Жаңалықтар

Жаны жайсаң ағатайым!

1972 жылы М.Әуезов атындағы 2 жылдық студияны бітіріп, жолдамамен Жамбыл облыстық қазақ драма театрына бір топ жас «артист» болып қабылдандық. Театрда сол жылдары  жастар өте аз, жоқтың қасы екен. Бірақ театрдың аға буыны, театрдың іргесін қалаған керемет тума таланттар: Ш.Сакиев, М.Сакиев, М.Табанов, М.Салықов, А.Ружева, М.Жұмағұлов, Ж.Шүленбаев, Ә.Дүйсекеновалармен бірге жаны жайсаң ағатайым Оразғали Әбділманов сынды  өнер тұлғалары бар еді. Осы кісілердің өнеріне керемет тәнті болдым және көп үйрендім. Театр табалдырығын аттай сала С.Жүнісовтың «Тұтқындарында», одан кейін іле-шала С.Шаймерденовтың «Әнім сен едіңінде», Ян Соловичтің  «Түлен түрткен тіленшісінде» т.б. Оразғали ағамен партнер болып ойнадым. Ағамен партнер болып ойнау өте қызық еді. Әр образға ол кісі қызық дайындалатын. Мен ол кезде жас едім, ол кісінің жасаған образдарына қатты таң қалып, сүйсініп қараушы едім. Бәрі-бәрі есімде, көз алдымда. Мысалы бәріміз жаңа қойылымның алғашқы стол басындағы дайындығында отырамыз. Бір рет оқығаннан кейін Орекең  кейіпкерінің іс әрекетін тауып алады да, орнынан тұрып кететін. Неше түрлі қимыл әрекет жасап, ішек сілемізді қатыратын. Әлі есімде, М.Әуезовтің «Қара Қыпшақ Қобыланды» қойылымында ол кісі Қараманды сомдады,  қолына, беліне неше түрлі құрал-сайманды тағып алатын. Біз «аға бұның бәрін  қалай көтеріп жүрсіз» десек, ағамыз «бұл образ, образ» деп күліп қоятын. Мен сол қойылымда Құртқаны ойнадым. Алғашқы премьера ойналып біткен соң, маңдайымнан сүйіп, «Сен қыз алысқа барасың, осы бетіңнен тайма, құтты болсын!» дегені маған қанат бітірді. Оразғали аға өмірде қарапайым, қалжыңбас болатын. Құрдастарымен де,  жастармен де қалжыңдасып жүре беретін. Ол кісі жүрген жер той-думан  еді. 1976 жылы Маман аға М.Шолоховтың «Тынық Дон» қойылымын екі кешке арнап сахналады. Сонда Оразғали аға Григорийдің әкесі Панталейді ойнады. Ағаның осы образы көз алдымда мәңгі қалыпты. Тұрысы, көз қарасы, салған гримі, әрекеті тура сол адамның өзі екеніне еріксіз сендіреді. Сол жылдары театр ұжымы жаз басталысымен екі-үш айлап ел аралап гастрольдік іс-сапарға шығатын. Театр ұжымы «бригада-бригадаға» бөлініп Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан республикаларының елді мекендерін аралауға жүріп кететін едік. Орекең администратор болып бір «бригаданы» алып шығатын. Сондай бір сапарда Өзбекстанның Бұхара облысында болған бір оқиға қатты есімде қалыпты. Таңертең Тамды деген ауылдан шығып, келесі ауылға  бара жатқанымызда жолдан адасып,автобусымыз құмға батып қалды. Күн ыстық, жігіттер ауыл іздеп жан-жаққа кетті. Үлкендер мен қыз-келіншектер автобуста қалдық. Ыстыққа да, шөлге де шыдай алмай аласұрдық. Ақыры радиатордың қайнаған суын да іштік, болмады. Қаталап өліп барамыз. Сонда бригадиріміз Оразғали аға автобустың текпешегіне отыра қалып: «А, құдай осылардың алдында мені ал, мен-ақ құрбан болайын», – деп күбірлеп, көзінен жасы тырс-тырс етіп жерге тамып отырғанын көріп, мен де егіліп жылап жібердім. Орекеңнің сол тілегі мен көз жасын Алла-тағлаһ естіді ме, біз аман қалдық. Сөйтсек, автобус құмға батқан жердің ар жағында, бір қыр ассаң қойшы ауылы бар екен, соған әрең дегенде жетіп құладық. Содан демалып, тамақтанып әл жинаған соң, күндізгі «өлім» аузында болған жағдайдың бәрін ұмытып әнге бастық. Сонда аға бізге қарап тұрып: «Бұл артист деген халыққа дауа бар ма», – деп жадырап күлді де, өзі де әнге басты. Ағаның дауысы қандай еді, сол түні таң атқанша аға тоқтамай ән салды. Әрине, бұл қуаныштың, өмірдің жайдары әні еді.  Аға туралы өте көп естелік айтуға болады. Кейін Талдықорған қаласында жаңа театр ашылғанда өмірлік серігі Алтын апа екеуі елге кетеміз деп, Талдықорғанға ауысып кетті. Бірақ біздің Жамбыл облыстық қазақ драма театрында қалдырған іздері мәңгі өшпейді. Жасап кеткен образдары театр тарихынан өшпек емес! Мен сізді мәңгі есімде сақтаймын, жаны жайсаң ағатайым. Мәкен Рақымжанова Қазақстан Республикасының халық әртісі
27.02.2013 16:55 4242

1972 жылы М.Әуезов атындағы 2 жылдық студияны бітіріп, жолдамамен Жамбыл облыстық қазақ драма театрына бір топ жас «артист» болып қабылдандық. Театрда сол жылдары  жастар өте аз, жоқтың қасы екен. Бірақ театрдың аға буыны, театрдың іргесін қалаған керемет тума таланттар: Ш.Сакиев, М.Сакиев, М.Табанов, М.Салықов, А.Ружева, М.Жұмағұлов, Ж.Шүленбаев, Ә.Дүйсекеновалармен бірге жаны жайсаң ағатайым Оразғали Әбділманов сынды  өнер тұлғалары бар еді. Осы кісілердің өнеріне керемет тәнті болдым және көп үйрендім.

Театр табалдырығын аттай сала С.Жүнісовтың «Тұтқындарында», одан кейін іле-шала С.Шаймерденовтың «Әнім сен едіңінде», Ян Соловичтің  «Түлен түрткен тіленшісінде» т.б. Оразғали ағамен партнер болып ойнадым. Ағамен партнер болып ойнау өте қызық еді. Әр образға ол кісі қызық дайындалатын. Мен ол кезде жас едім, ол кісінің жасаған образдарына қатты таң қалып, сүйсініп қараушы едім.

Бәрі-бәрі есімде, көз алдымда. Мысалы бәріміз жаңа қойылымның алғашқы стол басындағы дайындығында отырамыз. Бір рет оқығаннан кейін Орекең  кейіпкерінің іс әрекетін тауып алады да, орнынан тұрып кететін. Неше түрлі қимыл әрекет жасап, ішек сілемізді қатыратын. Әлі есімде, М.Әуезовтің «Қара Қыпшақ Қобыланды» қойылымында ол кісі Қараманды сомдады,  қолына, беліне неше түрлі құрал-сайманды тағып алатын. Біз «аға бұның бәрін  қалай көтеріп жүрсіз» десек, ағамыз «бұл образ, образ» деп күліп қоятын. Мен сол қойылымда Құртқаны ойнадым. Алғашқы премьера ойналып біткен соң, маңдайымнан сүйіп, «Сен қыз алысқа барасың, осы бетіңнен тайма, құтты болсын!» дегені маған қанат бітірді.

Оразғали аға өмірде қарапайым, қалжыңбас болатын. Құрдастарымен де,  жастармен де қалжыңдасып жүре беретін. Ол кісі жүрген жер той-думан  еді.

1976 жылы Маман аға М.Шолоховтың «Тынық Дон» қойылымын екі кешке арнап сахналады. Сонда Оразғали аға Григорийдің әкесі Панталейді ойнады. Ағаның осы образы көз алдымда мәңгі қалыпты. Тұрысы, көз қарасы, салған гримі, әрекеті тура сол адамның өзі екеніне еріксіз сендіреді.

Сол жылдары театр ұжымы жаз басталысымен екі-үш айлап ел аралап гастрольдік іс-сапарға шығатын. Театр ұжымы «бригада-бригадаға» бөлініп Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан республикаларының елді мекендерін аралауға жүріп кететін едік. Орекең администратор болып бір «бригаданы» алып шығатын.

Сондай бір сапарда Өзбекстанның Бұхара облысында болған бір оқиға қатты есімде қалыпты. Таңертең Тамды деген ауылдан шығып, келесі ауылға  бара жатқанымызда жолдан адасып,автобусымыз құмға батып қалды. Күн ыстық, жігіттер ауыл іздеп жан-жаққа кетті. Үлкендер мен қыз-келіншектер автобуста қалдық. Ыстыққа да, шөлге де шыдай алмай аласұрдық. Ақыры радиатордың қайнаған суын да іштік, болмады. Қаталап өліп барамыз. Сонда бригадиріміз Оразғали аға автобустың текпешегіне отыра қалып: «А, құдай осылардың алдында мені ал, мен-ақ құрбан болайын», – деп күбірлеп, көзінен жасы тырс-тырс етіп жерге тамып отырғанын көріп, мен де егіліп жылап жібердім.

Орекеңнің сол тілегі мен көз жасын Алла-тағлаһ естіді ме, біз аман қалдық. Сөйтсек, автобус құмға батқан жердің ар жағында, бір қыр ассаң қойшы ауылы бар екен, соған әрең дегенде жетіп құладық. Содан демалып, тамақтанып әл жинаған соң, күндізгі «өлім» аузында болған жағдайдың бәрін ұмытып әнге бастық. Сонда аға бізге қарап тұрып: «Бұл артист деген халыққа дауа бар ма», – деп жадырап күлді де, өзі де әнге басты. Ағаның дауысы қандай еді, сол түні таң атқанша аға тоқтамай ән салды. Әрине, бұл қуаныштың, өмірдің жайдары әні еді. 

Аға туралы өте көп естелік айтуға болады. Кейін Талдықорған қаласында жаңа театр ашылғанда өмірлік серігі Алтын апа екеуі елге кетеміз деп, Талдықорғанға ауысып кетті. Бірақ біздің Жамбыл облыстық қазақ драма театрында қалдырған іздері мәңгі өшпейді. Жасап кеткен образдары театр тарихынан өшпек емес!

Мен сізді мәңгі есімде сақтаймын, жаны жайсаң ағатайым.

Мәкен Рақымжанова
Қазақстан Республикасының халық әртісі

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға