Chery, Cruze және тағы басқалары: Қазақстанда сатылуы қиын бес көлік

Chery, Cruze және тағы басқалары: Қазақстанда сатылуы қиын бес көлік
Фото: AI көмегімен жасалды

Сатылуы қиын көлік міндетті түрде сапасыз деген сөз емес. Көбіне мәселе брендтің немесе белгілі бір модель буынының беделіне байланысты болады. Бір көлік иелері өз автокөлігімен жылдар бойы еш ақаусыз жүріп, сатып алғанына риза болса, дәл сондай көлікті басқа адамдар бірнеше апта бойы сатып, бірде-бір қоңырау күтпеуі мүмкін. Қазақстанның екінші нарығында осындай екіұшты бедел қалыптасқан бес модельді назарларыңызға ұсынамыз.

Chery Tiggo 2 Pro (2021 жылдан бері)

Бұл модель көлік иелерін екі лагерьге бөледі. Бірі оны салоны гуілдейтін, динамикасы әлсіз көлік деп сынаса, енді бірі 249 мың шақырымға дейін мініп, клиренсін, үнемділігін және Aisin қорабын мақтайды. Қазір нарықтағы орташа бағасы шамамен 5,5 миллион теңге.

Мәселе көліктің өзінде емес, брендке деген сенімде болып отыр. Екінші нарықтағы сатып алушылар вариатордан, сондай-ақ кейбір иелері жазған ABS және EPS жүйелерімен байланысты ақаулардан қауіптенеді. Сондықтан ұқсас ақшаға көпшілікке түсініктірек корей немесе жапон көлігін таңдауға бейім.

Volkswagen Golf, 7-буын (2012-2017 жылдар)

Қазақстанда бұл брендтің танымалдығы айтарлықтай төмендеді. Мұның себебі нақты бір көлікке емес, брендтің жалпы беделіне байланысты.

Бұрынғы әлсіз модельдердегі сықырлайтын пластик пен электр жүйесіндегі ақаулар Golf топтамасына деген сенімге кері әсер еткен. Бұл қатарда сәтті шыққан жетінші буын да бар.

Нақты осы нұсқаның иелері негізінен көлігіне көңілі толады. Олар динамикасын, ықшамдылығын және қызмет көрсету құнының қолжетімділігін атап өтеді. Кейбірі тіпті көліктің басқарылуын Porsche Cayman-мен салыстырады.

Хабарландырулардағы орташа бағасы шамамен 7 миллион теңге. Көлікті сатып алу қиын емес, алайда кейін қайта сату брендтің Қазақстандағы жалпы беделіне байланысты қиындау болуы мүмкін.

Chevrolet Captiva, 1-буын (2006-2015 жылдар)

Бұл модельдің иелерінің пікірлері біршама оң. Көлікті жоғары отырысы, толық жетегі және кең салоны үшін мақтайды. Ал негізгі кемшіліктерінің қатарында дыбыс оқшаулаудың әлсіздігі және клапан қақпағының төсемін жыл сайын ауыстыру қажеттілігі аталады.

Кейбір иелері Captiva-мен Қазақстанның барлық өңірін ешқандай күрделі ақаусыз аралап шыққанын айтады.

Алайда оны қайта сату қиындау болуының себебі басқа. Бұл сегменттегі сатып алушылар көбіне Toyota RAV4 немесе Mitsubishi Outlander модельдеріне қарайды. Бағасы шамалас болған жағдайда Captiva техникалық сипаттамасынан емес, осы брендтердің танымалдығы жағынан ұтылады.

Екінші нарықтағы орташа бағасы қазір шамамен 6,5 миллион теңге.

SsangYong Actyon, 2-буын рестайлинг QJ (2013 жылдан бері)

Бұл бестіктегі ең бағаланбай жүрген көлік деуге болады. Иелерінің басым бөлігі толық жетегін, Mercedes-тен алынған шойын қозғалтқыш блогын және жүріс бөлігін мақтайды. Кейбір көлік иелері сегіз және одан да көп жыл бойы аспа жүйесіне күрделі жөндеу жасамағанын айтады.

Әрине, кемшіліктері де бар. Олардың қатарында ГРМ тізбегінің созылуы, трассадағы дыбыс оқшаулаудың әлсіздігі және сирек кездесетін толық жетек муфтасы аталады.

Орташа бағасы шамамен 7,4 миллион теңге. Алайда Қазақстанда брендтің танымалдығы төмен болғандықтан, сатып алушылар көбіне атауы белгілі модельдерді іздеп, Actyon-ды назардан тыс қалдырады.

Ravon R2, 1-буын (2015 жылдан бері)

Aisin қорабы мен тізбекті қозғалтқышы бар бұл шағын қалалық көлік негізінен оң пікір жинаған. Иелері отын шығынының аздығын және жүріс бөлігінің сенімділігін атап өтеді. Көптеген жүргізуші 200 мың шақырымдық жүрісті күрделі шығынсыз еңсергенін айтады.

Модельдің кемшіліктері аса маңызды емес. Атап айтқанда, жүксалғышы шағын және клиренсі төмен. Қардың қалыңдығы 10 сантиметрден асса, бұл мәселе туғызуы мүмкін.

Көліктің орташа бағасы шамамен 3,8 миллион теңге. Қайта сату қиындығының басты себебі – модельдің беделі мен мәртебесінің жоғары болмауы. Бұл көлік Chevrolet Cobalt секілді танымал бола алмады.

Осы бес модельдің мысалы көрсеткендей, көлікті екінші нарықта тез немесе қиын сатуға оның техникалық жағдайымен қатар, брендтің беделі, модельдің танымалдығы және сатып алушылардың қалыптасқан пікірі де әсер етеді.

Оқи отырыңыз