Жаңалықтар

Қазақтың патриот азаматы

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақстан-2050 Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жолдауының бір бөлімі «ұлттық интеллигенцияның рөліне» арналған.
02.03.2014 20:17 9162

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақстан-2050 Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жолдауының бір бөлімі «ұлттық интеллигенцияның рөліне» арналған. Бұл бөлімде елбасы: «Интеллигенция қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек. Олар заманға сай және болашаққа құлшынысты болуға тиіс. Интеллигенция менің пайымдауымдағы Қазақстан-2050 Жаңа саяси бағыты негізінде ел болашағының ментальді, дүниетанымдық үлгісін жобалауда негізгі рөлді қолға ала алады және алуға тиіс. Біз жастарымыз бағыт алып, бой түзеуге тиіс өз заманымыздың жаңа қаһармандарын көрсету және жасауымыз керек» деп айтқан.

Мұстафа Шоқайдың ұлт зиялыларына берген анықтамасы бойынша белгiлi бiр мұрат-мақсаттарды көздеген және сол белгiлi мұрат пен мақсаттардың айналасында жүрген  оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады деген. Олардың қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтiк дамуына барынша қызмет ете алатын адамдар ғана кiре алады” деп айтып, “зиялылардың мiндетi ұлы да қасиеттi болуына байланысты өте ауыр” деген қорытынды жасаған.

Ұлт зиялылары қазақ халқының өміріне, ұлт тарихына саяси жағынан араласып, қалыптастырып, дамуына септігін тигізуі керек. Сондай тұлғалардың бірі «Қазақтың қамын жемеген, нанын да жемесін» деген құдіретті сөздің иесі, ұлтымыз үшін қам жеген, ерінбей еңбек етіп жүрген ұлт жанашыры Бекболат Тілеухановтай азаматтарымыздың еңбектері қазақ тарихының жаңа беттерін жаңа оқиғалармен толықтыруда. Қарағанды облысының тумасы, орта мектепті алтын медальмен бітірген Бекболат аға өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар көрсете алатын, нағыз патриот азамат.

Жалпы ұлт зиялысы деп тапқа да, партияға да кiрмейтiн, не болмаса белгiлi кәсiпқойлардың ұйым мүшелерi де емес, ол тiптi әлеуметтiк топ­қа да жатпайтын әртектi, әртүрлi мамандықтардағы азаматтар жиынтығы деп Аманхан Әлімұлы анықтама берген екен. Бекболат Тілеуханұлы да саясатқа қатысы жоқ мамандықтар бойынша білім алған. Ол қазақ политехникалық институтының металлургия факультетін, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының халық аспаптары факультетін тәмәмдаған. Өнер жолында жүрген ағамыз қызмет жолын Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясынан бастап, ҚР Парламент Мәжілісінің депутатына дейін көтерілген.

Дәстүрлі әндерді қазақтың қара домбырасы мен қобызы арқылы айтатын талант иесі:

 

Арайлап таңым, асқақтап тауым,

Ән ойнап көгім, күй тартты көлім.

Қол жетті, міне, аңсаған күнге,

Жасай бер, жаса, қазағым менің

 

– деп ән шырқағанда Ақан сері қайта оралғандай күйге еніп, патриоттық сезіміңіз арта түседі. Қадыр Мырза Әлидің: «Бекболат болмаса қазақтың халық әндерінің отыз тісі төгіліп аузынан түсер еді» деп аса бағалауының жөні бар.

Сөйлегенде сөздің майын тамызатын шешен Бекболат Тілеухан қазақтың аяулы перзенті, әншісі, өнертанушы, қоғам қайраткері. Хакім Абайдың сөздерін үтір, нүктесіне дейін жатқа білетін ойлы зиялы. Көзі ашық ілім иесі.
 

Қазақтың қамын ойлап, сүтке тоймай қалған нәрестедей шырылдап жүретін Бекболат Тілеухан шындықты бетке басып айтатын, нағыз шыншыл азамат. «Сөз сүйектен өтеді», «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген мақал дәл осы Бекболат ағаға арналғандай.  Ақты ақ деп, қараны қара деуші адамдар болмаса мына, өмірдің мәні де, сәні де кететіні анық.

Республикалық Ұлан жанындағы Президент оркестрі халық музыка ансамблі жетекшісі, кейін Президент оркестрінің көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарған ағамыздың бойында Қазақстанға деген ыстық ықыластың бар екенін ән жолдарынан, сөздерінен аңғаруға болады. Өнерде сіңірген еңбегі үшін Роза Бағланова атындағы сыйлықтың лауреаты, Дарын Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі атағына ие болды. 2001 жылғы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Мәдениет Комитетінің Төрағасы қызметіне  тағайындалып, 2002 жылдан бастап 2004 жылға дейін Қазақстан Республикасының Мәдениет вице-министрі орнына келеді.

Осы жылдың ақпан айынан бері ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірінші вице-президенті болып қызмет атқарып жүр.

Аманхан Әлiмұлының «Ұлтымыз интеллигенциядан не күтедi?» атты мақаласында Қазақстанда интеллигенцияның төрт тобы бар деп келтірген. Олардың бiрiншiсi – таза қазақ тiлiнде сөйлеп, өзге тiлдердi жақсы меңгергендер; екiншiсi – басқа тiлдердi жақсы бiлiп, өз тiлiн шала-шарпы игерiп, немесе одан тiптi мақұрым қалғандар, үшiншiсi – орыс интеллигенциясы, төртiншiсi – өзге ұлыстар мен ұлттардан құрыл­ған интеллигенция өкiлдерi деп ойын білдірген.

Жоғарыда айтылғандай қазақтың тілін де, дінін де бірінші орынға қоятын Бекболат Тілеухан ұлт интеллигенциясының бірінші сатысында тұратын халқымыздың біртуар азаматы.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға