Чипсы, газды сусын, фастфуд: ультраөңделген тағамдар ағзаға қалай әсер етеді?

Чипсы, газды сусын, фастфуд: ультраөңделген тағамдар ағзаға қалай әсер етеді?
Фото: magnific.com

Күнделікті дүкеннен сатып алатын тәтті сусын, чипсы, дайын таңғы ас немесе мұздатылған тағамдардың бір бөлігі ультраөңделген өнімдерге жатады. Мұндай тағамдар дәмді әрі тез дайын болғанымен, оларды шамадан тыс тұтыну денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін. Зерттеулер ультраөңделген өнімдерді көп жеу созылмалы қабынудан бастап кейбір аурулардың қаупін арттыруы ықтимал екенін көрсетеді.

Ультраөңделген тағам деген не?

Ультраөңделген тағамдар – өндірісте бірнеше сатыдан өтіп, бастапқы табиғи қалпы едәуір өзгерген өнімдер. Оларды дайындау кезінде тазартылған ингредиенттермен бірге эмульгаторлар, қоюландырғыштар, хош иістендіргіштер және басқа да қоспалар пайдаланылуы мүмкін.

Мұндай өнімдердің басты ерекшелігінің бірі – ұзақ сақталуы және бірден тұтынуға дайын болуы.

Ультраөңделген өнімдер қатарына тәтті газды сусындар, чипсы мен кептірілген нан өнімдері, кейбір дайын таңғы астар, балмұздақ, шоколад, наггетс, хот-дог, фри және басқа да фастфуд түрлері кіреді.

Ұлыбритания, АҚШ және Канадада жүргізілген зерттеулерде адамдар күнделікті тұтынатын калорияның жартысынан астамы осындай тағамдардың үлесіне тиетіні көрсетілген.

Ағзаға қандай әсері бар?

Өнім бірнеше рет өндірістік өңдеуден өткен сайын оның табиғи құрылымы өзгереді. Соның салдарынан тағам құрамындағы талшықтар, дәрумендер, минералдар мен басқа да пайдалы заттардың мөлшері азаюы мүмкін. Алайда ғалымдар мәселе тек қоректік заттардың аздығында емес екенін айтады.

Италияда 20 мыңнан астам ересек адамның денсаулық көрсеткіштері зерттелген. Нәтижесінде ультраөңделген өнімдерді көп тұтынған адамдарда мезгілсіз қайтыс болу қаупінің жоғарылағаны байқалған.

Ал шамамен 50 мың америкалық ер адамның деректеріне сүйенген тағы бір зерттеуде мұндай тағамдарды көп жеу тоқ ішек қатерлі ісігінің даму қаупінің артуымен байланысты болған.

Зерттеушілердің пайымдауынша, ультраөңделген өнімдердің зиянын тек олардың құрамындағы дәрумендер мен басқа пайдалы заттардың аздығымен түсіндіру жеткіліксіз. Сондықтан мұндай өнімдерге қосымша дәрумен қосу оларды автоматты түрде пайдалы тағамға айналдырмайды.

Ағзада қабыну пайда болуы мүмкін

Ғалымдар назар аударған тағы бір мәселе – қабыну. Италиялық зерттеуде ультраөңделген өнімдерді тұтыну артқан сайын қатысушылардың ағзасындағы қабыну көрсеткіштері де жоғарылаған.

Қабыну – ағзаның қауіпке қарсы табиғи қорғаныс реакциясы. Мысалы, адам жарақат алғанда немесе ағзаға инфекция түскенде иммундық жүйе іске қосылады. Қауіп жойылғаннан кейін бұл процесс те тоқтауы керек.

Ал ағза ұзақ уақыт бойы қабыну жағдайында болса, оның денсаулыққа кері әсері болуы ықтимал. Зерттеушілер ультраөңделген тағамдарды жиі тұтыну иммундық жүйенің тұрақты белсенділігіне әсер етуі мүмкін деп болжайды.

Бұл құбылыс кей зерттеулерде бейресми түрде «фастфуд қызбасы» деп аталады. Дегенмен ультраөңделген өнімдердің нақты қай компоненті иммундық реакцияны қоздыратыны әлі толық анықталған жоқ.

Неге мұндай тағамнан бас тарту қиын?

Ультраөңделген өнімдердің кең таралуының бір себебі – олардың қолжетімді әрі тұтынуға ыңғайлы болуы. Дайындауға көп уақыт кетпейді, ұзақ сақталады және дәмі де тұтынушыны қайта сатып алуға ынталандыратындай жасалады.

Оған жарнама мен өнімнің тартымды қаптамасын қосқанда, күнделікті рациондағы мұндай тағамдардың үлесін азайту оңай емес.

Сондай-ақ дүкен сөресіндегі өнімнің ультраөңделгенін бір қарағанда анықтау қиын болуы мүмкін. Сондықтан мамандар ең алдымен қаптамадағы құрамына назар аударуға кеңес береді.

Егер өнім құрамында көптеген қоспа, эмульгатор, қоюландырғыш, ақуыз изоляты, жасанды хош иістендіргіштер және үй жағдайында ас дайындағанда әдетте қолданылмайтын басқа ингредиенттер көп болса, оны жиі тұтынбаған жөн.

Ультраөңделген тағамнан толық бас тарту міндетті емес. Дегенмен күнделікті ас мәзірінде көкөніс, жеміс-жидек, дәнді дақылдар және барынша аз өңделген табиғи өнімдердің үлесін арттыру денсаулық үшін тиімді таңдау болмақ.

Оқи отырыңыз