Жаңалықтар

Қани Арман Бақтанұлы

Арман Қани 1954 жылы, 22 ақпанда Павлодар қаласында туған. Жаяу Мұсаның туған жиеншары, Мәдидің аталас ағайынының ұрпағы, Арқаның екі бірдей күрескер ақын-композиторын өмірде де, өнерниетте де өзіне үлгі тұтып өскен. Арманның алғашқы өлеңдеріне 1980 жылдардың бас кезінде, республикалық әдеби басылымдар беттерінде қазақ поэзиясының көрнекті тұлғалары Жұмекен Нәжімиденов, Қуандық Шаңғытбаев жылы лебіз білдіріп, шығармашылығына сәт сапар тілеген. Тұңғыш жинағына Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбай толымды пікір білдірді. Топтама өлеңі Қазақстан жас ақындарының «Қарлығаш» ұжымдық жыр жинағына (Алматы, 1984 ж.) енген. «Ар алдында» (Павлодар, 2001 ж.), «Қызыл түнектегі ақ бұрқақ», «Тамшылар» (Павлодар, 2004 ж.), «Шындықпен бетпе-бет» (Алматы, 2006 ж.), «Жұлдызды тұман» (Павлодар, 2008) жыр жинақтары жарық көрген. А. Қани - Қазақстан шығармашыл жастары «Жігер» фестивалі дипломының иегері (Алматы, 1983 ж.), Павлодар қаласы шығармашыл зиялылары «Қауышу» слётінің «Жылдың үздік ақыны» атағы иегері (2001 ж.), «Бір өлең - бір әлем» республикалық мүшәйрасының І орын жүлдегері (Алматы, 2008 ж.), Павлодар облысы мен облыстық радионың 70 жылдығына арналған «Туған жер - алтын діңгек» республикалық мүшәйрасы бас жүлдесінің жеңімпазы (Павлодар, 2008 ж.). Арман Қанидың ақындық тағдыры өзі шамалас ақындардікінен өзгеше, азаматтық сыршыл жырларындағы «лирикалық мені» де өзгешелеу. Өйткені ол жасөспірім шағынан еліміздің егемендігін көздеген ұлтшыл ретінде отаршылдыққа қарсы күресуге бел буған және саяси іс-әрекеттері үшін кәмелет жасына толмай «саяси сенімсіз» адамдар санатына жатқызылып, қудалауға ұшыраған. Ол осыдан тұп-тура қырық жыл бұрын, 1969 жылы, Павлодар қаласындағы №3 мектеп-интернатта оқып жүрген кезінде, ұлтшыл жасөспірімдердің «Жас ұлан» атты жасырын саяси ұйымын құрып, жұртшылықты кеңестік отаршылдыққа қарсы бас көтеруге шақырған өлеңдер жазып, үнпарақтар таратқан. Ұйымды МҚК (КГБ) басқармасы әшкерелеген соң, бірнеше серігімен бірге «Ұлттық саясат мәселесіндегі идеялық-саяси қателігі үшін» деген айыппен комсомол қатарынан шығарылды, оқу-үлгерім табеліне тәртібі «3» деген баға қойылып, «өз еркімен» мектептен қуылды. Білім алу құқына қол сұғылып, баспасөз бостандығына шектеу қойылған ол ұзақ жылдар бойы жұмысшы болып істеген. Сол кезеңде ұлтшылдық, азаматтық мұрат-мүддесін саяси іс-әрекеттер арқылы жүзеге асыруға ұмтылды: 1986 жылы, Павлодар қаласында бір топ серігімен Алматыдағы желтоқсаншыларға үн қосуға әрекеттенді, 1989-1990 жылдары «Невада-Семей», «Азат» қозғалыстарының, «Қазақ тілі» қоғамының Павлодар облыстық ұйымдарын құруға атсалысып, қоғамдық-саяси істерге белсене араласты. Арман Қани орта мектепті де (1976 ж.), жоғары оқу орнын да (ПМУ-дың филология факультеті, 1995 ж.) өз құрбы-құрдастарынан көп кейін, сырттай оқып тамамдаған. 1990 жылдардың бас кезінен бері бұқаралық ақпарат құралдарында журналистік қызмет атқаруда. Қазір халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Павлодар облыстық ұйымы «Ертіс дидары» газетінің редакторы болып істейді. Дереккөзі: Павлодар облысының әкімдігі
08.04.2013 03:16 4826

Арман Қани 1954 жылы, 22 ақпанда Павлодар қаласында туған. Жаяу Мұсаның туған жиеншары, Мәдидің аталас ағайынының ұрпағы, Арқаның екі бірдей күрескер ақын-композиторын өмірде де, өнерниетте де өзіне үлгі тұтып өскен.

Арманның алғашқы өлеңдеріне 1980 жылдардың бас кезінде, республикалық әдеби басылымдар беттерінде қазақ поэзиясының көрнекті тұлғалары Жұмекен Нәжімиденов, Қуандық Шаңғытбаев жылы лебіз білдіріп, шығармашылығына сәт сапар тілеген. Тұңғыш жинағына Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбай толымды пікір білдірді.

Топтама өлеңі Қазақстан жас ақындарының «Қарлығаш» ұжымдық жыр жинағына (Алматы, 1984 ж.) енген. «Ар алдында» (Павлодар, 2001 ж.), «Қызыл түнектегі ақ бұрқақ», «Тамшылар» (Павлодар, 2004 ж.), «Шындықпен бетпе-бет» (Алматы, 2006 ж.), «Жұлдызды тұман» (Павлодар, 2008) жыр жинақтары жарық көрген.

А. Қани - Қазақстан шығармашыл жастары «Жігер» фестивалі дипломының иегері (Алматы, 1983 ж.), Павлодар қаласы шығармашыл зиялылары «Қауышу» слётінің «Жылдың үздік ақыны» атағы иегері (2001 ж.), «Бір өлең - бір әлем» республикалық мүшәйрасының І орын жүлдегері (Алматы, 2008 ж.), Павлодар облысы мен облыстық радионың 70 жылдығына арналған «Туған жер - алтын діңгек» республикалық мүшәйрасы бас жүлдесінің жеңімпазы (Павлодар, 2008 ж.).

Арман Қанидың ақындық тағдыры өзі шамалас ақындардікінен өзгеше, азаматтық сыршыл жырларындағы «лирикалық мені» де өзгешелеу. Өйткені ол жасөспірім шағынан еліміздің егемендігін көздеген ұлтшыл ретінде отаршылдыққа қарсы күресуге бел буған және саяси іс-әрекеттері үшін кәмелет жасына толмай «саяси сенімсіз» адамдар санатына жатқызылып, қудалауға ұшыраған.

Ол осыдан тұп-тура қырық жыл бұрын, 1969 жылы, Павлодар қаласындағы №3 мектеп-интернатта оқып жүрген кезінде, ұлтшыл жасөспірімдердің «Жас ұлан» атты жасырын саяси ұйымын құрып, жұртшылықты кеңестік отаршылдыққа қарсы бас көтеруге шақырған өлеңдер жазып, үнпарақтар таратқан. Ұйымды МҚК (КГБ) басқармасы әшкерелеген соң, бірнеше серігімен бірге «Ұлттық саясат мәселесіндегі идеялық-саяси қателігі үшін» деген айыппен комсомол қатарынан шығарылды, оқу-үлгерім табеліне тәртібі «3» деген баға қойылып, «өз еркімен» мектептен қуылды.

Білім алу құқына қол сұғылып, баспасөз бостандығына шектеу қойылған ол ұзақ жылдар бойы жұмысшы болып істеген. Сол кезеңде ұлтшылдық, азаматтық мұрат-мүддесін саяси іс-әрекеттер арқылы жүзеге асыруға ұмтылды: 1986 жылы, Павлодар қаласында бір топ серігімен Алматыдағы желтоқсаншыларға үн қосуға әрекеттенді, 1989-1990 жылдары «Невада-Семей», «Азат» қозғалыстарының, «Қазақ тілі» қоғамының Павлодар облыстық ұйымдарын құруға атсалысып, қоғамдық-саяси істерге белсене араласты.

Арман Қани орта мектепті де (1976 ж.), жоғары оқу орнын да (ПМУ-дың филология факультеті, 1995 ж.) өз құрбы-құрдастарынан көп кейін, сырттай оқып тамамдаған. 1990 жылдардың бас кезінен бері бұқаралық ақпарат құралдарында журналистік қызмет атқаруда. Қазір халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Павлодар облыстық ұйымы «Ертіс дидары» газетінің редакторы болып істейді.

Дереккөзі: Павлодар облысының әкімдігі

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға