы жаңа биікке бағыттайды. «Қазақстан Барысы» жобасы ең алғаш 2011 жылы ұйымдастырылып, бүгінге дейін Ұлан Рысқұл, Бейбіт Ыстыбаев, Айбек Нұғымаров есімді балуандар чемпион атанды. Жоба идеясының авторы – Арман Шораев.

«Астана» футбол клубы 2009 жылы Қазақстан чемпионатында тұңғыш рет өнер көрсетті. Елордалық футболсүйерлердің бас командасы осы уақыт аралығында екі рет Қазақстан Кубогін, бір рет ел Суперкубогін жеңіп алған. Қазақстан чемпионатында екі мәрте күміс жүлдегер атанған «Астана» командасының капитаны – Қайрат Нұрдәулетов. Клубтың бас бапкері – румын маманы Йоане Андоне.

«Астана Дакар» командасы 2012 жылы өткен жер жүзіне даңқы жайылған «Ралли Дакар» көпкүндігінде жүк көліктері санаты бойынша қола жүлдегер атанды.

«Астана» ватерпол және «Астана поло» ат спорты командалары қанатын енді қатайту үстінде.

«Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының басшысы Бақтияр Артаев екенін жоғарыда атап өткенбіз. «Астана» клубының бас менеджері қызметін Айдар Махметов атқарады. Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Астана» мультиспорттық клубының құрметті Президенті атанды.

Елордамызда өткен «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының ашылу салтанатына әйгілі футболшы, «Алтын доп» иегері Луиш Фигу, әйгілі қақпашы, Германия құрамасының намысын қорғаған Оливер Кан, шайбалы хоккейден әлем чемпионы, ресейлік Александр Овечкин, спорт менеджментіндегі ірі тұлғалардың бірі Майкл Пэйн қатысты.

Ермек Төлепов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға