Жаңалықтар

Бабажан бекінісі

1990 жылдың тоғызыншы қаңтарында осы Бабажан бекінісінің орнын арнайы барып көргем. 
18.02.2014 12:42 4918

1990 жылдың тоғызыншы қаңтарында осы Бабажан бекінісінің орнын арнайы барып көргем. 

Қала шаруаға болсын, ол жақ, бұл жақ қатынасқа болсын оңтайлы жерге орна­­ласқан. Көне Жанкенттің оңтүстік баты­сын­да шамамен 10-15 шақырымдай. Жері тегіс, егістікке де, жайылымға да қолайлы. Қор­ғанның іргесінен басын Жылуаннан алатын Ақсалма арығы ағып жатыр. Басын Солжаға арна­сынан алатын Жылуан кезінде теңізге барып құйған. 

Қамал шағын. Қадымдағанда ұзындығы 200, ені 50 метр деп болжадық. Үш бөліктен тұрады. Ортасында құдық. Соқпа қорғанның ені екі-үш, кей қалың жері үш-төрт метрдей. Дуалдар сақталмаған, бүтін емес. Ал Раман­құл қамалының биік болғандығы көрініп тұр. Қамал сыртынан қазылған ор Бабажан қама­лы­нан да терең. 

Өз адамы болған соң қол батпаған да бо­лар, Бабажан бекінісіне қарағанда, бұл қорған дұрыс сақталған, үштен бірі бүтін тұрған. Дуалдың биіктігі үш метрдей. Түйелі кісі іште­гіні еркін көреді. Қамал шағын, ені мен ұзындығы бір. Қырық бес қадамдай шықты, демек елу метр деуге болар. Қақпа оңтүстік жақта. Қамал жанынан басын Қарлаңнан алған Жайқонақ арығы өтеді. Бабажан бекі­ні­сінен екі-ақ шақырым.

Осы деректерді саралай келе мынадай қо­ры­­тынды жасай аламыз: 

Хиуа хандығы қазақтарға үнемі озбырлық жасап келді. Олар байлыққа құнығып, әртүрлі сыл­таумен зекеттегендерін қанағат тұтып қой­май, елдің намысына тиетін арсыздыққа дейін барды; 

Бекініс 1842 жылдың қарашасында тал­қан­­далды. Бұл кезде Ақтан 72, ал Жанқожа 68 жаста;

Бекіністі талқандауға жеті мың адам қа­тыс­­қаны ашынған жергілікті халықтың тү­гел­ге жуық атқа қонғандығына айғақ; 

Жырларда, ауызекі айтылатын әңгімелерде де, Ақтанды бұлтты, әруақты батыр есебінде әспеттеу қалыптасқан. Шындыққа сәл жа­қынд­ай түсер болсақ, құжатта аталғандай, оқи­ғаның болып отырған кезі қараша, күз айы. Күн бұлтты, жаңбырлы болуы табиғи заң­дылық. Бұны бір деңіз. Атқа бір мініп, қандары қызып алған көтерілісшілердің Жанқожаны күтпей-ақ шабуылға шығуының басты себептерінің бірі – бекініс ішіндегі шеріктердің қолдарында су тисе тұтанбайтын пілтелі мылтық. Қазақтар осы сәтті де пайдаланып қалуды ұйғарған. Бұлар иіріліп жата берсе, Хиуаға хабар жетуі де мүмкін; 

Шағымданушы сұлтандар айыпкер есе­бінде Жанқожаны бірінші атайды. Бұл­ батырдың осы шапқыншылықты ұйым­дас­тырып, басында өзі болғандығының ай­ғағы. Ұрысқа батырдың бір күн кешігіп жеткендігі жайында да әңгімелер бар. Айтыс үстінде Досқожа да айып ретінде бетке басып отыр. Жанама деректер де бұның шындыққа келетіндігін дәлелдейді. Кейін, 1856-1857 жылдардағы көтерілістің барысы туралы орыс офицерлерінің жоғарыға берген есептерінің бірінде олар Қазалыны қоршап жатқан кезінде батырдың әкесі Нұрмұхаммедтің бейітіне зиярат етуге кеткендігі көрсетіледі. Алдында орыс оғы. Ұрыс болса да алмағайып жайт. Аса діндар Жанқожаның осы жолы да соғыс алдында аттап кетпей, жол үстіндегі бабаларына зиярат етіп, медет тілеуі шындыққа сиярлық жайт;

Бір қызығы, шағымда Бабажанға құн сұ­ралмайды. Соған қарағанда, Бабажан зорлық-зомбылық пен Жанқожаның ағасы Ақмырзаның өліміне кінәлі болғандықтан соның өтеуіне кеткен. Өздері де наибты шіріген жұмыртқа санайтын тәрізді;

Қағазда Ақтан батырдың әкесінің аты – Қабан. Ал ұрпақтарының шежіресінде – Ақайұлы. Сұлтандар өздерінің түптеріне жететін батырды қатардағы қара көріп, елемей, оның ата-бабасын білмеген де болар; 

Сұлтандар шапқыншылыққа Раманқұл да қатысты деп көрсетеді. Соған қарағанда, «қашқан қоян жатқан қоянды да ала кеткен». Бүкіл халық тайлы-таяғымен дүрк көтеріліп жатқанда, көзге шыққан сүйелдей би қалай жалғыз қалмақ? Бәлкім, олжа бөлісуге қатысқан. 

...Орыс өктемдігінің кесірінен келген бұл аласапыран қара халықты мүлде тұралатып кетті, ата-жұрттарынан босты, халық саны азайды, мал-мүліктерінен айырылды, талай қыздар мен әйелдер күңдікке кетті, талай азаматтар бірде ол жаққа, бірде бұл жаққа өтіп, сергелдеңге түсті.

Сергелдеңге түскен елде халықты ұйым­дас­тыра білген батырлардан өзге сүйеніш қал­мады.

Солардың да ішінде табандары таймас­тан қай сойқан, қай қанкешулерде де бі­рін бірі демеп, қара қазақтың қалқаны бол­ған үш тұлға бар. Ол майдан Жанқожа Нұрмұхам­мед­ұлы, қарасақал Дабыл Бекшин, қаракесек Ақтан Ақайұлы. Бұлар алмағайып заманда табандары тайып көрмеген, қашанда халқы үшін қан кешкен таласы жоқ ірі тұлғалар. 

Ақтан Ақайұлы жасы ұлғайғандықтан Сыр­ бойындағы алпысыншы жылдардың ала­са­пыранына қатыса алған жоқ. Ізіне ерген аз ғана ағайынымен Мұғаджар тауының сілем­де­рінде қоныстап отырған. Бейіті Ақтөбе об­лы­сына қарасты Тебенсай деген жерде. Өз ажа­лынан қайтты. 

Өз ажалынан өлген Дабыл Қызылда, қа­зір­гі Өзбекстан аумағында тыным тауып жатыр. Айтушылар Жанқожаның бейітінен таң­сәріде тұнық кезде қараса, көрінеді дейді. Екеуі­нің араларынан – Жанқожа бейітінің оң­түстігінен таяқ тастам жерден – шекара торы өтеді. 

1856-1857 жылдардағы Қазалыдағы қан­ды қырғыннан соң қыстың көзі қырауда ата қоныстан негізінен кішкенелер дүрк көтеріліп, Қы­зылқұм аймағына көшкен-ді. Ол жақта жалпақ ел отырған соң, оның үстіне көтеріліс басшысы Жанқожа Нұрмұхаммедұлы тірі, орыс өкіметінің ішкен астары бойларына сіңбей қатты алаңдаулы еді. Бұл іс 1853 жылы Ақмешіт алынғаннан кейін шөмекейдің қатардағы биі «сразу старшина», іле-шала подполковник шеніне көтерілген, кеше ғана батырға орыстарға шабалық деп жалбарынып, бүгін оларға жанын сала қызмет етіп жүрген сұлтан Ермұхаммед Қасымовқа тапсырылды. Ол Ақмешіттен алты жүз қарақшы жасақтап, бейқам кезде ел тонады, кісі өлтіріп, қарт батыр Жанқожаны жалғыз үйде намаз үстінде мерт етті. 

Хиуа жағында жүрген Жанқожаның айнымас серігі, қарт батыр Дабыл қолдарына түскен жоқ. 

Бұл 1860 жылдың ерте көктемі. 

Бұдан соң жазда арнаулы жасақ шыға­руға соғыс министрлігінен қаржы сұрап отыр­ған генерал-губернатор В.И.Катенин сол­ министрлікке көтеріліс ошағының мүл­де шығынсыз, қаржылық жағынан да, ең бастысы, саяси жағынан да тиімді жағ­дайда қазақтардың өздері тындырып бер­гендігін шешесі ұл тапқандай қуана хабар­лайды. Тағы да бір өкініштісі, Дабыл Бекшиннің қолға түспеуі (Дабыл бұл кезде тоқсанның үстінде-тұғын – М.Қ). Сөзбе-сөз келтірсек: «...Уничтожение шаек, смерть такого влиятельного батыра как Джанходжа и добровольное передание Бюре несомненно производит большое приветствование, влияние на киргиз, и по всей вероятности надолго отобъет у них охоту к мятежным попыткам. 

Из всех предводителей хищников один только карасакаловец Дабыл Бекшин не по­пался в руки и до сих пор находится в хивинских владениях». 

Қазақтың мойнына темір қамыт түсті. Ғасыр­лар қалыптастырған сертке берік, қасық қанын халқына қиюға пейіл далалық дәс­түрдегі қайран да қайран хас батырлардың ең соңғы тұяқтары солай да солай ар-ұяттары таза күйінде өтті жалғаннан. 

Молдахмет Қаназ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға