Жаңалықтар

Заман талабы

«Қазір біз балаларымыз қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз. Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандыруы керек» - деген болатын Елбасымыз өз Жолдауында.
03.03.2014 03:26 3920

«Қазір біз балаларымыз қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз. Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандыруы керек» - деген болатын Елбасымыз өз Жолдауында.

Бүгінде әлем елдерінде ағылшын тілі халықаралық мәртебеге ие. Онымен кез келген елде сол мемлекеттің азаматтарымен оңай тіл табысуға болады. Осы себеппен де оны меңгеруіміз қажет. Ал, орыс тілі ТМД мен Шығыс Еуропа елдерінде және туризм саласы жақсы дамыған мемлекеттерде жиі қолданылатын тілдердің қатарында саналады. Сонымен бірге, ол әлемдегі танымал бес тілдің бірі болып табылатынын естен шығармауымыз керек.

Осы жағдайларды есепке ала отырып, елімізде қандастарымыздың ана тілімізбен қатар осы қос тілді де үйренулері үшін мемлекеттік органдар тарапынан қосымша жұмыстар атқарылуда. «Орыс тілі мен кириллицаға біз қазақ тіліне қандай қамқорлықпен қарасақ, сондай қамқорлықпен қарауымыз қажет... Дәл осы орыс тілі арқылы қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде де, шет жерлерде де, өз дүниетанымдары мен араласатын ортасын кеңейтіп келе жатқанын жоққа шығармауға тиіспіз» - деп Елбасымыз Жолдауда орыс тіліне қатысты өз пікірін білдірді. Осы орыс тіліне қатысты ұлы Абай атамыз да өз заманында соны меңгеру арқылы ұлтымыздың Батыс мәдениетінің жауһарларын, озық технологиясын үйренуге болатынын айтқаны белгілі. Бұл ой бүгінгі күні де өз өзектілігін жойған жоқ. Жастарымыз өздеріне қажетті мәліметтерді, ана тіліміздегі оқулықтардан таба алмаса, орыс тілді дерек көздерінен оп-оңай анықтай алады. Тек қана жастарымыз ғана емес, кез келген жастағы және талғамы әртүрлі оқырман өз қажетін сол тілдегі материалдар арқылы қанағаттандыра алатыны бүгінгі өмірдің шындығы.

Сонымен бірге президентіміз ағылшын тіліне қатысты да құнды пікір айтқанын естен шығармауымыз қажет. «Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктер ашады». Осы сөздерге дәлел іздеп алысқа барудың қажеті жоқ. Қазіргі электрондық құрылғылардың «тілі» осы ағылшын тілі. Әсіресе, ғаламтордан керек мәлімет іздеген адам осы тілді меңгермесе, көп нәрседен ұтылатынын түсінеді. Түрлі саланың жетекші мамандары өздерінің ғылыми еңбектерін осы тілде жазулары тиіс. Әйтпесе олар әлемге өздерін таныта алмайды. Сондай-ақ, озық технологиялар туралы ақпарат та, сол тілде жұрт назарына ұсынылады. Осы жайлардың өзі-ақ, оның қандай құдіретті күшке ие екенін көрсетіп тұр емес пе?

Бұл тілдерді білу оның иелеріне қосымша мүмкіндіктер береді. Мысалы, аудармашылық. Өзіміздің құнды дүниелерімізді өзге елдерге еркін таныта алады. Сонымен қатар, өзге елдерде жүргенде еш қиындықтар көрмейді. Бұл жерде елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін жақсы меңгеретіндерін де естен шығармауымыз қажет. Яғни олардың бойларында елімізге деген патриоттық сезімдері артады.

            Ағылшын және орыс тілдерін білген адамдар өздеріне қажетті дүниелерді ғаламтордан тез таба алумен бірге, қалаған жұмыстарына оңай орналаса да алады. Қазірде кез келген ірі компанияға жұмысқа ағылшын және орыс тілін еркін білетін мамандар алынуда. Олар сол компанияларға тұру үшін арнайы курстар мен жоғары оқу орындарында білім алғандары анық. Ал, қазіргідей бірінші сыныптан-ақ осы қос тілді терең меңгерудің арқасында келер ұрпақ ондай қажеттіліктен құтылатын болады.

 

Қалмұрат ДӘУЛЕТБАЕВ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға