Жаңалықтар

«Чушпан»: Алматыда әйел оқушыларды балағаттады

«Чушпан»: Алматыда әйел оқушыларды балағаттады
Фото: Видеодан алынған кадр 29.12.2023 16:32 1760

Журналист Шолпан Әли facebook-тегі парақшасында Алматы мектептерінің бірінде Жаңа жыл кешінде болған келеңсіз жайтты жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Белгілі болғандай, шыршаны жоғары сынып оқушылары бастауыш сынып оқушыларына арнап тегін ұйымдастырып жатқан. Ұйымдастырылу деңгейін көңілі толмаған ата-ананың бірі оқушыларға ұрыса бастаған. Дөрекі сөздерге шыдамаған жасөспірімдердің бірі кешті ұйымдастыруды әйелдің өзіне ұсынған. Осыдан соң ол ашуға мініп, балаларды балағаттап, тіпті қыздардың біріне тап берген. Біреуін «чушпан» десе, тағы бір қызды жеңіл жүрісті әйелдерге теңеген.

Алматы қалалық Білім басқармасының мәліметінше, бұл іс-шараға ата-аналарға кіруге тыйым салынған, сөйте тұра кейбірі «балаларымызға киінуге көмектесеміз» деген сылтаумен мұғалімдер арқылы кірген. 1 «Г» сынып оқушысының анасы да баласына осылай қол ұшын созбақ болып келіп, сонан соң іс-шараға қоса барған. Сол жерде ұйымдастырушыларға наразылығын жеткізіп, тіпті балағат сөздер де айтқан.

Мектеп әкімшілігі әйелді тоқтатпақ болғанымен, оларға да бағынбаған соң, полиция шақыртқан. Қазір істі Медеу аудандық ішкі істер бөлімі қарап жатыр.

Ал жәбір көрген оқушылардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. 

Ескерту: бейнеде бейпіл сөздер кездеседі!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға